Көкшетауда қарттарды өлтірген күдікті – 24 жаста
Көкшетауда қарттарды өлтірген күдікті – 24 жаста
Фото: Интернеттен алынды
5,227
оқылды
Көкшетау қаласында зейнеткерлерді жауыздықпен өлтірген күдікті ұсталды. Полицияның мәліметіне сәйкес, күдікті 3 мамырда Көкшетау қаласында ұсталған. Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Тергеу барысында 24 жастағы Щучинск қаласының тумасы 29 сәуір күні түнде Есенберлин көшесіндегі үйдің бірінші қабатындағы пәтерге ұрлыққа түскен. Алайда үй иелері қылмыстың үстінен түсіпті. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында күдікті ерлі-зайыптыны өлтіріп, жеке мүлкін ұрлап кеткен». Тәртіп сақшылары күдіктіден одан заттай дәлелдер тапқан. Оны уақытша тергеу изоляторына қамады. «ҚР қылмыстық кодексінің  99-бабы 2-тармағы («Екі және одан көп адамды өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етілмейді» делінген хабарламада. Еске сала кетейік, осыған дейін Көкшетаудағы пәтерден 78 және 84 жастағы ерлі-зайыптының өлі денесі табылған. Олар жауыздықпен өлтірілген.