Жауды қашырған Қабжат
Жауды қашырған Қабжат
©Сурет интернеттен алынды
142
оқылды
Қабжат Тоқбергенов бұрынғы Көкшетау облысы Айыртау ауданына қарасты Сарыөзек ауылының тумасы. Ол 1916 жылы дүниеге келген. Әскер қатарына 1936 жылы алынған. Ұлы Отан соғысы басталғанда 54-ші гвардиялық танкистер бригадасының құрамында автоматшылар батальонына жетекшілік етті. Ол Украина мен Польша жерлеріндегі қанды шайқастарға қатысып, «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 1945 жылдың 16 қаңтарында таңғы сағат алтыда бригада жауынгерлері Пилица өзенінің өткелі арқылы Радошевница деревнясы тұсында жауға қарсы шабуылға шықты. Әдеттегідей батальон командирі алда келе жатқан танкте болатын. Бұл – жаудың ту сыртынан өтіп кетуге жасалған амал еді. Арада екі сағат уақыт өткенде қалаға барлық бригада келіп жетті. Қалада жаудың екі мыңға жуық солдаты мен офицерлері бар болатын. Олар жанталаса қарсылық көрсетті. Дегенмен бригада жауынгерлері бұл қарсылықты тойтара отырып, жаудың алты минометін, көптеген автоматшылары мен көліктерін жойып, 158 адамды қолға түсіреді. 17 қаңтарда түс кезінде қала жаудан толық азат етілді. Бұл шайқаста гвардия капитаны Қабжат Тоқбергеновтың және ол басқарған батальон жауынгерлерінің ерен ерліктері де атап көрсетіліп, бригада туына Ленин ордені тағылды.