Кеше салынған ғимарат бұзыла бастады
Кеше салынған ғимарат бұзыла бастады
277
оқылды
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала ау­мағын­дағы бірқатар ай­мақ­ты ара­лап, тұрғын­дар­мен кездесті, құры­лыс жұ­мыстарымен та­ныс­ты. Пайдалануға берілгеніне 5 жыл да толмаған Нұрсәт шағын­ауда­нын­дағы №18, 19 көп­қабатты үй­лердің сыртқы келбеті сын кө­тер­­мейді. 2016 жылы салынған тұр­ғын үй қабыр­ғаларының әрі көшіп, жауын-шашынға шы­дас бермеген. Бұл мәселе қала тұрғындарын көп­тен бері мазалап жүрген болатын. Тұр­ғындар шағымын қала әкі­міне де жеткізген. Мұрат Дүй­сенбекұлы осы жайтты көз­бен көріп танысу үшін аталған ны­санға келді, тұрғындардың ша­ғымдарын тың­дады. Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов кездесу барысында көп­қа­­батты үйлердің құрылысын алма­тылық құрылыс компаниясы жүргізгенін айтты. «Құрылысын жүргізген мердігердің 5 жылдық кепіл мерзімі де аяқталмаған. Алайда аталған компания бүгінгі таңда жұмысын тоқтатқанымен, заңды түрде банкрот деп жария­лан­баған. Сол себепті біз мер­ді­герді сотқа беріп, жеңіп шық­тық», – деді басқарма басшысы. Ал қала басшысы бұл мәселе бойынша сала мамандарымен және құрылыс компанияларымен сөйлесіп, тұрғын үйдің сырты­на жөндеу жұмыстарын жүр­гі­зу­дің түрлі жолын қарас­ты­­рып жат­қанын атап өтті. «Мер­ді­герлердің қателігі үшін тұр­ғын­­дар зардап шекпеуі тиіс. Сон­дықтан бұл мәселені тіке­лей на­зарымда ұстайтын бола­мын. Жан-жақты жолдарын қарас­ты­рып, демеушілер тартуды да ойластырып жатырмыз. Сәл шыдамдылық таны­тып, сабыр сақтаңыздар», – деді қала әкімі. Айта кетейік, нұрсәттіктердің басындағы мәселе асарлық тұр­ғындарда да кездеседі. 2016 жылы пайдалануға берілген 5 қабатты 30 үйдің көбінің сыртқы қасбеті бұзылып, көркі қашыпты. Қала тұрғындары осынау жайтты Мұрат Дүйсенбекұлына бұдан бұрын да жеткізген болатын. Де­меушілер есебінен жөндеп беруді уәде еткен қала басшысы бүгін сол үйлердің іргетасын қалаған «АҚ ордасы» құрылыс ком­паниясы кепілдік мерзімінің өтіп кеткеніне қарамай, өз қара­жаты есебінен жөндеу жұмыстарын бастап кеткенінің куәсі болды. Ал аудан тұрғындары уәдесінде тұрған қала әкімі мен демеуші компанияға алғысын білдіріп жатты. «Бір ауыз сөзімізді жерге та­с­тамай, уәдеңізде тұрға­ны­ңыз үшін үлкен рақмет. Міне, өзіңіз көріп тұрғандай жөн­деу жұмыстары басталды. Тұр­ғын­дар дән риза. Мердігер компа­нияға да, сізге де алғысы­мыз шек­сіз», – деді Асар шағын­ау­­дан­ының тұрғыны Салтанат Сұл­тан­мұратова.  

Сапалы электр қуатына қосылар күн жақын

Одан соң, Қайтпас-1 ша­ғын ауданында болған шаһар бас­шы­сы мұндағы тұрғындардың са­пасы төмен жекеменшік жа­рық жүйесіне деген шағымын тыңдады. Бұдан бөлек, шағын ауданда жол, ауыз су, газ, қоғам­дық көлік мәселесі де өзекті бо­лып тұр. «Қуаты әлсіз жекеменшік электр энергиясын тұтынып отыр­ғандарыңыздан хабарым бар. Кезінде осындағы 416 үйге жарық жүйесі жетпей қалған екен. Осынау кем-кетік мәселелерді ескеріп, қуат жүйесін жүргізуге байқау өткіздік. Мердігер мекеме де анықталды. Енді таяу күндері олар өз жұмысын бастайды. Құры­лыс жұмыстарын күзге дейін бітіруге әрекет жасаймыз. Сапа­лы энергияға қол жеткізетін күндер де алыс емес» деп сүйінші хабарды жеткізіп, тұрғындарды қуантып қойды қала басшысы. Ал су мен газдың инфрақұрылым жұ­мыс­тарына биыл жобалық-смета­лық құжаттар әзірленбек. Қоғам­дық көлік бағыттарына зерде­леу жұ­мыстары жүріп жа­тыр. Алдағы маусымда мұның да түбе­гейлі ше­ші­мі табылмақ. Мұнан соң, әкім «Ескі қала» шағынау­да­ны арқылы өтетін Қонаев кө­ше­сін ұзарту мақсатында жүріп жат­қан құрылыс жұмыстарымен танысты. Айта кету керек, мұнда жолды кеңейту шаралары үшін қажетті жердегі тұрғын үйлер бұзылып, топырағы алынып, тас төсеу жұмыстары қызу жү­ріп жатыр екен. Жауапты бас­қар­ма өкілі құрылыстың бекітіл­ген кестеге сай тоқтаусыз жү­ріп жатқанын жеткізді. «Бұл – Қонаев көшесін ұзарту үшін жү­ріп жатқан бірінші құры­лыс учаскесі. Ұзындығы 580 метрді құрайтын аумаққа қазы­на­дан 725 миллион қаржы қа­рал­ған. Осы уақытқа оның 101 мил­лион теңгесі игерілді. Биыл тағы 200 миллион теңге бө­лі­ніп отыр. Қалған қаражат ал­дағы уақытта берілетін болады. Дәл қазір кәріз жүйесі мен электр бағаналарын, газ жүйесін алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Мұнан бөлек, бұл жердің топырағы құрылысқа жарамсыз. Сондықтан топырағы алынып, тас төселуде», – дейді жолаушылар көлігі және авто­мо­биль жолдары басқар­ма­сы­­ның бөлім басшысы Қайрат Баймендиев.  

9 мектеп пайдалануға беріледі

Осы күні қала басшысы жаңадан бой көтеріп жатқан білім ошақтарының құрылыс жұмыстарын да көрді. Алдымен Арғынбеков көшесінің бойынан салып жатқан 1200 орындық мек­тепке аялдап, оның құры­лы­сын жүргізіп жатқан «Ата­ме­кен» корпорациясының жұ­­мыс­­­шыларымен жүздесті. Ғи­ма­раттың қабырғасы көтері­ліп, шатыры жабылыпты. Мерді­гер компания басшысы нысанды қыркүйек айында тапсыруды жос­пар­лап отыр. 3 гектар жерге орналасқан осынау мектептің құрылысына 1 млрд 900 млн теңге қарастырылыпты. Қала әкімі одан соң Асар-2 шағын ауданында бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектепке барды. Іргетасы қаңтар айында қалана бастаған білім ошағы жоспар бойынша желтоқсанда бітуі тиіс. Құрылысты жүргізіп жатқан «МК технострой сервис» компа­ниясының өкілдері пан­де­­мияға байланысты елдегі тө­­тен­ше жағдай кезінде ғима­рат­­­тың сыртқы қасбетіне қо­йы­­ла­тын керамогранитті Ре­сей­ден алдыру қиын болып жат­­қанын алға тартты. Ал Са­мал-3 шағын ауданындағы №6 емхана маңынан бой көтеріп жатқан мектептің құрылысына бюджеттен 2 миллиардқа жуық қаржы бөлініпті. Білім ошағы са­наулы күнде пайдалануға беріл­мек. Жаңа ғимаратты аралап көр­ген Мұрат Дүйсенбекұлы қыркүйек­те оқушыларды қабыл­дауға дайын­дау­ды тапсырды. Айта кетейік, биыл Шым­кентте 9 мектеп пайдала­нуға берілмек. Оның үшеуі 1200 орын­дық жаңа мектеп болса, бесеуі – 300 орындық қосымша құрылыс. Тағы біреуі – 100 орындық саз мектебі.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы