Дағдарыстан шығаратын қаржы жеткілікті
2008 жылы басталған дағдарыс ел экономикасы үшін ауыр соққы болды. Міне, сол жылдың қазан айында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев Ұлттық қордан 2009-2010 жылдарға арналып «әзірленген бағдарламалар үшін» 10 миллиард доллар бөлу туралы тапсырма берді. Оның 4 млрд доллары немесе 480 млрд теңгесі қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге жұмсалды. Сөйтіп, дағдарысқа қарсы саясатты жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрылды. Қордың негізгі міндетіне коммерциялық банктерді қайта капиталдандыру, үлестік құрылыс нарығындағы мәселелерді шешу және қымбат ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру арқылы қаржы секторын тұрақтандыру кірді. Соған байланысты 2009 жылы мемлекет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен БТӘ, Альянс, Халық және Қазкомның (сол кездегі елдің ең ірі төрт банкі) акциялар пакеттерін сатып ала бастады. 2015 жылдан бастап мұнайдың әлемдік бағасының екі есе төмендеуіне байланысты Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдер елеулі түрде қысқарды. Себебі Ұлттық қордың қаржысы мұнай бағасына тәуелді. Мысалы, 2011-2014 жылдары мұнай секторы ұйымдарынан 3,4-3,5 трлн теңге түссе, 2016 жылы түсімдер 1,3 трлн теңге мөлшерінде күтілді. 2014-2015 жылдары экономиканың өсуі бәсеңдеген кезеңде экономиканы несие ресурстарымен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан қосымша 1 трлн теңге мөлшерінде қаражат тартылды. Ал 2015-2017 жылдары «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 9 млрд доллар бөлінді. Жыл сайын бөлінетін кепілдендірілген трансферт 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Әрине, Ұлттық қордың валюталық активтерінің қысқару үрдісі байқалды, 2015 жылдың соңында ол 63,4 млрд долларды құрады. Ал қазіргі уақытта Ұлттық қорда 57,5 млрд доллар, яғни 25,7 трлн теңге бар. Бұл қаржы дағдарысты еңсеруге жете ме? Zertteu Research Institute-нің құрылтайшысы, экономист Шолпан Айтенованың айтуынша, қазіргі уақытта осы дағдарыстан өтетіндей белгілі бір тұрақтылыққа иеміз деп айтуға негіз бар. Алайда бұл Ұлттық қордағы ақшаны оңдысолды жұмсау керек дегенді білдірмейді. «Оның үстіне, Ұлттық қордан кез келген көлемдегі ақшаны алып жұмсай беруге болмайды, себебі ондағы ақша қандай да бір активтерге салынған, яғни әуелі ол активтерді пайда алу үшін сату керек болады. Ал қазіргі жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде бұл активтердің бағасы құлдырап кетті және жағдайдың жақсарғанын күтпей тұрып оларды сату орынсыз», – дейді экономист.Қор қаржысы қайтарыла ма?
Жасыратыны жоқ, дағдарысқа қарсы бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаржының бәрі екінші деңгейлі банктерге ғана беріліп жатқандай көрінетіні бар. Бұл негізсіз де емес. Оған 2008 жылдан бері қарай Ұлттық қордан бөлінген қаржыға санақ жүргізгенде көз жеткізе түсесіз. Мысалы, 2009 жылы Ұлттық қордан халықтың ипотекасын қайта қаржыландыруға 120 млрд теңге, 2015 жылы теңге депозитіне валюта бағамы айырмасы үшін компенсацияға 250 млрд, 2004-2009 жылдары алынған ипотеканы қайта қаржыландыру үшін 130 млрд теңге, 2018 жылы 2016 жылға дейін алынған валюталық ипотеканы қайта қаржыландыруға 156 млрд, 2019 жылы кепілсіз несие бойынша қарызды кешіруге 106 млрд теңге бөлінген. 2009 жылы банктерге (БТӘ, Қазком, Альянс банк, Темірбанк, Халық банк) көмек беру үшін 480 млрд теңге, 2017 жылы БТӘ мен Қазком үшін 2,4 трлн теңге, Bank RBK, ATF, Еуразиялық банк, Цеснабанк, және ЦКБ үшін 700 млрд теңге, 2018 жылы Цеснабанкке 450 млрд теңге, 2019 жылы тағы да Цеснабанкке 604 млрд теңге көмек берілген екен. Сонда Ұлттық банктен 2009-2019 жылдар аралығында халықты қолдау үшін 762 млрд теңге, ал банктерге көмек беру үшін 4,6 трлн теңге қаржы бөлінген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мемлекеттен көмек алған банктер қарызды соңғы тиынына дейін үстемесімен қосып қайтарып беретінін, бұдан Үкімет табыс табатынын айтып отыр. Бірақ аталған банктердің біразы бүгінде жабылды, біразы атауын өзгертті. Мұндайда Ұлттық қор қаржысы қалай қайтарылады? Қазіргі таңда осы қаражаттың қаншасы қайтарылғаны немесе бұл процестің қалай жүріп жатқаны туралы нақты ақпарат жоқтың қасы. Бірақ банктердің жабылуы және ребрендинг жасауы мемлекеттен алынған қаржыны қайтармайды дегенді білдірмейді, себебі жабылған банктің қарызы оның мұрагері мен қабылдаушы тараптың жауапкершілігіне өтеді», – дейді Шолпан Айтенова. Оның пікірінше, Ұлттық қордың ақшасы дағдарысты жою үшін босқа жұмсалды деуге болмайды. Себебі дағдарысқа қарсы бөлінген 10 млрд доллардың 4 млрд доллары ғана қаржы секторына бағытталды. Қалған қаржы экономикалық дағдарыстың теріс ықпалының алдын алуға және жаппай жұмыссыздықты ауыздықтауға көмектесу үшін басқа салаларға бөлінді және ол нәтиже берді де.Мемлекеттік комиссия құрылса…
Жалпы, әлемде пайдалы қазбалар экспортынан түсетін салық түсімдерінен әл-ауқат қорын (тұрақтандыру және/немесе жинақтау) құрған елдер көп емес. Ұзын саны 30-дан асады. Сарапшылар пікірінше, соның ішінде ел қызығатын тәжірибе Норвегияға тиесілі. Норвегия мұнайдан түсетін табыстың артық бөлігін Жаһандық зейнетақы қорына (бұрын бұл қор Мұнай қоры деп аталған – авт.) жинайды. Қор активтері тек шетелде инвестицияланады. Бұл Норвегия экономикасының қызып кетуінің алдын алу және қор резервтерін мұнай бағасының құбылуы салдарынан қорғау үшін жасалады екен. Ең қызығы, Норвегия өзінің осы ұлттық қорындағы негізгі қаржыға мүлдем қол салмайды. «Норвегия Жаһандық зейнетақы қорының инвестициялық кірістерін ғана бюджеттерге жұмсауға береді. Егер инвестициялық кіріс жоқ болса, үкіметтің қордың негізгі бөлігін жұмсауға құқы жоқ. Норвегиялық қор табиғи ресурстардан түсетін кірісті ұқыпты басқарудың мысалы болып отыр», – дейді Ш.Айтенова. Норвегия болашақ үшін ашылған қордың сәтті тәжірибесіне мысал болса, Венесуэла мен Нигерия керісінше, ұлттық қордағы ақшасынан айырылып қалған елдердің мысалы дер едік. Аталған екі ел де табиғи ресурстардан түсетін кірісті мемлекеттік емес кәсіпорындарға инвестициялаймыз деп сан соғып қалды. Себебі ол кәсіпорындар банкрот болып, қор құйған қаржының ізін таппай қалды. Ұлттық қордың қаржысын жұмсау ұқыпты болуды талап етеді деуіміздің себебі – осы. Бұл орайда сарапшылар Ұлттық банктің жанында бөлінген қаржының тиімділігі мен екінші деңгейлі банктерге қарыз үшін бөлінген қаржының қайтарылуын қадағалайтын мемлекеттік комиссия болуы керек деген пікір айтып жүр. Өйткені Ұлттық қордың қаржысы бүгінімізден бөлек, болашағымыз үшін де қызмет етуі керек, жерасты байлығымыздан келер ұрпаққа да үлес қалуы керек.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ