Лобби де, стереотип те сақталды
Әдетте, армия туралы сөз еткенде біздің тарихта бұрын-соңды тұрақты әскер болмағанын айтып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылдың 7 мамырындағы №745 жарлығының айрықша мәніне тоқталатынымыз бар. Сол жарлық шыққалы отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Қазір бұқара армияның құрылғанына емес, оның қуатының қандай екеніне, түрлі қауіп-қатерден елімізді қорғауға қаншалықты қабілетті екеніне назар аударады. Одан бөлек, 7 мамырды бұқараның гендерлік сипаттағы мереке ретінде қабылдайтыны тағы бар. Яғни, қоғам мерекені 8 наурыздағы әйелдердің халықаралық мерекесіне жауап ретінде бағалайды. Сөйтіп, мерекелер тізімінде де «гендерлік теңдік» бар.Бұл көзқарас өз кезегінде Қарулы Күштердің құрылған күнін айрықша мерекелер қатарына қосатын кеңестік кезеңнен келе жатқан көзқарасты да сақтап тұр. Белгілі мөлшерде идеологиясы бар, патриоттыққа бастайды деген үміті бар мереке. Іс жүзінде бұл күн әлдеқашан ер-азаматтар күніне айналып кеткен. Бір жағы 23 ақпанның баламасы. Мерекенің өзін осылай бағалаудың әсері армияға деген көзқарасымызды да теріскейдегі көршінің ұстанымы тұрғысынан қалыптастырғанға ұқсайды. Біздің қоғамда еліміздің қорғаныс қабілетінің жақсы болуын тек Ресеймен одақтас болуға апарып тірейтіндер, техниканың ең үздігі солардыкі деп бағалайтындар көп. Әскерилердің көбінің сондай ұстанымда жүретінін байқау қиын емес. Елімізде қабылданған әскери доктриналардың мәтіндерін Ресейдің тура сондай құжатымен салыстырсақ, көп айырмашылық байқалмайды. Тек Ресей әскери доктринасында стратегиялық мақсаттағы зымыран әскеріне айрықша бөлім арналады. Ол бізде жоқ. Мәтіндегі РФ мен ҚР сөздері ғана алмасып тұратын еді. Дегенмен 2017 жылғы әскери доктринамызда ғана ресейліктердің құжатынан сәл өзгеше мазмұн бар. Ол «гибридті күрес» мәселесіне қатысты ұғымдар. Өйткені 2014 жылы Мәскеудің Қырымды аннексиялау тәсілі гибридтік сипатта еді. Мұны тез түсіндік. Ал құжаттағы өзге ұқсастық кемі 80 пайыз болар. Мұның өзі әскерилердің жаһанға мәскеулік көзқараспен қарайтынын көрсетеді. Бұл өз кезегінде Қарулы күштердегі ресейлік лоббиді байқатып қалатыны бар. Он қару-жарақ сатып алу ісінен де байқап қаламыз. Мәселен, 2011 жылы біздің әскерилер орыстың өзі армиясына қабылдамаған БМТП «Терминатор» деген техниканы сатып алып, әскерімізге қосып қойған еді.Техника да, тәсіл де ескі
Ақпан мен наурызда жаһандық әскери өнердің тың үлгісіне куә болдық. Дәлірек айтқанда, заманауи техниканың ХХІ ғасырдағы ұрысқа қандай өзгеріс әкелетінін көрдік. Сол кезде Түркия армиясы Сирияның Идлиб аймағындағы ұрыста пилотсыз ұшатын құралдарды пайдаланып, қарсыласының талай техникасын талқандап тастады. Сөйтіп, ендігі ұрыс тек қана алыстан басқарылатын техниканың еншісіне бұйыратынын көрсетті. Яғни, заманауи техника қарсыластың жеріне қалың қол қаптатып, шеп құрудың, ұрыс машиналарын жеткізудің қажет емес екенін байқатты. Бұл оқиғаны жұрт әскери өнердегі күрделі өзгеріс деп бағалаған еді. Негізі, әскерилердің мұндай ұстанымға көше бастағаны тек биыл емес. АҚШ 2003 жылдан кейін ұрысқа өз жауынгерлерінің тікелей араласуын тежеп, шайқасқа адамның қатысуын мейлінше азайтуға тырысып келеді. Содан да болар, америкалық әскерилер қанатты зымырандарды, жоғары дәлдік көрсететін қаруларды пайдалануды ұнататын болып жүр. Әлгі пилотсыз ұшатын құралдарды да олар жиі қолданады. Тек соңғысының әскери тәсілдерге түбегейлі өзгеріс жасауына Түркияның әрекеті себеп болды. Демек,алдағы күндері дамыған елдер әскерінің негізгі бөлігін жасанды зейін орнатылған роботтар құрайтын болса, таңғалудың қажеті жоқ сияқты. Ал біз дәл осы тұрғыдан қарастырсақ, көштен қалып бара жатқанға ұқсаймыз. Өйткені біздің армияда заманауи техниканың үлесі көп емес. Рас, кейбір дерек көздеріне қарағанда Қазақстан Қарулы Күштері де пилотсыз ұшатын құралдарды пайдаланып жүрсе керек. Бірақ олардың саны қанша екені құпия. Біз тек 2016 жылы Қытайдың Wing Loong деген қондырғысын алғанымыздан хабардармыз. Кейбір ашық дерек көздері шағын пилотсыз ұшатын құралдар бар екенін көрсетеді. Алайда армиядағы мұндай құралдар саны тым аз екені белгілі жайт. Оның үстіне, әлгі Wing Loong-тан басқасы қаруландыруға жарамайтын, тек барлау мақсатына пайдаланатын техникалар. Демек, пилотсыз ұшатын құралдарымен қамтамасыз ету ісінде біз жаһандық үрдістен 10-15 жылға қалып қойдық. Одан бөлек, армияны робототехникамен қамтамасыз етуде де олқылықтарымыз көп. Рас, мина тазалайтын, антитеррорлық мақсат үшін пайдаланатын роботтарымыз бар. Олардың бірқатарын өзгеден сатып алсақ, тағы біреулерін өзіміз құрастырып жатырмыз. Мәселен, Robotron Aspandau компаниясының «Қарақұрт» атты әскери роботы өзімізде құрастырылған. Дұшпан мен өз әскерімізді ажырата алатын, автономды техника деседі мамандар. Бірақ оның да конвейерлік өндірісі жоқ. Яғни, армияны жарақтандырудағы жаңалықтар кешенді емес, жарнамалық сипатта жүріп жатқанға ұқсайды. Робот бар, пилотсыз ұшу құралы бар, жаңа бронды көлік бар.Алайда олардың жаппай қолданылуы жоқ. Мәселен, Қазақстанда «Арлан» атты бронды көлік жасалғанымен, әскерилер ресейлік, моральдық тұрғыда ескірген БМП-80 көліктерін сатып алғысы келетіндерін аңғартқан. Сөз басында ресейлік лобби туралы айтуымыздың сыры осында жатыр. Біздің танктеріміз 3+ сыныбына кіретін Т-72Б танктері. Оларды қанша модернизация жасағанмен бесінші түгілі, төртінші буын техникасымен бәсекелесе алмайды. Ұшақтардың ішінде 2000 жылдардан кейін зауыттан шыққандары сирек. МиГ-тер де, Су-лар да ескі. Мәскеу «сарапшылары» жер-көкке сыйғызбай мақтайтын МиГ-31-дің біреуі жуырда апатқа ұшырағанын жұрт естіді, көрді. Апатқа ұшыраған тікұшақтар мен ұшақтарды санасақ, жаңылып қалатындай болдық. БТР суға батып сарбаздарымыздан айырылған кезіміз де болған. Елордамыздың аспанын қорғап тұрған С-300 зымыран кешендерінің соңғылары 1994-95 жылдары шыққандар. Олар да ескі. Қорғаныс министрлігінің жаңа зениттік зымыран кешендерін сатып алуға тырысып, келіссөз жасап жатқаны жайлы естімеппіз. Тек 2012 жылы С-400 алмақ екен деген бір ақпарат жыл еткен, кейін жым-жырт. Танктердің де жаңасын алу мақсаты бар ма, жоқ па білмейміз. Әйтеуір, модернизация туралы дерек жиі кездеседі. Ал біздің армиядағы ең жаңа техникалар, бәлкім телекоммуникация мен әскери байланыс құралдары болуы мүмкін. Өйткені оны жасайтын өз кәсіпорындарымыз бар. Әрі ескі құралмен ХХІ ғасырда байланыс орнату мүмкін емес.Армиядағы жемқорлықты жоя алмадық
Қазақстан Қарулы Күштерінің қабілетін айтқанда еске түсе беретін тағы бір жайт бар. Ол – жемқорлық. Өкінішке қарай, отыз жылға жуық уақыт ішінде біз армиядағы жемқорлықты көңілден шығатындай деңгейде азайта алмадық. Былтырғы мәліметтерге сенсек, Қорғаныс министрлігі жемқорлық жайлаған құрылымдардың ішінде үшінші орында екен. 2019 жылы бұл саланың 29 қызметкері сотталыпты. Олардың 20-сы немесе75 пайызы басшылық қызмет атқарғандар. Ал тәуелсіздік алғаннан бері істі болған генералдар саны 30-ға жуықтаған шығар. Біз 2014 жылға дейін 21 генералдың сотталғанын анықтаған едік. Бұл ашық дерек көздеріндегі мәліметтерге сүйене отырып жасалған зерттеу болатын. Құпия істер де болуы мүмкін. Сол зерттеуден бері алты жыл өткенін ескерсек, сотталған генералдардың саны кемі 25 болған шығар. Соңғысының үстінен биыл ақпанда іс қозғалды. Біз өзіміздің жеке есебімізге Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінің генералдарын қосқан едік. Ең қызығы, істі болғандардың көбіне екі айып тағылады. Сыбайлас жемқорлық және қызмет бабын асыра пайдалану. Міне, мұның өзі армиядағы жемқорлықтың қандай деңгейде екенін байқатып тұр. Әскерилер арасында армия құрылған кезде-ақ оны оңай ақша табудың жолы ретінде қарастырғандар болған. 1995-2000 жылдары біздің жоғары шенді әскерилердің шетелдерге біраз дүние-мүлік сатып жібергені бар. Айталық, 1999 жылы Солтүстік Кореяға МиГ-21 ұшақтарын сатып, онымыз әшкере болған. Айдай әлемнің алдында абыройымыз төгілген оқиғада елдің беделін сақтау үшін сол кезде вице-премьер һәм Сыртқы істер министрі қызметін атқарып тұрған Қ.Тоқаев «Тергеу нәтижесі бір топ тұлғаның КХДР-ға ұшақтар партиясын жеткізіп, сол үшін америкалық доллармен мол қаржы алғанын көрсетті... Президент те, Үкімет жетекшілері де ұшақтардың аталған елге жеткізілгенін білмеді» деген еді. Бірақ атышулы оқиғадан соң жоғары шенді әскерилер ұсталмай кетті. Тек генерал Б.Ертаевтың ізіне түскендер болған, бірақ адал офицерлер генералдың жағына шығып, оны арандатпақ болғандардың жоспары жүзеге аспаған еді. Жалпы, әскерилердің жемқорлығы тек МиГ-21-ден бұрын да, кейін де болған, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 1995 жылы Ресейдің шығысындағы Хасан шекара бекетінде Алматыдан Пхеньянға бағыт алған эшалон тоқтатылған. Онда зениттік зымыран кешендері болыпты. Оны да әскерилер теріскейлік корейлерге сатпақ болса керек. Сонымен қатар 1994-1996 жылдары сол кездегі Югославияға «Игла» және «Стрела» тасымалданатын зениттік зымыран кешендерін сатыппыз. Ол да заңсыз еді. Бұл деректерден бөлек, израильдік ескі-құсқы техниканы елге әкеліп, онысы іске жарамай ұятты болған офицерлер де кездескен. Тіпті, 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігіндегі жемқорлық елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін деңгейге жеткенін айтып, кейіген еді. Ал былтыр Арыста жарылған қоймадағы оқ-дәріні жою мақсатында бөлінген қаржының да қолды болғаны анықталған. Шамамен 1,7 млрд теңгені кейбір пысықтар қолды қылыпты. Бәлкім, содан да шығар, бір жыл бұрын Арыстағы ескірген оқ-дәрі жарылып, елді дүрліктіргені бар. Айта берсек, армиядағы жемқорлыққа қатысты сансыз дерек келтіруге болады. Бұл да қорғаныс қабілетімізге әсер ететін фактор екені анық. Түйін:Әрине, мейрам қарсаңында еліміздің қорғаныс қабілетін мансұқтап, бұқараның көңілін түсіргіміз келмейді. Бірақ әскерімізде мәселе көп екенін айтпасақ, тағы болмайды. Өйткені салада мәселе аз емес. Келісімшарт әскерінен бастап, армия мен халықтың байланысына, тыл қызметіне, әскерилердің әлеуметтік жағдайына, бұқараның армияға деген сеніміне дейін сансыз мәселені айтуға болады. Айтып, көрсеткен соң ғана мәселелерді шешу жолдарын қарастырудың мүмкіндігі туады. Әйтпесе, мереке кезінде сарбаздар мен жауынгерлердің қызметін кемсітейік деген ой жоқ.
Амангелді ҚҰРМЕТ