Біз қасірет пен қайғыны ұлт кәдесіне жарата білмейміз.
Соның салдарынан сөз төркінін де түсінбейтін халге жеттік. Мәселен, кеше tengrinews.kz бір хабарына «Алматыда 1931-1933 жылғы ашаршылық құрбандары ұлықталды» деп тақырып қойды. «Ұлықтау» деген не? Бұл мүлдем басқа нәрсе ғой. Ұмытпау мен ұлықтауды айыра алмаған соң не дейсіз? «Ашаршылық құрбандарын еске алды» десе де болар еді...
Жалпы, біз «тағзым ету, «еске алу» деп бұл күннің маңызын мүлдем төмендетіп те жібергендейміз. Бізге қайғыру, аза тұту сезімі жетіспейді. 4 миллионға жуық қазақтың қырылғаны төрт шыбынның өлгеніндей ғана әсермен жүріп жатқан адам көп.
Тарихшы Талас Омарбеков «Егер біз ашаршылықтан сабақ алсақ, Ұлттық қасірет күнін белгілеген болар едік. Қазақтың жартысына жуығы қырылып кетті. Өзі 4,8 млн қазақтың 2,3 миллионы аштан қырылды. Бір миллионнан астам қазақ шетелге шашырап кетті. Сұмдық қой бұл! Үш-ақ жылдың ішінде мұндай қасірет шеккен ұлт жер бетінде өте сирек, тек үндістер болмаса. Қазақ жер бетінен құрып кетуі мүмкін еді. Осы қырғын болмағанда, қазақ қазір 40 миллионнан асып түсетін еді. Демографтар солай дейді. Қазір 10 миллионбыз. Сапалық жағын айтпай-ақ қояйық. Жартымыз орыстанғанбыз. Бұл қасіреттен сабақ алған болсақ, қасірет күнін белгілеп, жалауымызды түсіріп, құран бағыштатып, содан кейін әр үйде мұсылманша қаралы жағдай орнатып, дәм бергізер едік. Бүкіл ел болып үнсіздік күнін жариялап, ел басшылары бастап мешітте бас иіп, қайғырар едік қой. Қазаққа бір күн жылауға болмай ма? Әлде телеарналардағыдай бірыңғай секеңдеп, бір-бірімізді әжуалап, елді күлдіру үшін кекесіп-мұқасып, той тойлап жүре береміз бе? Ең болмаса, жыл он екі айда бір күн қайғырсақ, жастар ойланар еді. «Е-е-е басымыздан осындай қилы қауіп өткен екен ғой» деп ой түйер еді. Ал еске алу дегенді мен түсінбеймін! Қайғыру ма, жоқ әлде мамандардан осылай сұхбат алып, тарихтың қалай өткенін баяндап қою ғана ма? Жалпы, сіз елімізде 31 мамырда қайғырып жатқан адам көрдіңіз бе? Тіпті қуғын құрбандарына арналған есі дұрыс ескерткіш те жеткіліксіз бізде. Барларының өзі жұпыны. Басын кесіп, қолын жұлып, тонап кеткенін естіп жатамыз. Бұл нені көрсетеді? Яғни, бұл күннің маңызын түсініп жатқан халық жоқ деген сөз. Менің ойымша, өзінің қасіретіне шынымен қайғырып, табысына шын жүректен қуана білген ұлт қана ел бола алады. Ал бізде табысымызға қуану бар да, қасіретімізге қайғыру жоқ. Қазақтың жүрегіне тас боп байланған қайғы неге айтылмауы керек? Мемлекет ұйытқы болып, қазақты қайғыруға да үйрету керек. Қазақ халық ретінде қайғыра алуы керек, – деп ашынып айтыпты.
Қазақтың ұлттық тұтастығы қуаныш пен қайғыда білініп тұруы қажет. Осы ұлттық тұтастық ұғымы дегенді орнықтыруға деген ұмтылыс неге жоқ? «Қайғының өзін қажетіңе жарат» деген нақыл сөзді басшылыққа алған ақылды жұрт қалай топтасып отыр? Біз бұл күні, ең болмаса, бір минут үнсіздік жариялай алмай отырмыз? Неге? Осыны ойлансақ қайтеді?!.