Таеквондо: әлем чемпионатынан жалғыз жүлде бұйырды
Таеквондо:  әлем чемпионатынан жалғыз жүлде бұйырды
404
оқылды

Жақында ғана Манчестерде таеквондодан кезекті әлем чемпионаты аяқталып, жер жүзінің мықтылары үздіктерді анықтаған. Сынға Қазақстан құрамасы да қатысты. Бірақ бұл жолы біздің спортшылар жүлде тұғырынан көріне алған жоқ.

Тек 74 келі салмақ дәрежесіне дейін сынға түскен Қайрат Сарымсақов ғана медаль еншіледі. Ол жартылай финалға дейін жетіп, аталған кезеңде Рио Олимпиадасының чемпионынан жеңіліп қола жүлдені қанағат тұтты. Жеңілсе де Сарымсақов тұрақты нәтиже көрсету тұрғысынан көп командаласына үлгі бола алады. Осыдан екі жыл бұрын да Қайрат әлем үздіктерінің қатарына енген. Ал ұлттық құрама сапында сынға түскен өзге спортшыларымыздың көрсеткіші мынадай: 

3-орын – Қайрат Сарымсақов (74 келі)
5-орын – Смайыл Дүйсебай (87 келі)
9-орын – Руслан Жапаров (+87 келі)
9-орын – Эльдар Бірімбай (63 келі)
9-орын – Елдос Ысқақ (68 келі)
10-орын – Нұрсұлтан Мамаев (68 келі)
12-орын – Жансель Дениз (73 келі)
17-орын – Нұрлан Мырзабаев (80 келі)
19-орын – Фариза Алдоңғарова (53 келі)
25-орын – Фатима Жақсыбаева (62 келі)
25-орын – Мереке Жүнісова (+73 келі)
28-орын – Темірхан Самат (54 келі)
37-орын – Ақсәуле Ерқасымова (67 келі)
38-орын – Ботагөз Қапанова (57 келі)
38-орын – Айнұр Уашбай (46 келі)

Жүлдегер атанған Қайрат «негізгі мақсатым – алтын еді» дейді. «Осыдан екі жыл бұрынғы көрсеткішімді қайталап, әлем чемпионатында үздік үштік қатарына ендім. Әрине, бұл сынға алтын аламын деп келгенмін. Бірақ қола медаль бұйырғаны үшін де шүкіршілік етемін. Әлем біріншілігі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Кіл мықтылар бас қосқан додада жүлдегерлер қатарына ену де оңай емес. Алайда көкейімде алтын алсам деген арман қалды» дейді ол. 
Спортшының айтуынша, әлемдік бәсекедегі ең ауыр кездесу Португалия спортшысына қарсы өтті. Сол жекпе-жекте Қайраттың екі аяғының да табаны жыртылып кеткен. Әрине, жарақат жартылай финалда кері әсерін тигізбей қоймады. Ал финалға жолдама беретін кездесуде Рио Олимпиадасының чемпионына тап болды. Иорданиялық таеквондошы өте жас әрі талантты екен. «Бұған дейін онымен екі рет жолыққанмын. Оның шеберлігін мойындау керек» дейді Қайрат.