Телеарна даулы видео үшін кінәлілерді жазалауды сұрады
Телеарна даулы видео үшін кінәлілерді жазалауды сұрады
262
оқылды
"Хабар 24" телеарнасы төтенше жағдайдың ұзаруы туралы сюжеттің үзіндісін қиып таратқандарды жазалауды сұрап, құқық қорғау органдарына шағым жазды. Айта кетейік, 3 мамырда Желіде "Хабар 24" телеарнасындағы сюжет үзіндісі тарап кетті. Онда төтенше жағдай режимінің 24 шілдеге дейін ұзартылуы мүмкін екені хабарланған. Бейнематериал монтаждалған болып шыққан. Сюжеттің толық нұсқасында Франциядағы ТЖ режимін ұзарту туралы айтылған. Осылайша әлдекімдер Франциядағы төтенше жағдайдың ұзаруына байланысты ақпарды бұрмалап, аталған жағдай елімізге қатысты айтылғандай көрсеткен. Видеоның негізгі нұсқасы 11:35 минуттан басталады. https://www.youtube.com/watch?v=agZjUqlCIYg&feature=emb_logo
"Түптеп келгенде, бұл Франция еліндегі төтенше жағдайға қатысты жазылған жаңалық еді. Арада уақыт оздырмай арна заңгері құқық қорғау органдарына тиісті арыз жолдады. Осылайша, жалған ақпарға жауапты жанды қылмыстық жазаға тартуды сұрап отыр", - делінген телеарна мәлімдемесінде.
Телеарна заңгері Айсана Сман іскерлік беделге, іскерлік атына байланысты қосымша азаматтық жауапкершілікке тартуға болатынын айтады. Заңгердің айтуынша, іскерлік беделге келген нұқсанның өтеуі қымбатқа түсуі мүмкін. Оған қоса, Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, қоғамда іріткі салу мақсатында шындыққа жанаспайтын ақпар таратқан үшін айыпты aдамнан 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі немесе 2 778 000 теңге көлемінде айыппұл өндірілуі мүмкін. Сонымен қатар түзету жұмыстарына немесе 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмысқа салу қарастырылған. Жазаның ең ауыры - бір жылға дейін бас бостандығынан айыру. Ал, төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желі арқылы елді одан сайын дүрліктіретін жалған ақпараттың жазасы тіптен ауыр. 3 жылдан 7 жылға дейін темір торға қамау қарастырылады.