«Салық – өркениетті қоғамда өмір сүру мүмкіндігі үшін төлейтін төлеміміз» деген екен ХІХ ғасырда америкалық дәрігер, ақын әрі жазушы Оливер Уэнделл Холмс. Қазақстандықтардың ішінде өркениетті қоғамға қарсы шығары жоқ болар. Бірақ халыққа түсер салық жүктемесі ауырлау екені де құпия емес.
Адал жұмыс жасайтын азамат алым-салықтан аяқ алып жүре алмайды. Жұмысында оның жалақысынан 10 пайыздай жеке табыс салығы ұсталады, тағы он пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. 3,5%-ы көлемінде әлеуметтік сақтандыруға жарна алынады. Алдағы жылдары бұларға міндетті медициналық сақтандыру жарнасы қосылмақ. Осының барлығы жинала келе, еңбекақы көлемінің төрттен бірінен артығын «жалмайды».
Үйінде ол жер салығын, мүлік салығын төлейді. «Темір тұлпары» болса, көлік салығына шығындалуы қажет. Тіпті дүкенге барса, сатып алатын тауарының құнына 18 пайыздық қосылған құн салығы (ҚҚС) кіреді.
Әрине, салық төлемеуге тағы болмайды. Өйткені бұл – мемлекеттілікке төнер басты бір қатер. Дүниежүзі тарихында халқы салық төлемей, қазынасы бос қалған қаншама патшалық төл армиясын ұстап тұра алмай, өзгеге жем болған. Мәселен, Осман империясының ұлы билеушісі, жауларының өздері «Ғажайып» (Великолепный) деп атаған Сүлеймен сұлтан 1526 жылдың жазында Батыс елдерін жаулауға жорыққа аттанғанда, оның жолындағы орта ғасырдағы ірі держава – Мажарстан корольдігі феодалдық алауыздық пен қырқыстардан, шаруалар көтерілістерінен, ұлттық келісімнің жоқтығынан әлсіреген еді. Салдарынан, Венгрия королінің еншісінде босап қалған қазына және шағын әскер ғана болған. Мұндай әлжуаз қарсыласты сұлтанның армиясы Мохач қаласының маңында ойсырата жеңіп, даңқты мажарларды тізе бүктірді.
Демек, салық салу – мемлекеттіліктің бөлінбес бөлшегі, басты бір рәмізі. Мемлекет салықты негізінен, қоғамдық өмірді ұйымдастыру үшін жинайды. Халық салықтардың төленуі арқасында емханалар мен ауруханаларда ем-дом алады, балаларын мектептер мен университеттерде оқытады, қалалар мен өңірлер арасындағы асфальтты жолмен сапар шегеді. Барлығымыз бюджеттен бөлінетін теңгелер елдің өмір сүру жағдайын жақсарта түседі деп сенеміз.
Әйткенмен, билік табысы дамыған елдердегіден аз қазақстандықтарға бұл салада атан түйенің жүгін артпауы шарт.
Осы орайда еліміздің Ұлттық экономика министрлігі «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң тұжырымдамасында көрші өзбек ағайындарды үлгіге келтіреді. Мұнайды судай сапырып отырмаған, негізінен өңдеуші өнеркәсіпті ұстын еткен Өзбекстанда «бірыңғай әлеуметтік төлем» бар көрінеді, бірақ оны жұмыс беруші төлейді.
– Өзбекстанда жергілікті және шетелдік қызметкерлердің жалпы еңбекақысынан алынатын және жұмыс берушілер төлейтін бірыңғай әлеуметтік төлем бар. Әлеуметтік төлем ставкасы 25%-ды құрайды. Ал микрофирмалар, шағын кәсіпорындар мен фермерлік шаруашылықтар үшін – 15%. Бұл ретте бірыңғай әлеуметтік төлемнің ай сайынғы сомасы фермаларда – әрбір жұмысшының 1 ең төменгі жалақысының (ЕТЖ) 50%-ынан аз болмауға, микрофирмалар және шағын кәсіпорындарда – әрбір қызметкердің 1 ЕТЖ-сының 65%-ынан кем болмауға, өзге кәсіпорындар үшін – 1 ЕТЖ көлемінде болуға тиіс, – делінген құжатта.
Бұл қаражат мемлекеттік нысаналы қорлар мен ӨР кәсіподақтары федерациясы кеңесі арасында мынадай мөлшерде бөліске салынады. Микрофирмалар мен шағын кәсіпорындар, сондай-ақ фермерлік шаруашылықтар аударатын бірыңғай әлеуметтік төлемнің (БӘТ) 14,8%-ы – бюджеттен тыс «Зейнетақы қорына», 0,1%-ы – «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мемлекеттік қорына», тағы 0,1%-ы «Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының кеңесіне» беріледі.
Өзге кәсіпорындар мен компаниялардан келіп түсетін БӘТ-тің 24,8%-ы – бюджеттен тыс «Зейнетақы қорына», 0,1%-дан «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мемлекеттік қорына» және кәсіподақтарға арна тартады. Қалғаны – салық.
Әрине, тек жұмыс берушілер ғана емес, халық та салық төлейді.
«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Өзбекстан Республикасының салық саясатын жетілдіру тұжырымдамасы» аясында еңбекақыға салық салуға өзгерістер енгізіледі. Соның ішінде барлық азаматтары үшін жеке тұлғалардың табысына 12% мөлшерінде бірыңғай салық ставкасы қолданылады. Оның ішінде 0,1%-ы азаматтардың жеке жинақтаушы зейнетақы шоттарына бағытталады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген санаттары үшін 4 ең төменгі жалақы көлеміндегі табысын салық салудан босату тәртібі сақталады» деп сипаттайды көршінің тәжірибесін Ұлттық экономика министрлігі.
Оларда 25%-дық салық тек шенеуніктердің жалақысынан ғана ұсталатын көрінеді. «Бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік кәсіпорындар, жарғылық қорында мемлекеттің үлесі елу пайыз және одан да көп болатын заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлімшелері үшін 25% мөлшерінде бірыңғай әлеуметтік төлем белгіленген». Осылайша, өзбек көршілер қалған заңды тұлғалар, компаниялар мен кәсіпорындар үшін осы төлем ставкасын 15-тен 12%-ға дейін төмендете алған.
Қазақстан Үкіметі де халыққа түсер салық ауыртпалығын жеңілдету жолдарын қарастыруда. Сонымен бірге, бас экономистің ведомствосы «мемлекеттің әлеуметтік шығыстарының ұлғаюы аясында салық түсімдерін ұлғайту қажеттілігі де» туындайтынын есте ұстап отыр.
Егер осы заң жобасы осы күйде қабылданса, онда біраз игі жаңалық өмірге жолдама алмақ. Нақтырақ тоқталсақ, қолданыстағы мүлік салығына және жер салығына реформа жүргізіледі. Себебі, мәселен, баспаналарға салынатын мүлік салығынан түсетін қаражаттың аздығы сонша, ол салықтың осы түрін әкімшілендіру үшін маман тарту, оларды жұмыс орнымен және құрал-жабдықпен қамту және басқа да шығындарына тұрмайтын көрінеді.
– Талдау жүргізу кезінде анықталғандай, мүлік салығын төлеуші жеке тұлғалардың жалпы санының 95,6%-ы бағалау құны 10 миллион теңгеден арзан салық салу нысандарына ие. Аталған тұлғалар бойынша салық түсімдерінің үлесі 44,6%-ды құрайды. Әрбір объектінің әкімшілік шығындары – бірдей. Салық салудың тиімділігін арттыру мақсатында шаралар кешені қолға алынуы керек. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықты біріктіру ұсынылады. Бұдан өзге, көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелерінің жер салығын жою ұсынылады. Өйткені көпқабатты үйлерде объектілердің көп болуына және олардың әрқайсысын есептеудің күрделілігіне байланысты салықты әкімшілендіруге айтарлықтай шығын шығарылады, ал түсетін салық сомасы шамалы, – дейді Ұлттық экономика министрлігі аталған заң жобасының тұжырымдамасында.
Бұдан басқа, онда бағалау құны 10 млн теңгеден төмен баспана бойынша жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықты жою қарастырылуда.
Бұл қаражаттың орнын толтыру мақсатында құжатта жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін 10 АЕК мөлшерінде алым белгіленбек. Бұл алым азаматтардан әрбір тіркеу әрекеті жүргізілген сайын жиналады және ол қаржылар жергілікті бюджетке бағытталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, «сән-салтанат» заттары ретінде қымбат тұратын алкоголь және темекі өнімдеріне, қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын көлік түрлеріне салықты көтеру көзделіп отыр.
Әлеуметтік салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеуді жеңілдету үшін оларды есептеу базасын бірегейлендіру де жоспарланған.
Салық салу – салық төлеушіні сүліктей сору еместігі жөніндегі түсініктің үстем болуы халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, әлеуметтік көңіл күйді де жақсартары сөзсіз.