Павлодарда бүтін бір ауыл тұрғындары шошқа фермасынан жапа шегіп отыр, – деп хабарлайды AstanaTV.
Телеарнаның хабарлауынша, қорадан шығатын күлімсі иіс, кешкісін ауылға тарайтын көрінеді. Сасық иіске тұншықтық деген тұрғындар бас көтеріп, ферманың басқа жаққа көшірілуін талап етті. Өйткені, 10 жылдан бері жағымсыз иіске шыдап келген тұрғындардың төзімі әбден түгесілген.
Павлодар ауылының тұрғыны Әлия Айдарқызы: «Бұл иіс бүкіл ауылға мүңкіп тұр. Балаларды кешке шығара алмаймыз. Киімнің бәрін үйде кептіреміз. Үйде қазіргі кезде мына бірдемелер ұшып жүреді. Ол бәрі төсекке жұғады. Оны да шығара алмаймыз. Енді кешке жақын шығарайын десең мына иістен шығара алмайсың», – дейді.
Павлодар ауылының тұрғыны Алмахан Жайнақызы: «2013 жылдан бері ауырамын. Сол кезде менің емдеуші дәрігерім айтты. Осы шошқаның иесінен сізде аллергия бар. Ешқандай иіске шыдамаймын. Красканың иісі бәрінен аллергия. Сізге болса, көшіңіз дейді. Мен қайда барам. Өзім әрең дегенде жер алып, үй салдық. Біз қайда барамыз?. Көшетін біздің жағдайымыз жоқ. Рубиком көшсін», – дейді.
Ал мамандар осы жерден үй салуға рұқсат берген жергілікті шенділерді кінәлайды. Өйткені, олар санитарлықты талапты сақтамай тұрғындарға ферма аумағынан жер берген. Себебі, ферма алғаш салынған кезде бұл маң жазық дала болған.
Сондықтан, мәселені тұрғындарға үй салуға жер берген жергілікті шенділер шешсін деп отыр.