Мал ұрлау – ауыр қылмыс
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сенсек, 2019 жылдың алғашқы сегіз айында мал ұрлығына байланысты 2 868 қылмыстық іс тіркеліпті. Оның 1 581-і табылған. Яғни, 40 пайыздан астамы сол күйі ашылмаған. Бұл дерек жыл сайын қайталанып тұратындай. Мысалы, 2018 жылы елде барлығы 5 636 мал ұрлығы тіркеліп, оның 2 477-сі, демек 43 пайызы ғана ашылған екен. Бірі біліп, бірі білмес, 2019 жылдың қыркүйек айында Бас прокуратура бірқатар қылмыс түрлеріне, соның ішінде мал ұрлығына да жазаны күшейту туралы заң жобасын әзірледі. Ізін ала заң жобасы Сенат отырысында талқыға түсіп, қабылданды. Демек, барымта жасағандар бұрынғыдай мал иесімен ымыраға келіп, жазадан құтыла алмайды. Ауыр қылмыс саналғандықтан, 10 жылдан 12 жылға дейін қамалады. Бірақ ұрлық азайып жатқан жоқ. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері бірнеше мал ұрлығы тіркелді. 9 сәуірде Алматы облысының Жамбыл ауданындағы шаруа қожалығының бірінен 80 жылқы ұрлаған өзбек азаматы ұсталған болатын. Бәрін бірдей ұрламай, күн сайын шетінен айдап әкеткен бұл азаматтың артынша серіктесі де ұсталды. Олар 1 аптаның ішінде 44 жылқыны сойып үлгерген екен. Осыдан кейін мал ұрлығы кәсіпке айналғанына күмән болмаса керек. Сәуір айының аяғында Қызылорда қаласының тағы бір тұрғыны осы себеппен қамалды. Жалағаш ауданы Аққұм ауылынан жылқы барымталаған азаматтың карантин кезінде блок-бекетті қалай айналып өтіп жүргенін полиция да білмей аң-таң. Батыс Қазақстан облысына қарасты Қаратөбе ауданында да дәл осы жағдай. Наурыз айының соңында Төлен ауылынан 22 бас ірі қараны ұрлаған ағайынды жігіттер ұсталды. Осыған орай, ауыл тұрғындарына хабарласқан едік. Ауыл жұрты мал ұрлығы бұрыннан толастамай тұрғанын айтады. – Бітпейтін ұрлық. Не ұсталмайды. Ақыры полицияға ауылдың 15 адамы барып арыздандық. Содан соң құрықталыпты. Басында табылатынына сенбеген едік. Барлық малдың құнын өтегеннен кейін кешірім бердік. Соңғы кезде өз малымыз өзімізге бұйырмай кете ме деп қорқатын болдық, – дейді Бақытжан Тастаев. Ал аудандық полиция бөліміндегілер мал иелері кешірім бергенімен, тергеу жалғасып жатқанын жеткізді. – Іздестіру кезінде Сулыкөл ауылының тумасы, ағайынды екі жігітті қолға түсірдік. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1-бабымен (мал ұрлау) іс қозғалды. Малдың қолды болуына көбіне тұрғындардың өзі мүмкіндік береді. Қазір нағыз ұрлық «науқаны». Мал жоғалса 2-3 күн бойы өрістен іздеп жүрмей, уақытында шағымданған дұрыс. Әйтпесе, ұрылар ізін суытып үлгереді, – деді аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Нұрлыбек Сағидуллин. Көбіне мал ұрлығына байланысты дау бір сарында өрбиді. Мал иесі полицияны кінәлап жатса, полиция тұрғындардың бейқамдығына наразы. Дәл осы Батыс өңірде малды шекарадан өткізіп, Ресейге айдап кететін жайттар көп. Осылайша, мал иесінің маңдай тері ұрыларға пайда болып отыр.Індеттің де зардабы мол
Сәуір айында Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы Көктал ауылында 100-ден аса ірі қара мал белгісіз аурудан қырылып қалды. Белгісіз ауру дейтін себебіміз, ветеринар мамандар індет атауын дөп басып айта алмай отыр. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан құрылған ветеринарлық комиссия сынамаларды тексеріп жатыр. Бұл төтенше жағдай кезінде ел аумағында малға жұғып жатқан бір ғана індет емес. Жоғарыда айтып өткен БҚО, Қаратөбе ауданында ірі қара малдардан бруцеллез анықталған. Ветеринар мамандар төрт түлікке жаппай екпе салуда. Ал Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының ауылдарында мал құтырған. Ең қорқыныштысы, ит пен мысықтың да шалдыққаны. Асқар ауылында осыдан оншақты жыл бұрын құтырған ауруы шиебөрілерге де жұғып, ауыл ішінде адамдарға шапқан екен. Енді тұрғындар тағы дүрлігіп отыр. – Ауылда малдың құтыруы 2-3 жыл сайын қайталана береді. Мал дәрігерлері екпесін салып жатыр. Бірақ басқа да жағдайлар бар. Жуырда қасқыр да ауыл ішіне еніп, кейбір үйдің ауласына кірген. Бұрын мал құтырған уақытта шиебөрілер осылай жасайтын. Содан сескене бастадық. Аурудың қайталана беретінін түсінбей далмыз, – дейді Асқар ауылының тұрғыны Бақыт Амангелді. Қазақстанда ветеринар мамандарға қатысты сыни пікірлер жетерлік. Мал баққан ағайын үшін білікті мал дәрігерлерінің қажеттілігі сезіліп-ақ отыр. Бұл салада университет жанынан ғана құрылған ғылыми орталықтар аздық етеді. Ветеринария саласы салғырттықты көтермейтінін ойласақ, бұл мәселеге бүгін көңіл бөлген жөн. ТҮЙІН:«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ үшін төрт түліктің орны бөлек. Еңбегін сауып жүрген жанның малын біреу келіп барымталап, індет «жығылғанға жұдырық» болса, оңай соқпасы анық. Заң бар, бірақ заңнан айласын асырып жүрген барымташыларға қайтпек керек?
Мадияр ТӨЛЕУ