Халық санағы
1926 жылы халық санағы бойынша Қазақстанда 6 миллион 198 мың 400 адам тұрды. Олардың 58,5 пайызы қазақ, 20,6 пайызы орыс, 13,9 пайызы украин, 2,1 пайызы өзбек, 1,3 пайызы татар, 1,0 пайызы ұйғыр, 0,8 пайызы неміс болатын. Осы уақытта Қазақстанда жаңадан совхоздар іргетасын қалай бастағаны белгілі. Міне, сол кезеңде 65 мың отбасы көшіп келді. 1930 жылдың аяғына қарай бірсыпыра этностық топтардың жер аударуы басталды, олардың бір бөлігі Қазақстанға келді. 1937 жылдың қыркүйек-қазан айларында Қиыр Шығыстан Қазақстанға 110 мың корей, Әзербайжан мен Армениядан 2,4 мыңнан астам иран, әзербайжан, күрт, армиян отбасылары Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарына жер аударылды. 1940 жылы Украина, Мордавия, Чувашия, Татарстан жэне басқа республикалардан ерік білдірген шаруаларды ұйымдасқан түрде көшіріп әкелу басталды.Құрттың дәмі
Қазақ сырт елден келгендерді ешқашан өзегінен теппеген халық. Қиналып келгенді бауырына тартып, барымен бөлісті. Соның бір айғағы өткен ғасырдың 30-жылының аяғында болды. «Халық жауларының» әйелдеріне арналған Ақмола лагерінің бұрынғы тұтқындарының бірі Гертруда Платайс Қазақстанға келіп-кеткен сапарында «АЛЖИР» мұражайының қызметкерлеріне жергілікті қазақтарды қалай алғаш рет көргенін, олардың тұтқын әйелдерге қалай қамқорлық танытқанын айтып берген еді. – Қар бораған қыстың бір күнінде күшейтілген күзетшілердің қоршауындағы тұтқын әйелдер Жалаңаш өзенінен барақтар тұрғызатын қамыс шауып әкелуге барды. Қыстың қақаған суығында бүрсеңдеген әйелдерді күнде алып барып, қатарынан 17-20 сағаттап жұмыс істетті. Сондай бір күні қамыс шабатын көл жағасындағы Жаңашу ауылының тұрғындары балаларына байғұс әйелдерге тас лақтырыңдар деп бұйырды. Күзетшілер болса: «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеуде ғана емес, ауылдағы бала екеш баланың өзі жек көреді» деп мәз болысады, – деді көзіне жас алған кейуана. Гертруда Платайс осы оқиғаны еске алғанда, балалардың әрекеті өздеріне соншалық ауыр тигенін, бәрінен бұрын моральдық тұрғыдан аса қиын болғанын айтты. Қатарынан бірнеше күн таспен атқыланған әйелдер үшін тағдырға мойынсұнудан басқа, сталиндік үгіт-насихатқа әбден уланып, ұрда-жық мінезге, қатыгездікке бой алдырған қазақтардың әділетсіздігіне ренжуден өзге ештеңе қалмағандай болды. Тек бір күні әбден қалжырап, әлі кеткен Гертруда өзіне қарай лақтырылған тастың құрт екенін білген. Көмектесуге амал таба алмаған қазақ балалары өз өмірлерін тәуекелге тіге отырып, тұтқын әйелдерге құрт лақтырып, көмек көрсетпек болған екен.Соғыс уақытында келгендер
Соғыс жылдары Қазақстанға көшіп келушілердің тасқыны шұғыл артты. Жаппай жер аударудың қарсаңында, 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 54 696 поляк, 3 569 латыш, 808 ливан және тағы басқа ұлттар тұратын. 1941 жылғы тамызда Қазақстанға 349 713 неміс көшіріп әкелінді, олардың жалпы саны 441 713 болатын. Қалған немістер Қазақстанға 1944-1945 жылдары көшіп келді. Орта Азия мен Қазақстанға 1944 жылғы ақпанда шешен және ингуш, наурызда балқар, қарашада месхет түріктері, қырым татарлары, қарашай және басқа ұлттарды күштеп көшіріп әкелді. 1957 жылы шешен жэне ингуш халықтарының автономиялары қайтадан қалпына келтірілгеннен кейін олар Солтүстік Кавказға қайта көше бастады, қарашайлар, балқарлар, қалмақтар ағылып қайтып жатты. Гректердің, месхет түріктерінің, қырым татарларының, поляктардың, корейлердің, Еділ бойы немістерінің бір бөлігі Орта Азия мен Қазақстанда қалды.Тың игеру жылдары
Қазақстанның солтүстік аймағына қарай 1954-1962 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру үшін 2 миллионға жуық Украинадан, Белоруссиядан, Молдавиядан және Литвадан іріктеп алынған шаруалар ағылды. Айта кету керек, 1939,1959,1970-жылдары өткен халық санағында Қазақстандағы ең саны көп этнос орыстар болып келген. Орыс, татар, корей, негізінен қалада тұратын этностар болып қалды да, неміс, өзбек, әзербайжан ауыл селолық этностар болды. Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс шөл және шөлейт аймақтарының ауа райы КСРО-ның Европалық бөлігінен, Сібір мен Қиыр Шығыстан көшіп келушілер үшін ұнамсыз болды. Алайда бұл облыстарға экстенсивті жолмен өнеркәсіпті дамытуға, ірі көлемде күрделі құрылыстар жүргізуге жаңа қоныстаушылар жіберіліп жатты... Қысқасы, елімізге қоныстанған түрлі этнос өкілдерінің сан қилы тағдыры мен тарихы бар. Біз, қазақстандықтар алуан түрліміз. Алайда Елбасы айтқандай, бұл біздің артықшылығымыз, кемшілігіміз емес. Біз тәуелсіздік жылдарында ортақ тарих та жаза білдік. Енді мемлекеттік тіл төңірегіне ұйысып, қазақ тілін этносаралық қатынас құралына айналдыруымыз керек. Бұл бағытта нақты қадамдарға көштік. Жетістік те осы.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ