Заң не дейді?
Әлемдік тәжірибеде мызғымайтын бір талап бар. Кімде-кім қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін айналасындағы адамдармен түсінісе білуі керек. Мысалы, Финляндия азаматтығын алғысы келген жан фин немесе швед тілін біледі деген ресми құжат алуы қажет. Ол үшін 3-6 сағатқа созылатын тіл емтиханын тапсырады. Ресей қоғамы орыс тілін қатаң талап етсе, Канада елінде де азаматтыққа қол жеткізу үшін тіл емтиханы жол тосады. Мұндай деректерді көптеп тізе берсек, жақ талады. Елімізде азаматтардың қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын «Қазтест» атты жүйе бар. Көбіне мемлекеттік қызметке үміткерлер аталған жүйе бойынша емтихан тапсырады. 2019 жылы осы емтиханды 52 245 адам тапсырған екен. Оның 20 мыңнан астамы мемлекеттік қызметшілер. Бір өкініштісі, осы тесті тапсырғандардың 2 пайызы ғана жоғары нәтиже көрсеткен. Демек, тілдің жайы оңып тұрған жоқ. Біз осы «Қазтест» жүйесін әлем елдерінің тәжірибесіне сүйеніп Қазақстан азаматтығын алғысы келген адамдарға емтихан ретінде қолдануды ұсынар едік. Бірақ оны Ата заңымыз мақұлдай қоймайтын сыңайлы. Мәселен, «ҚР азаматтығы туралы» заңның 1-бабында: «ҚР азаматы ҚР Конституциясы мен заңдарын сақтауға, ҚР мүдделерін, оның аумақтық тұтастығын қорғауға, әдет-ғұрыпқа, дәстүрге, мемлекеттік тілге және оның аумағында тұратын барлық ұлттардың тілдеріне құрметпен қарауға міндетті» делінген. Яғни, ешкім сізді мемлекеттік тілді білмегеніңіз үшін сөкпейді. Атқамінерлерге бұл құлаққағыс боп жетсе дейміз. Жөн делік, ал қазақ қоғамы қазақ тілін қаншалықты дәрежеде игере алды? «Қазақстан – 2050» стратегиясында «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс» деп жазылған. Осы орайда, 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Дәл жаңағы айтқан 95 пайыз көрсеткішті орындауға атсалысатын сол бағдарлама. 2020 жыл өтіп жатыр. Ал нәтиже қандай? Сауалымызға Тіл саясаты комитетінің өкілдері жауап берген болатын. – Бағдарлама аяқталды. Нәтижесінде, қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді игерді. Көпшілік бұл көрсеткішке уәж келтіреді. Істің атқарылуы жұрттың мемлекеттік тілде жаппай сөйлеп кетуімен өлшенбейді. Еркін сөйлей алатындар бір бөлек, түсінетіндер де кіреді. Қазір республика халқының 43,1 пайызы қазақ тілін кәсіби, 12,7 пайызы еркін кәсіби, 22,9 пайызы еркін меңгерген. Ал 5,6 пайызы еркін сөйлеп қана қоймай, түсіндіре алады, – деді комитетке қарасты Тіл саясаты басқармасының бас сарапшысы Қанағат Оразова. Байқасақ, 95 пайыз – әртүрлі деңгейдің жиынтық көрсеткіші. Сондықтан толыққанды нәтиже орындалды деп айту ерте секілді. Бағдарламаның 2025 жылға дейін жалғасатын келесі кезеңі басталды. Мұндай нәтиже қайталанбайды деп сенеміз.Мемлекет қызметші тілді біле ме?
Біз үшін қиын болса да, қабылдауға мәжбүр ететін жайт бар. Конституция бойынша мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен бірдей қолданылады. Демек, мемлекеттік тілді білмегені үшін заңнамада ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Сондықтан болар, біздің мемлекеттік қызметшілердің көбі сөзінің әлқиссасын қазақша бастап, қаймағын орыс тілінде шүлдірлете жөнеледі. Тек карантин басталғалы бері сынға іліккен жауапты тұлғалар жетерлік. Өткенде Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозер карантинде құр отырмай қазақ тілін үйреніп жатқанына сүйсіндік. Біздің кей шенділер үшін үлгі етерлік іс. Осылайша, АҚШ елшісі қазақ тілінің қадірін білмекке ұмтылып жатқанда, 13 сәуір күні елдегі төтенше жағдайға байланысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова журналистердің мемлекеттік тілде қойған сауалына «мен орысша жауап беремін» деп дүрсе қойғаны есімізде. Сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев пен Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысы Ернар Құрмашевтің де мемлекеттік тілде сөйлей алмайтыны әлеуметтік желілерде көпшіліктің талқысына түсті. Жауапты орында отырған басшылар осылай десе, басқасына не дерсіз. Мемлекеттік органдардың абыройын түсіріп отырған мәселе бұл ғана емес. 2018 жылдың соңында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елдегі барлық мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымының 93 пайызы қазақ тілінде екенін айтқан болатын. Бұл «айды аспанға шығарған» мәлімдеменің өзі қағаздан көз ашпайтын аудармашылардың арқасы шығар. Біз осылай тілдің жайына бас қатырып отырғанда сәуір айының бел ортасында avaaz.org сайты «Қазақстанда орыс тілін мемлекеттік тіл ету керек» деп петиция шығарды. Оны Мемлекет басшысына жолдамақ ниетте екен. Қазақ тілінің ахуалын қозғауды осыдан кейін артық санаудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Ал бұл жөнінде тіл жанашыры болып жүрген Дос Көшімнің ойын білсек. – Қазақ тілінің қазіргі күйін жақсы не жаман деп бағамдау қиын. Екіұшты. Тілге басқа қарсылықтар бола береді, ол – заңдылық. Негізі, қоғамның қазақ тіліне деген көзқарасы жақсы. Бұлай байлам жасауға Тіл комитетімен бірге 4 жыл бойы өткізген 180-нен аса кездесу әсер етті. Яғни, қазақ тіліне жанымыз ашиды, тек талап ете алмаймыз. Талап етіп үйренген кезде қоғамда мемлекеттік тілге қажеттілік туады. Қажеттілік болған жағдайда біз айтып отырған шенеуніктер де қазақ тілін үйренуге мәжбүр болар еді, – дейді саясаттанушы. ТҮЙІН:Өзге ұлты өкілдерін немесе орыстілді ағайынды кемсітер ниетіміз жоқ. Бары – біртұтас, татулық пен ынтымағы жарасқан мемлекетшілдік жолындағы мұрат қана. Қазақ тілі мәселесі кезек күттірмейді. Әйтпесе, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтін Қадыр ақынның сөзі де жауыр болды-ау.
Мадияр ТӨЛЕУ