АЛЖИР-де 16 мыңнан астам жәдігер бар
АЛЖИР-де 16 мыңнан  астам жәдігер бар
400
оқылды

31 мамыр қарсаңында АЛЖИР-ге ағылатын халық қарасы көп екен. Тарихи ескерткішке арнайы ат басын бұрғандардың бірқатары музей алдындағы кең ауланы еркін аралап, әр экспонаттың қасына аз ғана аялдап, суретке түсіп жүр. Музей айналасын көзбен шолып шыққан адам «АЛЖИР» музей-мемориалды кешеніне қарсы орналасқан Целиноград аудандық сотының ғимаратын бірден байқайды. Шын кінәлілерге жаза кесіп, ақиқаттың салтанат құруына жұмыс істейтін сот үйінің бір кездері жазықсыз әйелдердің жан абақтысына айналған мекенге қарсы орын тебуі «әділет пен әділетсіздік текетіресі» атты әлі жазылмаған картинаға ұқсайды...

Алжир тарихы 1937 жылдың 15 тамызынан басталады. Дәл осы күні қабылданған КСРО Ішкі істер халық комиссиаратының №00486 бұйрығынан «Отанын сатқандардың отбасы мүшелерін жаппай қудалау» басталды. Бас-аяғы бірнеше айдың ішінде «тыңшылық жасады», «отанын сатты» деген айыппен қамауға алынған зиялы қауым өкілдерінің әйелдері жаппай ұсталды. ІІХК-ның 1937 жылы 3 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, Карлагтың Ақмола бөлімшесі ашылып, үш жасқа дейінгі балаларын жетек­теген әйелдердің алғашқы легі 6 қаңтар күні ақтүтек боран ас­тындағы Солтүстік Қазақстанға келіп түскен. Ол жылдары саяси тұтқындарды лагерьлер мен түр­мелерге мал тасымалдайтын ва­гон­дарда жеткізіп отырған. Ішіне күн түспейтін қараңғы, тар әрі суық вагонның үлгісі АЛЖИР-дің ауласына да қойылған. Экспонат есігіндегі темір тордың артынан жұпыны киінген қам­көңіл әйел­дер бейнесі елес береді. Әр жыл­дары АЛЖИР-ге бет алған осын­дай вагондарда Әзиза Рысқұлова мен оның анасы Әрипа Есенғұло­ва, Дәмеш Жүр­генова, Рабиға Асфендиярова, әнші Лидия Рус­ланова, жазушы Галина Сере­брякова, маршал Тухачевскийдің отбасындағы әйелдер, жазушылар Борис Пильняктың әйелі Кира Андрон­никошвили, Юрий Трифоновтың әйелі Евгения Лурье, Болат Окуджава мен Мая Плисецкаяның аналары болған.

Лагерь дейтініміз – қыштан тұрғызылған бірнеше барак, төрт мұнара мен айнала жүргізілген темір қоршаулар ғана. Бұған қоса, әйелдерге санақ жүргізіп, жұ­мысқа жегіп, олардың тәртібін қадағалайтын әскерилер бар. АЛЖИР әйелдері Мәскеу, Ле­нин­град, Украина, Грузия, Армения мен Орталық Азия мемлекет­терінен әкелінген. АЛЖИР-де 1937-1953 жылдар аралығында 8 мың әйел отырса, жалпы Ақ­мола лагері түрмесінен 20 мыңға жуық әйел өткен. Көп ұзамай жаңа тұтқындар барактарға сый­маған соң, әйелдер өздеріне қол­дан үй тұрғызуға жегілген. Күні бойы ашқұрсақ күйде қамыс кесіп, мал бағып, тігін цехында жұмыс істеген әйелдер Ақмола­ның жан шыдатпас аязын қа­быр­ғасы жылымайтын барактарда өткізген. Жатын орындары – үс­тіне қураған шөп төселген ағаш төсектер. Бұл сынақ қалада пә­терде тұрып, далалық өмірге бейім­делмеген әйелдерге ауыр тиіп, алғашқы жылдары АЛЖИР-де өлген адамдар көп болыпты. Кейіннен қолынан келетін кә­сі­бін жан сақтаудың амалына ай­нал­дырған тұтқындар соғыс қаже­тін өтеуге киім тігіп, Кеңес үкіметі үшін арзан жұмыс күші болған.

Музейге апаратын жіңішке жол «Қасірет қақпасы» арқылы өтеді. Бұл монумент киелі орынға кіретін қақпа қызметін атқарады. Сенім бойынша, қақпа астынан жүріп өткен кез келген адам қуғын-сүргін құрбандарына тағзым жасап, басын июі қажет. Ары қарай жолдың сол қапта­лында «Түңілу мен әлсіздік» ком­позициясы көзге түседі. Бос­тандыққа шығамын деген сені­мін жоғалтқан, шарасыз, тағ­дырына мойынсұнған адам бей­несі «қы­зыл қырғынның» құр­баны болған миллиондаған тағ­дырды еске салады. Жол бойына қаз-қатар орнатылған ескерткіш тақталар­дан АЛЖИР-де болған әйелдердің әртүрлі ұлт өкілдері болғанын аңғаруға болады. Аулада «Күрес пен үміт» комп­о­зи­циясы да кез­деседі. Басын көтеріп, күреске бел буған әйелді сипаттайтын туынды лагерьде сүйген жары, балалары мен ден­сау­­лығынан айырылып, азап шек­се де, сағы сынбаған тұтқын­дардың жиын­тық бей­несін көрсетеді.

Экспозициялық көрме жұ­мысы бөлімінің маманы Бек­жамал Жалғасованың айтуынша, АЛЖИР-де 16 мыңнан астам жәдігер бар. Олардың қатарында фотосуреттер, құжаттар, тұтқын­дардың жеке заттары мен деректі фильмдер кездеседі. Бекжамал Жалғасова көшпелі көрме жобасы мен музейдің халықаралық әріп­тестігінің арқасында соңғы жылдары тарихи ескерткішті арнайы іздеп келетіндер саны өскенін айтады.

– Жылына 26 мыңға жуық адам келеді. Еуропа мен ТМД елдерінен музейді көру үшін алыс жол жүріп жететіндер бар. АЛЖИР-де болған тұтқындардың ұрпақтарымен жақсы қарым-қатынасымызды үзбей, хат ал­масып тұрамыз. 31 мамыр күні бізге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әлемнің әр бөлігінен қонақтар келеді, – дейді ол.

АЛЖИР-де әйелдерге көр­сетілген зорлық-зомбылықтан 1567 бала дүниеге келген. Ла­герьге жеткізілген әйелдермен бі­р­ге еріп келген балалар үш жас­қа толысымен, оларды жетімдер үйіне жіберіп отырған. Онда балаға «анамнан бас тартамын» деген хат жазғызып, тегін толық ауыстырып жіберген. Сондықтан АЛЖИР-ден босап шыққан әйелдердің бәрі бірдей отбасымен қайта қауыша алған жоқ. Бұрынғы тұтқындарға берілген төлқұжат бойынша олар КСРО-ның 38 қа­ласында тұра алмаған. Туған жерге баруға не жағдайы, не онда көзі қарайып күтіп отырған жанұясы жоқ әйелдердің кейбірі амалсыз АЛЖИР маңында қалып отырған. Өздеріне сонша азап шектірген мекенде бақытты тұр­мыс құруға қайта талпынған әйелдердің бір­қатары 1989 жылы Малиновка кентіне жиналған. Қуғын-сүргін құрбандарын ұмыт­пау туралы алғашқы ой сонда туып, бүгін сол орында бой кө­терген АЛЖИР му­зей-мемориал­ды кешені өткеннің сорақы қыл­мысын кейінгі ұр­пақтың есіне салып, абзал ана­лардың атын ұмыттырмайтын ескерткішке айналған.