Мемлекеттік тіл – ынтымақтың басы болса игі
Мемлекеттік тіл – ынтымақтың басы болса игі
152
оқылды
Қазақ қоғамындағы береке-бірліктің сақталуы,  этносара­лық татулық, бейбітшілік әдетте бірнеше факторға негізделетін болса керек. Соның ішінде тіл факторы да бар. Тек бұрын бұл мә­селенің мұндай қырына көп көңіл бөле қоймадық. Ал іс жү­зінде  мемлекеттік тілдің қоғамды топтастырып, елдік жолында бірлікті қамтамасыз етер үлес-салмағы болуы тиіс. Қоғам сонда ілгері басары сөзсіз. Өркениетті елдердің қай-қайсысына бар­саңыз да, мемлекеттік тілдерінің үстем екенін аңғарасыз. Аза­маттар бір тілде түсініседі, бір тілде тіршілік етеді, соның арқа­сында тұрақтылық сақталады. Яғни, мемлекетшілдік ұстанымы қалыптасқан. Қазақстан секілді көпэтносты ел үшін мемлекеттік тіл ғана ұлтаралық достықтың кепілі бола алмақ.  

Заң не дейді?

Әлемдік тәжірибеде мызғы­майтын бір талап бар. Кімде-кім қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін айналасындағы адам­­дармен түсінісе білуі керек. Мысалы, Финляндия азамат­тығын алғысы келген жан фин немесе швед тілін біледі деген рес­ми құжат алуы қажет. Ол үшін 3-6 сағатқа созылатын тіл емти­ханын тапсырады. Ресей қоғамы орыс тілін қатаң талап етсе, Канада елінде де азаматтыққа қол жет­кізу үшін тіл емтиханы жол то­сады. Мұндай деректерді көп­теп тізе берсек, жақ талады. Елі­­мізде азаматтардың қазақ ті­лін білу деңгейін анықтайтын «Қаз­тест» атты жүйе бар. Көбі­не мемлекеттік қызметке үміткер­лер аталған жүйе бойынша ем­ти­хан тапсырады. 2019 жылы осы емтиханды 52 245 адам тап­сырған екен. Оның 20 мың­нан астамы мемлекеттік қызмет­ші­лер. Бір өкініштісі, осы тесті тап­сырғандардың 2 пайызы ғана жоғары нәтиже көрсеткен. Демек, тілдің жайы оңып тұрған жоқ. Біз осы «Қазтест» жүйесін әлем елдерінің тәжірибесіне сүйеніп Қазақстан азаматтығын алғысы келген адамдарға емтихан ретінде қолдануды ұсынар едік. Бірақ оны Ата заңымыз мақұлдай қоймайтын сыңайлы. Мәселен, «ҚР азаматтығы туралы» заңның 1-бабында: «ҚР азаматы ҚР Конс­­титуциясы мен заңдарын сақтауға, ҚР мүдделерін, оның аумақтық тұтастығын қорғауға, әдет-ғұрыпқа, дәстүрге, мемле­кеттік тілге және оның аумағында тұра­тын барлық ұлттардың тіл­дері­не құрметпен қарауға мін­детті» делінген. Яғни, ешкім сізді мемле­кеттік тілді білмегеніңіз үшін сөк­пейді. Атқамінерлерге бұл құлақ­қағыс боп жетсе дейміз. Жөн делік, ал қазақ қоғамы қазақ тілін қан­шалықты дәрежеде игере алды? «Қазақстан – 2050» стра­те­гиясында «2025 жылға қа­рай қа­зақстан­дықтардың 95 пайы­зы қазақ тілін білуі тиіс» деп жа­зылған. Осы орай­да, 2011-2020 жылдарға арнал­ған Тіл­дерді дамытудың мем­ле­кеттік бағ­дар­ламасы жасалды. Дәл жаңағы айтқан 95 пайыз көрсеткішті орын­дауға атсалы­сатын сол бағ­дарлама. 2020 жыл өтіп жатыр. Ал нәтиже қанда­й? Сауалымызға Тіл саясаты коми­тетінің өкілдері жауап берген болатын. – Бағдарлама аяқтал­ды. Нәтижесінде, қазақстандық­тардың 95 пайызы мемлекеттік тіл­ді игерді. Көпшілік бұл көр­сет­кішке уәж келтіреді. Істің ат­­қа­рылуы жұрттың мемлекеттік тілде жаппай сөйлеп кетуімен өлшенбейді. Еркін сөйлей ала­тындар бір бөлек, түсінетіндер де кіреді. Қазір республика хал­қының 43,1 пайызы қазақ тілін кәсіби, 12,7 пайызы еркін кәсіби, 22,9 пайызы еркін мең­герген. Ал 5,6 пайызы еркін сөй­леп қана қоймай, түсіндіре алады, – деді комитетке қарасты Тіл саясаты басқармасының бас сарап­шысы Қанағат Оразова. Байқасақ, 95 пайыз – әртүрлі деңгейдің жиынтық көрсеткіші. Сондықтан толыққанды нәтиже орындалды деп айту ерте се­кілді. Бағдарламаның 2025 жыл­ға дейін жалғасатын келесі кез­еңі басталды. Мұндай нәтиже қай­таланбайды деп сенеміз.  

Мемлекет қызметші тілді біле ме?

Біз үшін қиын болса да, қа­былдауға мәжбүр ететін жайт бар. Конституция бойынша мем­лекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару ор­ган­дарында орыс тілі рес­ми түрде қазақ тілімен бір­дей қол­данылады. Демек, мемле­кет­тік тілді білмегені үшін заң­на­мада ешқандай жауапкершілік қарас­тырылмаған. Сондықтан болар, біздің мемлекеттік қызмет­ші­лердің көбі сөзінің әлқиссасын қазақша бастап, қаймағын орыс ті­лінде шүлдірлете жөнеледі. Тек карантин басталғалы бері сынға іліккен жауапты тұлғалар жетерлік. Өткенде Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозер каран­тинде құр отырмай қа­зақ тілін үйреніп жатқанына сүй­сін­дік. Біздің кей шенділер үшін үлгі етерлік іс. Осылайша, АҚШ ел­шісі қазақ тілінің қадірін білмекке ұмтылып жатқанда, 13 сәуір күні елдегі төтенше жағ­­дайға бай­ланысты Орталық ком­муникациялар қыз­метінде өткен брифингте Ден­саулық сақ­тау ми­нистрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызмет­тердің сапасы мен қауіпсіз­ді­гін бақылау комитетінің төрайы­мы Людмила Бюрабекова журналис­тер­дің мемлекеттік тілде қойған сауалы­на «мен орысша жауап бере­мін» деп дүрсе қойғаны есі­мізде. Сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев пен Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысы Ернар Құрмашевтің де мемлекеттік тілде сөйлей алмайтыны әлеуметтік желілерде көпшіліктің талқысына түсті. Жауап­ты орында отыр­ған бас­шылар осылай десе, басқасына не дерсіз. Мемлекеттік органдардың абыройын түсіріп отырған мә­­селе бұл ғана емес. 2018 жыл­­­­дың соңын­да Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елдегі барлық мем­ле­кет­­тік меке­мелердегі құжат ай­налымының 93 пайызы қазақ тілінде екенін айтқан болатын. Бұл «айды аспанға шығарған» мәлімдеменің өзі қағаздан көз ашпайтын аудармашылардың арқасы шығар. Біз осылай тілдің жайына бас қатырып отырғанда сәуір айының бел ортасында avaaz.org сайты «Қазақстанда орыс тілін мемлекеттік тіл ету керек» деп петиция шығарды. Оны Мемлекет басшысына жол­дамақ ниетте екен. Қазақ тілінің ахуалын қозғауды осыдан кейін артық санаудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Ал бұл жөнінде тіл жанашыры болып жүрген Дос Көшімнің ойын білсек. – Қазақ тілінің қазіргі күйін жақ­сы не жаман деп бағамдау қиын. Екіұшты. Тілге басқа қар­­сы­лықтар бола береді, ол – заң­­ды­лық. Негізі, қоғамның қа­зақ ті­лі­не деген көзқарасы жақ­сы. Бұ­лай байлам жасауға Тіл коми­тетімен бірге 4 жыл бойы өткізген 180-нен аса кездесу әсер етті. Яғни, қазақ тіліне жаны­мыз ашиды, тек талап ете алмай­мыз. Талап етіп үйренген кезде қоғамда мемлекеттік тілге қажеттілік туады. Қажеттілік бол­ған жағдайда біз айтып отыр­ған шенеуніктер де қазақ тілін үй­ренуге мәжбүр болар еді, – дейді саясаттанушы.   ТҮЙІН:  

Өзге ұлты өкілдерін не­месе орыстілді ағайынды ке­мсітер ниетіміз жоқ. Бары – бір­тұтас, татулық пен ынтымағы жарас­қан мемлекетшілдік жолын­дағы мұрат қана. Қазақ тілі мә­се­лесі кезек күттірмейді. Әйтпесе, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтін Қадыр ақынның сөзі де жауыр болды-ау.

 

   width=Мадияр ТӨЛЕУ