Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Төтенше жағдай кезінде табысы көбейген салалар туралы пікір білдірді.
«Онлайн жеткізу қызметтерінің айналымы 3-5 есеге дейін артты. Төтенше жағдай кезінде бұл сала кеңінен дамыды. Әрине, қоймалардың жетіспеуі сынды кемшіліктер де анықталды. Азық-түлік және аграрлық сектордағы табыс 2,6 пайызға артты. Медицина саласында да өсім байқалады, өйткені халық медициналық маскалар мен түрлі препараттарды сатып алды», - деді А. Мырзахметов онлайн берген сұхбатында.
Оның айтуынша, ТЖ кезеңін қосқанда, мемлекеттік сатып алулар бюджеті 4,7 трлн теңге болған. Оның 3,9 трлн теңгесі құрылыс саласына бөлінген.
«3,9 трлн теңге немесе бюджеттің 85 пайызы құрылыс саласына бөлінген. Ауқымды қаражат бөлінгендіктен, бұл салалада да ілгерілеу байқалуы тиіс. Бес күннен бері тендерлер жеңілдетілген түрде өтіп жатыр. Оларды отандық кәсіпорындардың алғаны маңызды. Әзірге 2 трлн теңгеге тендерлер өткізілді. Осы процесті мұқият қадағалап, қаражаттың қайда кетіп жатқанын бақылауға шақырамын», - деді спикер.