Қазақстанның Қарулы Күштері 1992 жылы 7 мамырда құрылды. Содан бері 28 жыл артта қалды. Сол жылы дүниеге келген жігіт әскери борышын өтеуге аттанатын жасқа жетті. Ал Қазақстан Қарулы Күштері ел мақтанатын деңгейге жетті ме? Шыны керек, кез келген адам өз мемлекетінің қуатты, айбарлы болғанын қалайды. Ол үшін әскери саланың әлеуеті жоғары болуы керек. Сөзің өтімді елге айналу үшін де қорғаныс саласына қомақты қаржы құюға тура келеді. Ал біз қорғанысымызды қаншаға бағалап жүрміз?
Мұның жауабын білу үшін Республикалық бюджеттен қорғаныс саласына бөлінетін қаржыға назар аударамыз. Олай болса, биыл Қазақстан қорғаныс саласына ел қазынасынан 590 млрд 634 млн теңге бөлінген. Оның барлығы Қорғаныс министрлігіне беріледі десек, қателесесіз. Аталған министрлік бұл қаржының 312 млрд теңгеден астамын ғана алады. Ал 84 млрд теңге Ішкі істер министрлігіне беріледі. ІІМ бұл қаржыны табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы қызметті ұйымдастыруға жұмсайды. Қорғаныс саласына бөлінген қаржыдан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 193 млрд теңгеден астам қаржы алады. Бұл қаржы Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындауға жұмсалады.
Ал Қорғаныс министрлігінің өзіне бөлінген 312 млрд теңгенің 310 млрд теңгесін Қарулы Күштердің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етуге жұмсалады. Қалған 2 млрд 451 млн теңге қорғанысты және қарулы күштерді ұйымдастыру саласындағы мемлекеттік саясатты айқындау мен іске асыру жөніндегі қызметтерге бағытталады. Таратып айтсақ, министрлік қызметкерлерінің жалақысына, министрлік жұмысын ұйымдастыру үшін жұмсалатын шығындардың орнын жабуға жұмсалады.
Жыл сайын қорғаныс саласына бөлінетін қаржы көлемі аз да болса, көбейіп келеді. Мысалы, 2015 жылы қорғаныс саласына 422 млрд теңге бөлінген екен. Қорғаныс министрлігі осы қаржыдан 375 млрд теңге алып, Қарулы Күштердің автоматтандырылған басқару жүйесін құруға, әскери нысандар салуға, күрделі шығыстарға, Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін арттыруға жұмсапты. Ішкі істер министрлігіне 46 млрд теңге берілген. Ол қаржы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға, төтенше жағдайлардан қорғау нысандарын салу және реконструкциялауға, өрт қауіпсіздігі саласындағы стандарттарды әзірлеуге, төтенше жағдайлар жөніндегі мекемелердің және органдардың күрделі шығыстарына, төтенше жағдайлар саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерге, төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс корпоративтік ақпараттық-коммуникациялық жүйесін құруға, облыстық бюджеттерге, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының бюджетіне халықты, объектілер мен аумақтарды табиғи дүлей зілзалалардан инженерлік қорғау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге берілетін нысаналы даму трансферттеріне жұмсалған. Мұның барлығы ашық дереккөздерде жазылған. Салыстырсақ, бұл ауыз толтырып айтарлық қомақты қаржы емес. Қазақстанды әскери сала үшін ақша аямайтын алып елдермен салыстыру да орынсыз. Десе де, соңғы жылдары Қарулы Күштерге қаржы құюдан әлемде жарыс басталғандай. Мысалы, Стокгольм Бейбітшілік зерттеу институты (SIPRI) әскери салаға ең көп қаржы жұмсайтын елдердің рейтингін жасады. Әлем елдерінің 2019 жылғы шығындарын есептеу арқылы жасалған рейтингте АҚШ, Қытай, Үндістан, Ресей және Сауд Арабиясы көш бастап тұр. Алғашқы бестіктің өз арасында да бәсеке қызу жүріп жатқандай. Себебі 2018 жылы әскери салаға қомақты қаржы құйған елдер арасында төртінші орында тұрған Үндістан былтыр үшінші орынға көтерілген. Бесінші орындағы Ресей де бір саты жоғарылады. Осылайша, 2018 жылы үшінші орында нық отырған Сауд Арабиясы бесінші орынды місе тұтуына тура келді. Ал олар әскери салаға қанша ақша құяды? Әзірге АҚШ пен Қытайға жеткен ел жоқ. АҚШ 2018 жылы 649 млрд, ал былтыр 732 млрд доллар жұмсаған. Қытай 2018 жылы 250 млрд доллар шығындаса, былтыр 261 млрд доллар бөлген. Үндістан былтыр 71,1 млрд, Ресей 65 млрд, Сауд Арабиясы 61,9 млрд доллар жұмсаған. Үш ел де бұл салаға бөлінетін қаржыны 2018 жылға қарағанда айтарлықтай көбейткен. SIPRI рейтингінде әскери салаға қомақты қаржы құйған 40 ел ғана аталады. Қазақстан ол тізімде жоқ, әрине. Ал 2015 жылы жүргізілген зерттеу 63-орында тұрған еді.
Әлем елдерінің әскери әлеуетін сараптайтын Global Fire Power рейтингінде былтыр 54-орында тұрған Қазақстан биыл 63-орынға төмендеген. Аталған рейтингте де әдеттегідей АҚШ әскери державалар көшін бастаған. Бұл рейтинг әлемдегі 138 елдің әскери әлеуетін сараптайды. Ол үшін әскери салаға бөлінетін қаржыдан бөлек, қарулы күштердің материалдық-техникалық, жағрафиялық жағдайы, елдің өндірістік, логистикалық мүмкіндігі де ескеріледі. Global FirePower зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанның қорғаныс бюджеті 4 млрд долларды құрайды. Ал әскер сапында 132 мың адам бар дейді. Ал Әуе әскери күштері мен Әуе теңіз күштері, Әскери теңіз күштерінде 222 ұшу аппараты бар, оның 76-ы жоятын, 39-ы шабуылдаушы, 18-і әскери-көлік, 18-і оқу-жаттығу ұшағы, сондай-ақ 71 әскери, 18 соққы беретін тікұшақ бар. 15 әскери жауынгерлік кемені пайдаланатыны айтылған. Рейтингте елдің сыртқы қарызы, алтын-валюта резерві, сатып алу қабілеті де рейтингте маңызды рөл атқарады. Мысалы, Қазақстандағы мұнай саласы тәулігіне 1,7 мың баррель мұнай өндіреді.
Орталық Азия елдері арасында біздің елдің қорғаныс күші екінші орында тұр. Бірінші орындағы Өзбекстан бұл рейтингте 52-орынға жайғасқан. Бізден кейін Түркіменстан 77-орын, Тәжікстан 94-орын, Қырғыз Республикасы 98-орынды қанағат еткен.
Қай ел болмасын, көрпесіне қарай көсілетінін ескерсек, рейтингтің ортасынан орын алу – байбалам салар көрсеткіш емес. Бірақ бюджет қаржысын тиімді жұмсау арқылы рейтингті әлі де жақсартуға болады. Ол үшін қорғаныс саласына бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына назар аудару керек. Себебі жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еліміздегі ең жемқор министрліктерді атады. Қорғаныс министрлігі жемқор министрліктердің үштігіне енген. Өйткені былтыр бұл салада 28 лауазымды тұлға жауапқа тартылған-ды. Олардың басым бөлігі басшы лауазымындағы адамдар болған...