Үздік лигалар қандай шешім шығарды?
Әлемдегі үздік чемпионаттар да ішкі біріншіліктеріне қатысты нақты шешім қабылдап жатыр. Ағылшын Премьер-лигасы наурыздың ортасында тоқтатылып, мамырдың басында жалғасады деп жоспарланған. Бірақ елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты чемпионаттың басталуы маусымға қалды. Англиялық басылымдардың хабарлауынша, маусымның қалған бөлігі 8 маусымда басталып, 27 шілдеде аяқталады-мыс. Ал келесі маусым 22 тамызда басталады. Бұған дейін командалар 9 мамырдан бастап жаттығуға оралатыны айтылған болатын. Әзірше ағылшын футболының басшылары чемпионаттың қашан басталатыны туралы ресми мәлімдеме жасамады. Белгілісі, АПЛ клубтары 1 мамырда онлайн жиналыс өткізіп, маусымды жалғастыру мәселесін шешеді. Испания футболы да жаздың басында қайта оралады. Испанияның премьер-министрі Педро Санчес таяуда брифинг кезінде кәсіпқой спортшылардың жағдайы туралы айтты. – Кәсіпқой спортшылар 4 мамырдан бастап жекелей жаттыға алады. Спорт саласында жаттығу орталықтарын гигиена және қорғаныс шараларын сақтап ашу қарастырылған, – деді Санчес. Футболшылар 18 мамырда аз-аздан жаттығатыны, 1 маусымнан бастап толыққанды жаттығуға кіресе алатыны хабарланды. Сондай-ақ Ла Лига басшылығы 5 маусымда чемпионатты көрерменсіз жалғастыратынын хабарлады. Ла Лига президенті Хавьер Тебас футболшылар алаңға шығудан бас тартса, жазаланатынын айтып отыр. Бір қызығы, Италиядағы Серия А лигасының қашан жалғасатыны туралы әлі мәлімет жоқ. Бірақ лига кеңесі чемпионаттың міндетті түрде жалғасатынын хабарлаған. Ал германиялық dfl.de сайты Бундеслиганың мамырда оралатынын жазды. Daily Mail мәліметі бойынша, Германияда футбол чемпионатын 9 мамырда бастау жоспарланды. Бұл футбол жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық болды. Жоспар бойынша стадионға тек 300 жанкүйер ғана кіре алады. Футболшылар ойын алдында командалық суретке түспейді, қол алыспайды. Әр футболшының жеке бөтелкесі болады. Ойыннан кейін командалар стадионнан әртүрлі уақытта кетеді.Бірқатар чемпионат мерзімінен бұрын аяқталды
Франция билігі қыркүйекке дейін спорттық шараларды өткізбеу туралы шешім қабылдады. Францияның премьер-министрі Эдуар Филипп Ұлттық жиналыста 2019-2020 жылғы спорт маусымы аяқталғанын хабарлады. Сол себепті футболдан Франция чемпионаты орта жолдан тоқтатылды. Франция футбол федерациясының президенті Ноэль Ле Гре де елде футбол маусымы аяқталғанын растады. Чемпионатының бітуіне әлі 10 тур бар болатын. Енді келесі маусымда Чемпиондар лигасында ПСЖ, «Марсель» мен «Ренн» өнер көрсетеді. Ал «Лилль» мен «Реймс» Еуропа лигасына жолдама алды. Франция чемпионаты Еуропада футбол маусымын орта жолдан аяқтаған алғашқы чемпионат емес. Бұдан бұрын Нидерланд чемпионаты маусымды аяқтайтынын хабарлаған. Чемпионаттың 25-турынан соң көш басындағы қос команда «Аякс» пен «АЗ Алкмаар» келесі маусымда Чемпиондар лигасында ойнайтын болды. Одан кейінгі орындарға жайғасқан «Фейеноорд», ПСВ мен «Виллем ІІ» Еуропа лигасында бақ сынайды. Бұдан бөлек, футболдан Мексика мен Аргентина чемпионаты да мерзімінен бұрын аяқталды. Өзге де мемлекеттерде футбол маусымын жалғастыру немесе жалғастырмау туралы нақты шешімдер қабылданып жатыр. Олар алдағы уақытта ресми түрде жарияланады. Ал біз үшін ең қуаныштысы Қазақстан футболының жанкүйерлермен қайта қауышуы болды.Абылайхан ЖҰМАШ