Саяси маңызы жоғары жүздесу
Саяси маңызы жоғары жүздесу
355
оқылды

29 мамыр күні «Хабар» арнасынан тікелей эфирде Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат көрсетілді. Төрт кандидат пен үш сенімді өкілдің қатысуымен өткен теледебат 80 минутқа жалғасты. Үш раундтан тұратын пікірсайыс кезін­де канди­даттар сайлауал­ды бағдарламасын таныс­тырып, бір-біріне сұрақ қойды және қазақстан­дықтарға сөз арнады.

Теледебатқа кандидаттар­дан Сәдібек Түгел, Амангелді Таспихов, Жамбыл Ахмет­беков, Әміржан Қосанов қатысты. Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың атынан Мәулен Әшімбаев, Дания Еспае­ваның орнына Азат Перуашев пікірсайысқа түсіп, «Ауыл» пар­тиясының жетекшісі Төлеутай Рахымбековтің бағдарламасын оның сенімді өкілі Әли Бектаев таныстырды. Мәулен Әшімбаев өз канди­даты әлеуметтік сая­сатқа ерекше басымдық беретінін атап өтті. Оның айтуынша, ха­лықтың әлеу­меттік осал топтары мемлекет тарапынан тиімді әрі қолжетімді көмекпен толық қамтылады.

Алғашқы раунд «Қазақстан-ның экономикалық даму басымдықтары» деп аталды. Оның өзі 2 турға бөлінді. Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырса, екінші турда кан­дидаттар «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайысқа түсті. Бұл кезеңде олар оппоненттеріне екі сұрақтан қойып, өздері де екі сұраққа жауап беріп, бақ сынады.

Екінші раундтың тақырыбы –«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлеп, екінші турда жүргізушілердің сұрағына жауап беруі тиіс.

Үшінші раундтың тақыры­бы –«Сайлаушыларға арнау». Бұл қорытынды раундта қатысу­шылар экран арқылы сайлау­шыларға арнап сөз сөйлейді.

Саясаттанушы Айдос Сарым­ның пікірінше, теледебат бірқатар өзіндік ерек­шелігімен есте қалған. Ол тікелей эфирде мем­ле­кеттің тілдің басым болғанына на­зар аударып, бұл қазақтілді ауди­торияның саны мен белсен­ділігі артқанын көрсетеді деп есеп­тейді.

– Маған Мәу­лен Әшім­баев­тың сөйлеу ше­бер­лігі қатты ұнады. Әли Бек­таев­тың сөзі нанымды көрінді. Бұл додада көңілімнен шықпаған тұстарға келсек, ком­мунистер мен кә­сіпо­дақ атынан сөйлеген кан­дидаттар сөзінен бірізділік таппадым. Уақыттың шектеулі болғаны да әсер еткен шығар. Сондықтан мұн­дай де­баттар жиі ұйымдас­ты­рылуы керек деп ойлаймын, – деді ол.

Саясаттанушы Ерлан Саиров теледебаттың саяси мәдениет қалыптастырудағы рөліне тоқ­талып, кандидаттарға берілген 80 минут ойын шегелеп жеткізуге әбден жеткілікті уақыт деп есептейтінін айтты.

– Үміткерлер арасында өр­би­тін бұл пікірсайыс еліміздегі саяси мәдениетті арттыруға мүм­кіндік беріп, кандидаттардың элек­то­ратқа тек сайлауалды бағ­дар­ламасын емес, ішкі және сырт­қы саясаттағы түрлі аспе­к­тілерді де түсіндіруіне жол ашады. Сон­дық­тан бұл дебатты Қазақ­стан­дағы саяси үдерістерді заң­дас­тырудағы үлкен қадам деп қа­рас­тыруға болады. Ал электо­раттың сеніміне ие болу үшін кандидат бағдар­ламасын жақсы ұсынып, сөйлеу мәнеріне мән беруі керек деп ойлаймын. Қа­тысушыларға беріл­ген 80 минут аз уақыт емес. Осы лимит жеткі­лікті болуға тиіс. Бұл науқан ел­дегі саяси жүйенің же­тілуіне жол ашуы ықтимал. Саяси аренадағы жаңа есімдер танылып, басқару үлгісі жаңғыруы мүмкін. Әрбір сайлауды қоғамның саяси дамуы­ның мектебі деп қарастыр­ған абзал. Тәуелсіздік жылдары мем­лекет пен қоғам арасында жақсы байланыстар түзілді. Қазіргі гео­саяси ахуалды ескерсек, бізге мықты билік керегі сөзсіз. Би­лікке келген адамның сыртқы саясатта да, қоғам алдында да абыройы жоғары болғаны ләзім, – деді ол.

«Еуразиялық мониторинг» орталығы басшысының орын­ба­сары Жанар Төлендинова теле­дебат сайлау науқанының көрігін қыздырып, пікір еркіндігіне жол ашты деген ойға қосылады.

– Теледебат өткізу сайлау заң­намасында көрсетілмеген. Соған қарамастан, теледебаттың бел­гіленген мерзімде болуы саяси мәдениеттің артқанын, демо­кра­тиялық принциптердің сақтал­ғанын көрсетті. Кей кан­дидат­тарға уақыт жетпегендей көрінді. Бұл олардың дайындығы мен саяси тәжірибесінің азды­ғынан болса керек. Дебат үстінде кан­ди­даттар арасында үлкен бір қай­шы­лықты қақтығыс көрінген жоқ. Мұны елдегі саяси тұлғалар мен партиялар арасында теке­тірестер жоқтығымен, әдетте мә­се­ленің келісімге келу қағи­датымен шешілуімен байла­ныс­тырамын, – деді ол.

Қазақстан стратегиялық зерт­теулер институтының орын­ба­сары Мадина Нұрғалиеваның айтуынша, дебат елдегі саяси дамудың көрсеткіші бола алады.

– Менің ойымша, дебат өткізу тәжірибесі Қазақстанда енді ғана жанданып келеді. Бұл канди­дат­тарға тілді меңгеру деңгейін, жеке қасиеттерін, шешім қабылдау ерекшеліктерін ортаға салып, электорат қол­дауын жинауға жол ашатын алаң. Дебаттың респуб­ликалық ар­надан көрсетілуі саяси маңызы жоғары шараны елдің барлық өңіріндегі халық тегіс тамаша­лауына мүмкіндік берді. Ин­тернет технологиялардың қар­қынды дамуына қарамастан, теледидар ақпарат таратудың негізгі жолдарының бірі болып отыр. Кандидаттар дебат арқылы халық арасында танымалды­лығын арттырады. Бұл өз ке­зегінде сай­лауға келушілердің қатарын кө­бейтуге әсер етуі мүмкін.

Теледебаттың мазмұнына келсек, кандидаттардың эмо­ционалды толғанысы басым бол­ған сияқты. Бірінші кезеңде кан­дидаттар жағдайға бейім­деліп, екінші кезеңге өздеріне сенімі артқаны байқалды. Бел­гіленген талаптар шеңберінде аздаған про­вокациялық элементі бар сұ­рақ­тар да қойылды. Әлеуметтік-эко­номикалық мәселе барлық кан­дидаттың назарында болды. Өйт­кені қазір бұл тақырып ел да­муының негізгі бағыттарының бірі, мұны кандидаттар да түсініп отыр, – деді ол.


Кәусар АХМЕТ