Ернар Айдар ісі өзгеге сабақ бола ма?
Ернар Айдар ісі өзгеге сабақ бола ма?
368
оқылды
Әлеуметтік желіде ұтыс өткізіп, тікелей эфир кезінде тұтқындалған, дегенмен сәл кейінірек босап шыққан әнші Ернар Ай­дар қазір елдің наза­рында. Әнші араға бірне­ше күн салып, желідегі парақ­шасында қалың көпшілікпен бірге өзінің де алданғанын айтып, тыңдармандарына үндеу жолдады.
«Ардақты ағайын, бүгін ға­на телефонды қолыма алдым. Бірін­шіден, мен үшін уайымдап, қолдау көрсетіп жатқан бар­ша ағайынға алғысымды білді­ремін және осы істің ақ-қара­сын білмей сыр­тымнан қара­лап жатқан ағайынға Алла сабыр берсін. Сол ұтыс ойынын ұйым­дас­тырғандардың барлығы қамауда. Қазір Алма­ты қаласы Экономикалық тергеу де­партаменті тергеу жұмыста­рын жүргізуде. Ал оның әділ өтуіне мен де көмегімді беріп жа­тырмын. Сол тірлікке көме­гімді беремін деп мен де алда­нып қалдым. Баршаңызға сабыр тілей­мін. Барлығы әділ өтеді деген се­німдемін», – деді әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алматы қаласы Эконо­ми­ка­лық тергеу департаменті бас­пасөз қызметінің мәліметін­ше, тұтқындалғандарда әлеумет­тік желіде ұтысқа тіккен пә­тер де, төрт қымбат көлік те, тұр­­мыстық техника да болмаған. «Қатысу­шыларды алдап, сендіру үшін олар жеке тұлғалардан 4 көлікті жалға алған. Интернет кеңістігінде жарнама жасау арқылы құны 9 900 теңге тұратын 20 000-нан ас­там ұтыс билеті сатылған» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Қазіргі кезде тұтқындалғандардың үстінен 190-бап – «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен алаяқтық әрекеті» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар барлығы – 12 адам.  

Бұл бірінші жағдай емес

Негізі, бұл еліміздегі лотерея ойнатып ақша табуды көздеген бірінші жағдай емес. Бәйгеге кө­лік, үй, басқа да қымбат зат­тар тіккендердің бас-аяғы Ернар Айдар болып тұрған жоқ. Әуелі Нұрлан Еспанов 20 көлік тігетінін айтып жарияға жар салған. Дегенмен әнші «Біздің түріміз танымал болғандықтан, компания тарапынан осы өнімді жарнамалап беріңізші деп ұсыныс айтады. Бұл жекеменшік лотерея емес. Үлкен автоорталықтың құ­зы­рындағы жұмыс. Мен жай ғана амбассадорымын. Соны түсініп алу керек» деп ақталып, өзіне сын айтқан белгілі жур­налист Арман Сқабылұлына «Лотерея ойнатып, Арыс халқына қайырымдылық жасадым» деп жауап берген болатын. Сосын айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева 7 мың теңгеге кітап сатып, құны 100 миллионға ба­ғаланған Астанадағы пентхаусын ұтысқа тікті. Одан кейін Бүркіт пен Аиша екі пәтер, бес көлік ұсынды. Әнші Алмас Кішкенбаев та елордадағы екі бөлмелі пәтерін ойынға салды. Айта берсек, тізбек әрі қарай жалғасып кете береді. Мәселе ушығып бара жатқан соң осыдан біраз бұрын Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Ұлттық лотерея операторынан лицензия алмай, Instagram-да үйін, көлігін ұтысқа тіккен азаматтар енді жазаланады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК, шағын бизнес субьектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін 700 АЕК, орта бизнес үшін 1 000 АЕК, ірі бизнес үшін 2 000 АЕК» деген болатын. Біраздан бері Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан «Лотереялар және лотереялар қызметі» туралы заң жобасы, дәлірек айтсақ, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар біраз күн бұ­рын мақұлданды. Енді ол Пар­ламент Сенатына жіберіледі. Толықтырулар енгізілген жаңа заң бойынша лотерея операторынан басқа жарнамаларда «лотерея» сөзін қолдануға, Ұлттық лотерея операторынан арнайы лицензия алмай, әлеуметтік желілерде ұтыс тігіп, лотерея ойнатуға тыйым са­лынады. Ал лотерея қызметін реттеу құзыреті Мәдениет және спорт министрлігіне беріледі. Олар лотерея өткізудің тәртібі мен талабын жасайды.  

Жаңа заң бейберекет ұтыс ойындарын өткізушілерге шектеу қоя ала ма?

Елімізде «ҚР Лотереялар мен лотереялар қызметі туралы» заң 2016 жылы қабылданған. Ал Ұлттық лотерея операторы болып 2017 жылы «Сәтті жұлдыз» АҚ бекітілген. Ол лотерея би­леттерін сатуға, ұтыстарды тө­леуге, бюджетке салық төлеуге, спортты дамыту үшін арнайы төлемдер жасауға және тағы бас­қаларға міндетті. Министрдің мәліметі бойынша, Ұлттық лотерея операторы заңға сәйкес тоқсан сайын спортты дамытуға арнайы қаржы (15 пайыз) бөліп отыруға тиіс. Бұл қаражат Ұлттық Олимпиада комитетіне бөлінеді. Бөлінген қаражат олимпиадалық спортты қолдауға арналған. Біз «Дайындалып жатқан заң жобасы бейберекет ұтыс ойын­дарын өткізушілерге шектеу қоя ала ма?» деген сауалды Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина ханымға қойған едік.
«Шектеу болады. Осындай заңсыз ойындарға жол бермеу үшін осы заң жобасы қабылданып жатыр. Бірақ бұл жерде халықтың өзі де аңқау болмауы, алдануға дайын тұрмауы керек. Қанша жерден заңды жетілдіргенмен, арсыз адамдар әр кезде табылады. Сондайлардың арбауына тү­сіп қалмау үшін халқымыз қабыл­данып жатқан заңдарды да оқып, екіншіден, өздерінің сана-сезім­дерін де көтеру керек. Әйтпесе, алдап, арбаушылардың құры­ғына түсіп қалады да, Үкіметтен көмек сұрайды. Заңда бәрі анық жазылғанымен, халық алдана береді. Заңды Парламент қабыл­да­ға­нымен, оны іске асыру, наси­хаттау жағы да жетпей жатады. Ол Үкіметтің, мемлекеттік орган­дар­дың қолында. Халықтың құқық­тық білімін дамытуға өзіміз де ат­салысуымыз керек. Осындай күмән­ді жағдайда министрлікке немесе әкімшілікке телефон соғып, сенуге бола ма, болмай ма, кеңес алуға болады. Өзі күмәнданған жағдайда ақшасын салмай тұрып анықтап, біліп алуы тиіс. Бар заңды қолдана білуіміз керек», – дейді спикер.
 

Кірістер комитетінің әрекеті қандай?

Кез келген табыс тапқан адам салық төлеуге міндетті. Оны бәрі біледі. Дегенмен соңғы кездері қаптап кеткен түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастырушылар салықтан жалтарып кетпей ме? Мемлекеттік кірістер комитетінің осындай түрлі жағдайда олардан салық өндіру әрекеті қандай?
«Кез келген табыс табу ықти­малдығы бар тұлғалар қадаға­ланып отыр. Бәрі Мемлекет­тік кірістер комитетінің бақы­лауында. Оны анықтау шаралары үнемі жасалады. Жай ғана так­систердің өзін бақылауда ұстап отырған кезде мұндай қомақты салық төлеушіні қалай жіберіп қоямыз? Ал оны анықтау шара­ларын жарияламаймыз. Жеке-жеке атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, өткен жылы Алматы қаласында екі адамнан бюджетке 82 миллион теңге ақша түсті. Зерт­теу нәтижесінде біреуі осын­дай ло­терея ұйымдастырған, екін­шісі тренинг өткізген. Біз қа­рап отырған жоқпыз. Instagram парақшасында жарнама жасай­тындар бар. Оларды да қадаға­лап отырмыз. Анығы – керек заңды жете білмейміз, сондықтан да алаяқтардың арбауына түсіп қа­ламыз, – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен байланыс басқар­масының басшысы Олжас Отар.
Мәжілісте мақұлданып, Се­натқа жіберілген «Лотереялар және лотереялар қызметі» ту­ралы заң жобасы бойынша ло­терея операторына қатысы жоқ тұл­ғаларға лотерея ойнатуға бол­майды. Лотерея жарнамасына тыйым салынады. Құжат бо­йын­ша алдағы уақытта 1 кодекске, 2 заңға өзгеріс пен толық­тыру ен­гізіледі. Әншілер алдағы уақытта елдің алдында жүріп, ойламаған жерден опық жеп, «алдандым, алдады» деп ақталғанша, қабыл­да­нып жатқан заңға назар ауда­рып, не болмаса білікті заң сала­сы ма­мандарынан кеңес алып отырса, жөн болар еді. Әйтпесе, халықтан кешірім сұрап, әрі қарай шаруасын күйттеп жүре беру әдетке айналып бара жатқан сыңай­лы.    

 width=   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ