"Ерік менде болса «Реалмен» келісімді мәңгілікке созып тастар едім"
Мадридтік «Реалдың» капитаны Серхио Рамос 30 мамыр күні арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мансабын корольдік клуб сапында жалғастыратынын мәлімдеді.
«Ешкімнің көкейінде күмән қалмас үшін нақты шешімді жариялағым келеді. Мен «Реалмен» жасасқан келісімшартымды соңына дейін жеткізіп, ойыншылық карьерамды осы клубта аяқтағым келеді. Нашар маусымды артта қалдырамын. Мен клубпен жеңісті көңіл-күйде қоштасуды қалаймын. Мен бұған лайықтымын деп есептеймін.
Ерік менде болса «Реалмен» келісімді мәңгілікке созып тастар едім. Флорентино Переспен ара-қатынасымыз әке мен ұл секілді. Бір-бірімізді жақсы көреміз. «Реалдан» кеткім келмейді. Менің арманым – карьерамды осы клубта аяқтау екенін үнемі айтып келе жатырмын. Мұны президент те біледі. Мен мұнда тіпті тегін ойнар едім» деді Рамос.
Еске салсақ, осыған дейін Рамостың «Реалдан» кететіні туралы ақпарат тараған. Дерек көздеріне сүйенсек, қорғаушыға қытайлық клубтардан қомақты қаржыға негізделген ұсыныс түскен. Кейінірек бұл мәселеге орай клуб президенті Перестің өзі пікір білдірген болатын.