Ақтауда «Ұлттық Рух» қоғамдық бірлестігі және облыстық «Бекет ата» мешітінің бастамасымен «Ораза тартуы» акциясы басталды
Шара аясында дайындалған арнайы тізімдегі азық-түлік себеті тиісті адамдардың мекенжайына жеткізіледі. Яғни, ауызашар дәмі мұқтаж жанға табысталады.
Аталған акцияны мемлекеттік қызметшілер бірінші болып қолдады. Қалалық әкімдіктің қызметкерлері 150-ге жуық отбасыға Ауызашар апарды. Сондай-ақ, облыстық мәдениет басқармасы, өнер саласының өкілдері де атсалысты.
«Рамазан айы - жақсылық айы! Барша мұсылманды игі іске жұмылдыратын қасиетті мереке. Қасиетті айда шапағатымызды мұқтаж жандарға көрсетсек, сауабы еселенері сөзсіз. Сондықтан Маңғыстау халқын, барлық ұжымдарды атсалысуға шақырамын»,-деді облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы.
Шараға қолдау көрсетуге «Форте банк» АҚ облыстық филалының ұжымы да келді. Олар 50 отбасыға азық-түлік апаруға шешім қабылдаған.
Жалпы, Рамазан айының соңына дейін көмекке мұқтаж 2500-ден аса отбасыға ауызашар апару көзделген.