Жамбыл облысында ауыс-түйіс. Бұған дейін ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Берік Нығмашев облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол өңірдегі асыраушы салаға жетекшілік ететін болады.
Жалпы Берік Болатұлы еңбек жолын 2009 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының «Кирилловка-Айыртау» ЖШС агроном маманы болып бастап, 2013-2014 жылдары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің бас сарапшысы, өсімдік шаруашылығын дамыту стратегиясы басқармасының басшысы, өсімдік шараушылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаментінің басқарма басшысы қызметтерін атқарады. 2014-2015 жылдары ҚР АШМ мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу департаменті мал шаруашылығының мониторингі және талдау басқармасының басшылығына тағайындалып, 2015-2017 жылдары ҚР Ауыл шауашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары болады. 2017 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ауыл шаруашылық кооперациясы департаментінің директорлығына отырады.
Ал 2018 жылы Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов отыз жасқа енді келген маманға Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы тізгінін ұстатады. Шыны керек, Асқар Исабекұлы жастарға сенім артып, бірқатар мамандарды лауызымды қызметтерге тағайындаған болатын. Алайда дәл осы Берік Нығмашев Мырзахметовтің сенімін ақтағандай.
Одан бөлек, облысқа жаңа басшысы келіп жатқанда бұрынғы кадрлардың жылы орнын босатып жататындығы байырдан белгілі. Алайда Жамбыл облысының қазіргі әкімі Бердібек Сапарбаев та жас кадрға сенім артып отыр. Бәлкім министрлікте жүргенде Нығмашев жағымды қылықтарымен ұнап қалған шығар. Әлде, басқа да себептері бар ма?
Алайда айтпағымыз ол емес. Отызда орда бұзып отырған Берік Болатұлы облыс әкімінің орынбасары болып отырған еліміздегі ең жас кадрдың бірі екені даусыз. Ал бұған дейін бұл қызметті атқарған Мұратхан Шүкеевтың тағдыры не болатындығы әзірге белгісіз.
Саятхан Сатылғанов,
Жамбыл облысы.