Мақтаарал: Тасқын судың шығыны анықталды 
Мақтаарал: Тасқын судың шығыны анықталды 
347
оқылды
Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай ауыл шаруашылығы саласында түгендеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда бұл жұмыстармен Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған арнайы жұмысшы тобы айналысуда. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспановтың айтуынша, қазірдің өзінде 3 601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккені анықталған. Алдын ала болжам бойынша, шығын көлемі – 404 млн теңге. Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің дерегінше, әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көптеп зардап шеккен. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызын мақта егістігі болса, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі екені анықталған. «Дәл қазіргі таңда 95 маманымыз су астында қалған егістік алқаптары мен мал шығындарын есептеп, түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптар мен мал шығындарын толық есептеуге әзірге мүмкіндік аз болып тұр. Десек те, тұрғындар берген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлесе отырып, зерделеп жатырмыз. Біз алдағы уақытта су тасқыны басылған соң ауылдарды аралап, шығын көлемін нақты анықтайтын боламыз», – дейді Тұрғанбек Оспанов. Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде су тасқыны орын алған 7 елді мекеннен яғни, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші, Нұрлытаң, Өргебас ауылдарынан 3 115 іріқара, 1 101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Ал суға кетіп өлген мал саны әзірге белгісіз болып отыр. Бұл жұмыстарға тасқын судың әлі де тоқтамай тұрғаны кері әсер етіп отыр.