Петропавлда полицейлер карантин жағдайына қарамастан жұмыс істеген саунаны анықтады.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заңсыз жұмыс істеген саунаны тәртіп сақшылары рейд барысында анықтады.
Петропавлдағы екі кәсіпкер жексенбілік кешті саунада өткізбекші болады. Телефон арқылы қаладағы сауналардың бірінің иесімен келіседі. Ол да табыс таппақ болыпты. Қала тұрғындарының демалысын рейдте жүрген полицейлер тоқтатты.
1981 және 1985 жылы туған екі тұрғын да, 43 жастағы сауна иесі де төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жазаға тартылды. Әкімшілік соттың шешімімен олардың барлығына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«Қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынған іс-шаралардың маңызын барлығы бірдей түсіне бермейді. Мұндай рейдтік тексерістер жазалау мақсатын емес, азаматтардың тиісті деңгейде оқшаулануын қамтамасыз етуді көздейді. Карантин талаптарын қатаң сақтау - халық денсаулығын сақтауда міндетті шарт», - дейді Петропавл қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
СҚО-да төтенше жағдай режимін бұзғандарға 634 хаттама толтырылды. Көңіл көтеру орындарының – 29 және сауда орындарының 27 иесі жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 8 адамның карантиндік оқшаулау орнынан шыққандығы анықталды.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/sko-da-karantin-kezinde-zhumys-istegen-sauna-anyktaldy_a3644411