Еңбек еріне ескерткіш орнатылды
Еңбек еріне ескерткіш орнатылды
299
оқылды

Қостанайда даңқты механизатор Кәмшат Дөненбаеваға арналған ескерткіш-бюст ашылды. Ескерткіш-мүсін Жастар сарайы ғимаратының жанына орнатылды.

Қазақ халқының батыр қызы ғибратты ғұмырында Социалистік еңбек ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ленин, Құрмет белгісі ордендерінің иегері, КОКП XXV, XXVІ, XXVІІ съездерінің делегаты, Қостанай қаласының және Қостанай облысының құрметті азаматы атанды.

Тастұғырдың ашылу салтанатын облыс әкімі, Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалының т(рағасы Архимед Мұхамбетов құттықтау сөзімен ашты. Шараға Қостанай қаласының әкімі Қайрат Аxметов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов, ұлы Сырым Дөненбаев және зиялы қауым өкілдері мен жақындары қатысып, жылы лебізін білдірді.

– Кәмшат Байғазықызы ерте еңбекке араласып, озық тәжірибесімен көзге түсті. Бір дәуірдің аңызына айнала білді. Өзінің қажырлы еңбегімен небәрі отыз екі жасында Социалистік еңбек ері атанды. Халқымызда «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз бар. Апамыз трактор тізгіндеп қана қоймай, өзінің ошағындағы отын өшірген жоқ. Жолдасы Темірбек Қабдолұлы ағамызбен төрт баланы тәрбиелеп өсірді. Олар бүгінде Қостанайдағы беделді азаматтар қатарында. Батыр ананың есімі әрдайым жадымызда сақталады, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Осыған дейін қостанайлықтар даңқты жерлесінің құрметіне орай, «Кәмшат» атты кітап пен деректі фильмнің жарық көруіне атсалысты. Сондай-ақ Меңдіқара ауданындағы колледжге және облыс орта лығындағы көшелердің біріне қайсар қыздың есімі берілді.

– Бұл күн біз үшін естен кетпес мерейлі күндердің бірі болды. Осындай халқы барда Кәмшат Дөненбаеваның аты ешқашан өшпейді. Анамыздың қоғамға сіңірген еңбегі, айналасындағыларға жасаған жақсылығы көп болатын. Біз әрқашан оның жақсы ісін жалғастыруға ұмтылатын боламыз, – деді қызы Гүлжан Байкенова.

Салтанатты шарада сөз алған Қазақстанның Еңбек Ері, Nur Otan партиясының ардагері Сайран Бұқанов даңқты механизаторды бір ғана облыстың емес, күллі Қазақстанның мақтанышы деп бағалады.