Шарын ұлттық паркінде түсірілген табиғатта сирек кездесетін альбинос қарақұйрықтың видеосы жарияланды.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында: «Біздің Шарын ұлттық паркіндегі инспекторлары телефонның камерасына альбинос қарақұйрықты түсіріп алды. Түсі аппақ түз тағысы – біз үшін үлкен сый. Себебі қарақұйрықтың ақ түсті түрі табиғатта жиі кездесе бермейді. Альбиностарға тіршілік ету қиын болса да бұл қарақұйрық аман қалар деп үміттенеміз», – деп жазды.
https://www.facebook.com/s.dildakhmet/videos/1588184777999734/?t=0
Видео: Сәкен Ділдахметтің парақшасынан алынды
Қарақұйрық Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
«Жануарлар әлемінде тері мен жүні, көзі табиғи сипаттан бөлек түсті аңдарды альбиностар деп атайды. Алайда табиғи ортада оларға тіршілік ету өте қиынға түсетінін көп адам біле бермейді. Сирек кездесетін түске ие аңдар көп жағдайда үйірінен шеттеліп қалады да, оларға көбею үшін жұп, тіршілік үшін азық табу қиынға айналады. Мұндай ғажайып – тумысынан меланиннің, яғни тері, жүні мен көзінің түсіне жауапты пигменттің жоқтығынан тұқым деңгейіндегі мутацияға байланысты болады», – деп жазады Сәкен Ділдахмет.
Альбинизм тұқымы әлсіз білінетін сипатқа ие. Яғни мұндай тұқымға жұптың екеуі де жатса ғана төл «аппақ» түсті болып дүниеге келеді. Ал егер мутацияланған тұқым жұптың біреуінде ғана болса төл кәдімгі түспен туады. Альбинос – өте сирек кездесетін табиғи құбылыс.