Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апаттан зардап шеккен аймаққа арнайы келіп, Арыстың тәжірибесіне сәйкес Мақтаарал ауданында да тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
https://youtu.be/lA_EJTY9Iyw
Облыс әкімі Мақтаарал ауданындағы су басқан Жаңатұрмыс пен Жеңіс елдімекеніне барып, аппаттан жапа шеккен үйлерді қарап шықты. Ең алдымен облыс басшысы Еңбекші ауылдық округі Жаңатұрмыс ауылында болды. Мұнда 47 үйде 321 тұрғын тұрған. 2 мамыр күні түнгі сағат 01:50-де аталған елдімекенде эвакуациялау іс-шаралары басталды. Жалпы елді мекенде 1 мектеп, 1 медпункт, 1 мешіт орналасқан. Жаңатұрмыс ауылында 2 700 сиыр, 3 000 қой, 150 жылқы, 450 тауық болған. Облыс басшысы аудан әкімі Б.Асановқа төтенше жағдайдан зақым келген әлеуметтік нысан мен зардап шеккен мал-мүлік санын анықтауды тапсырды. ҚазАқпарат жазуынша, бұдан кейін өңір басшысы Жеңіс ауылына аялдап, ауылдың жағдайымен танысты. Бұл ауылда 280 үй, 1 922 тұрғын бар. Елдімекенде 1 мектеп, 2 балабақша, 1 медпункт, 1 мешіт, 1 мәдениет үйі орналасқан. Қазіргі таңда аталған нысандардың қаншалықты зақымданғаны анықталып жатыр. Бұл ауылда қазіргі таңда жайылым жердің 500 гектары, егістік алқабының 50 гектарын су басқан. Ауылда 350 сиыр, 270 қой, 300 түйе, 70 жылқы, 700 тауық болған. Кеше Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып , елді мекендер, коммуникациялық желі, егістікке зақым келген. Соның салдарынан Мақтаарал ауданының екі ауылын су басты. Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асановтың төрағалығымен 2 мамыр түнгі 00:00-де арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жарияланды. Су басқан ауылдардан 5 400 адам қауіпсіз жерге көшірілді.