Рамос «реалдан» кете ме?
Рамос «реалдан» кете ме?
287
оқылды

Мадридтік «Реалдың» капитаны және қорғаушысы Серхио Рамос корольдік клубтан кетуге тас-түйін дайын. Бұл туралы әйгілі Marca басылымы хабарлайды.

33 жастағы футболшы мен клуб президенті Флорентино Перестің ара-қатынасы тым нашарлап кеткен. Перес әлі күнге команданың «Аякстан» жеңіліп қалғанын Рамостан көреді екен. Ал бұл капитанға ұнамайды. Сол кезде-ақ олардың арасындағы алғашқы дау туындаған. Сонда клуб президенті киіну бөлмесіне кіріп, ойыншыларға дауыс көтерген. Оның бұл қылығына ренжіген қорғаушы «Маған сенім артпай-ақ қой, кетемін» деп жауап берген. 
Рамосқа Қытайдан қаржылық тиімді ұсыныс түскені туралы ақпарат тараған. Мұндай жағдайда испандық клубтан өтемақы алмай-ақ кетуге дайын. Алайда Перес мұнымен келіспейді. 
«Рамосқа қытайлық клубтан өте жақсы ұсыныс түскені туралы айтылды, бірақ ол жақтағы ереже бойынша олар трансферді төлей алмас еді. Мен мұның Серхиоға мүмкін емес екенін айттым. Қазір «Реал» ойыншылары ішіндегі ең үлкен келісімшарт Рамосқа тиесілі. Ол команданың капитаны және осы міндетке лайықты. Ол біздің үздік ойыншымыз. Мен оны ұлым секілді жақсы көремін» депті клуб басшысы. 
Еске салсақ, футболшы «Реал» сапында 2005 жылдан бері ойнайды. Биыл қорғаушы 42 матчқа қатысып, 11 гол соғып, екі нәтижелі пас берген. Ал мадридтік клубпен келісімшарты 2021 жылдың жазына дейін есептелген. Биыл «Реалдың» нәтижесі көңіл қуантарлықтай болған жоқ. Клуб ел чемпионатын үшінші орынмен тамамдап, Чемпиондар лигасы мен ел кубогы бәсекесінде ұзаққа шаба алған жоқ.