Ұлттық қор: ұқыпты болар уақыт келді
Ұлттық қор:  ұқыпты болар уақыт келді
189
оқылды
Экономикалық дағдарыс басталса, Ұлттық қорға үміт артамыз. Ко­ронавирус инфекциясы мен мұнай бағасының құлдырауынан туын­даған биылғы дағдарыста да Ұлттық қордан ақша алуға мәж­бүр­міз.  Ал ондағы қаржыны тек қиын жағдайда  жұмсау қажет екенін Ел­­басы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің  отырысында да айтты. «Біз Ұлттық қорға біраз қаражат жи­надық. Сол қаражат қазір елді дағ­дарыстан құтқарып отыр және бірінші рет емес. Дегенмен оның да шегі бар. Қар­жыны үнемдеп, қиын жағдай ор­нағанда жұмсауымыз керек», – деді  Тұң­ғыш Президент, Қауіпсіздік Кеңе­сінің төрағасы. Республикалық бюджеттің жыр­ты­ғына жамау болып жүрген Ұлттық қор­дың әу баста болашақ ұрпағымыз үшін құрылғанын  еске салу артық бол­мас. Есте болса,  осыдан жиырма жыл бұрын Ұлттық қор құру туралы бас­тама қоғамда қызу пікірталас ту­ғызды. Мұнайдан түсетін табысты бір қорға жинағанша, халыққа ай сайын белгілі бір сомадан үлестіріп отыруды ұсын­ғандар да болды. Бірақ бұл ұсы­ныстың қысқа ойлаудан туындағанын бү­гінгі уақыт дәлелдеп берді. Қоғамның қызу талқысынан кейін, дәлірек айтсақ, 2000 жылы Пре­­­­зиденттің  23 тамыздағы №402 Жар­­лығы негізінде Ұлттық қор құ­рыл­­ды. Ұлттық қордағы  ақшаны  қай мақ­сат­қа, қандай көлемде жұмсау тура­лы шешімді Президент қабыл­дай­­тыны жа­зылған. Ал Ұлттық қорды Ұлттық банк басқарады. Бұл туралы Үкі­­мет пен Ұлттық банк арасында шарт жа­сал­ған. Ұлттық қор туралы халықтың түсінігі оған қаржы мұнай сатудан түседі дегеннен аспайды. Солай екені рас, бірақ мұнайдан басқа табыс көзінен түсетін түсім түрлері бар. Мысалы, ауыл шаруашы­лы­ғына арналған жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер де Ұлттық қорға аударылады. Ал Ұлттық қордан ақша қандай жағдайда беріледі? Республикалық бюджетке жыл сайын кепілден­дірілген трансферт беріледі, оның мөлшері 2019-2021 жылдары жыл сайын 2,7 трлн теңгені құрайды. Ал Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер дағдарысқа қарсы бағдарламаларды; балама қаржы­ландыру көзі болмаған жағдайда ұлттық ауқымдағы өзін-өзі ақта­майтын, әлеуметтік мәні бар жоба­ларды, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін бөлінеді. Бір айта кетерлігі, кепілдендірілген трансферт те, нысаналы трансферт те республикалық бюджет арқылы өтеді. Айтқандай, Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайын аудит өткізуге қажет ақша да Ұлттық қордан бөлінеді. Ұлттық қордың «түбі тесіліп қалмауы» үшін ЖІӨ-нің болжамды мәнінің 30 пайызы мөлшерінде қалдық сақталады.  

Дағдарыстан шығаратын қаржы жеткілікті

2008 жылы басталған дағдарыс ел экономикасы үшін ауыр соққы болды. Міне, сол жылдың қазан айында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев Ұлттық қордан 2009-2010 жылдарға арналып «әзірленген бағдарламалар үшін» 10 миллиард доллар бөлу ту­ралы тапсырма берді. Оның 4 млрд доллары немесе 480 млрд теңгесі қаржы секторының тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге жұм­салды. Сөй­тіп, дағдарысқа қарсы саясатты жү­зеге асыру үшін «Са­мұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қоры құрыл­ды. Қордың негізгі міндетіне ком­мерциялық банктерді қайта капи­талдандыру, үлестік құрылыс на­ры­ғындағы мәселелерді шешу және қымбат ипотекалық несие­лерді қайта қаржыландыру арқылы қар­жы секторын тұрақ­тандыру кірді. Соған байланысты 2009 жылы мем­лекет «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорымен БТӘ, Альянс, Халық және Қазком­ның (сол кез­дегі елдің ең ірі төрт банкі) акциялар пакеттерін сатып ала бастады. 2015 жылдан бастап мұнай­дың әлемдік бағасының екі есе тө­мен­деуіне байланысты Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдер елеулі түрде қысқарды. Себебі Ұлт­тық қордың қаржысы мұнай баға­сына тәуелді. Мы­салы, 2011-2014 жылдары мұнай сек­торы ұйым­дарынан 3,4-3,5 трлн теңге түссе, 2016 жылы тү­сімдер 1,3 трлн теңге мөлшерінде күтілді. 2014-2015 жылдары эконо­миканың өсуі бәсеңдеген ке­зең­де экономиканы несие ресурс­тары­мен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан қосымша 1 трлн теңге мөлшерінде қаражат тар­тыл­ды. Ал 2015-2017 жылдары «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыруға 9 млрд дол­лар бөлінді. Жыл сайын бө­лінетін кепілден­дірілген транс­ферт 2,8 трлн теңгеге дейін ұл­ғай­тылды. Әрине, Ұлттық қор­дың валюталық активтерінің қысқару үрдісі байқалды, 2015 жыл­дың соңында ол 63,4 млрд доллар­ды құрады. Ал қазіргі уақытта Ұлт­тық қорда 57,5 млрд доллар, яғни 25,7 трлн теңге бар. Бұл қаржы дағдарысты еңсеруге жете ме? Zertteu Research Institute-нің құрылтайшысы, экономист Шол­пан Айтенованың айтуын­ша, қа­зіргі уақытта осы дағда­рыстан өте­тіндей белгілі бір тұ­рақтылыққа иеміз деп айтуға негіз бар. Алайда бұл Ұлттық қор­дағы ақшаны оң­дысолды жұмсау керек дегенді білдірмейді. «Оның үстіне, Ұлттық қордан кез келген көлемдегі ақшаны алып жұмсай беруге болмайды, себебі ондағы ақша қандай да бір актив­терге салынған, яғни әуелі ол ак­тивтерді пайда алу үшін сату керек болады. Ал қазіргі жаһан­дық эко­номикалық дағдарыс ке­зінде бұл активтердің бағасы құл­­­дырап кетті және жағ­дайдың жақсарғанын күтпей тұрып оларды сату орын­сыз», – дейді экономист.  

Қор қаржысы қайтарыла ма?

Жасыратыны жоқ, дағда­рыс­қа қарсы бағдарламаларды жү­зеге асыру үшін бөлінген қаржы­ның бәрі екінші деңгейлі банк­терге ғана беріліп жатқандай кө­рінетіні бар. Бұл негізсіз де емес. Оған 2008 жыл­дан бері қарай Ұлттық қордан бөлінген қаржыға санақ жүргіз­генде көз жеткізе түсесіз. Мысалы, 2009 жылы Ұлттық қордан халық­тың ипотекасын қайта қаржылан­дыруға 120 млрд теңге, 2015 жы­лы теңге депозитіне валюта ба­ғамы айырмасы үшін компен­сацияға 250 млрд, 2004-2009 жылдары алынған ипотеканы қайта қаржыландыру үшін 130 млрд теңге, 2018 жылы 2016 жылға дейін алынған валю­талық ипотеканы қайта қаржылан­дыруға 156 млрд, 2019 жылы ке­піл­сіз несие бойынша қарызды ке­ші­руге 106 млрд теңге бөлінген. 2009 жылы банктерге (БТӘ, Қазком, Альянс банк, Темірбанк, Халық банк) көмек беру үшін 480 млрд теңге, 2017 жылы БТӘ мен Қазком үшін 2,4 трлн теңге, Bank RBK, ATF, Еуразиялық банк, Цес­набанк, және ЦКБ үшін 700 млрд теңге, 2018 жылы Цесна­банкке 450 млрд теңге, 2019 жы­лы тағы да Цеснабанкке 604 млрд теңге көмек берілген екен. Сонда Ұлттық банктен 2009-2019 жылдар аралығында ха­лықты қолдау үшін 762 млрд теңге, ал банктерге көмек беру үшін 4,6 трлн теңге қаржы бөлінген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі мемле­кеттен көмек алған банктер қа­рызды соңғы тиынына дейін үс­те­месімен қосып қайтарып беретінін, бұдан Үкімет табыс та­батынын айтып отыр. Бірақ атал­ған банктердің біразы бү­гінде жабылды, біразы атауын өзгертті. Мұндайда Ұлттық қор қаржысы қалай қайтарылады? Қазіргі таңда осы қаражаттың қан­шасы қайтарылғаны немесе бұл процестің қалай жүріп жат­қаны туралы нақты ақпарат жоқ­тың қасы. Бірақ банктердің жа­былуы және ребрендинг жасауы мем­ле­кеттен алынған қаржыны қайтар­майды дегенді білдір­мей­ді, себебі жабылған банктің қа­рызы оның мұрагері мен қабыл­даушы тараптың жауапкерші­лігіне өте­ді», – дейді Шолпан Айтенова. Оның пікірінше, Ұлттық қор­дың ақшасы дағдарысты жою үшін босқа жұмсалды деуге бол­майды. Себебі дағдарысқа қарсы бөлінген 10 млрд доллардың 4 млрд доллары ғана қаржы сек­то­рына бағыттал­ды. Қалған қаржы экономикалық дағ­дарыстың теріс ықпалының алдын алуға және жаппай жұмыс­сыздықты ауыздықтауға көмектесу үшін басқа салаларға бөлінді және ол нәтиже берді де.  

Мемлекеттік комиссия құрылса…

Жалпы, әлемде пайдалы қаз­балар экспортынан түсетін салық түсімдерінен әл-ауқат қорын (тұ­рақтандыру және/немесе жинақтау) құрған елдер көп емес. Ұзын саны 30-дан аса­ды. Сарапшылар пікі­рінше, со­ның ішінде ел қызығатын тә­жі­рибе Норвегияға тиесілі. Нор­вегия мұнайдан түсетін табыстың артық бөлігін Жаһандық зей­нетақы қорына (бұрын бұл қор Мұнай қоры деп аталған – авт.) жинайды. Қор активтері тек шетелде ин­вести­цияланады. Бұл Норвегия эконо­микасының қызып кетуінің алдын алу және қор резервтерін мұнай бағасы­ның құбылуы сал­дарынан қорғау үшін жасалады екен. Ең қызығы, Норвегия өзі­нің осы ұлттық қо­рындағы негізгі қаржыға мүлдем қол салмайды. «Норвегия Жаһандық зей­нетақы қорының инвестициялық кірістерін ғана бюджеттерге жұм­сауға береді. Егер инвести­ция­лық кіріс жоқ болса, үкімет­тің қордың негізгі бөлігін жұм­сауға құқы жоқ. Норвегиялық қор табиғи ре­сурс­тардан түсетін кірісті ұқып­­ты бас­қарудың мысалы болып отыр», – дейді Ш.Айтенова. Норвегия болашақ үшін ашыл­ған қордың сәтті тәжіри­бесіне мы­сал бол­са, Венесуэла мен Ни­герия керісінше, ұлттық қордағы ақша­сы­нан айырылып қалған елдердің мысалы дер едік. Аталған екі ел де табиғи ресурс­тардан тү­сетін кірісті мемлекеттік емес кә­сіпорындарға инвести­циялаймыз деп сан соғып қалды. Себебі ол кәсіп­орындар бан­крот болып, қор құйған қаржы­ның ізін таппай қалды. Ұлттық қор­­дың қаржысын жұмсау ұқыпты болуды талап етеді деуіміздің се­бе­бі – осы. Бұл орайда са­рап­шылар Ұлттық банктің жа­нында бөлінген қаржының тиім­ділігі мен екінші деңгейлі банк­терге қарыз үшін бөлінген қар­жы­ның қайта­рылуын қадағалайтын мем­лекеттік ко­миссия болуы керек деген пікір айтып жүр. Өйткені Ұлттық қор­дың қар­жысы бүгі­німізден бөлек, болашағымыз үшін де қызмет етуі керек, жерасты байлы­ғымыздан ке­лер ұрпаққа да үлес қалуы керек.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ