Ірі зауыт іске қосылды
Ірі зауыт іске қосылды
135
оқылды
Мамырдың алғашқы күні Талдықорғанда  көптен күткен жобаның алғашқы кезегі іске қосылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған «Талдықорған» индустриалды аймағында іргетасы қаланып, бірер жылдан кейін халыққа қызмет етуге тиісті деген жобалардың бірі – Жетісу өңірінде көптеп өсірілетін майлы дақылдарды қалдықсыз, тереңдете өңдеу арқылы сұйық май, тоңмай мен мал азықтарын шығаратын «Жетісу-МаЖиКо» зауыты ашылды. Басында «Мажико» деген сөзді француздарға тән ұғым екен деп жүргендер кәсіпорын­ның ашылуы кезінде оның орысша: «Масло. Жиры. Корма» деген сөздердің қысқартылған нұс­қасы, қазақшалағанда: «Май. Тоңмай. Мал азығы» де­­генді білдіретініне көз жет­кіз­ді. Ірі жобаға инвести­ция сал­ғандар да, алдағы кезде жұ­­мысын үйлестіретіндер де қа­зақ­стандықтар. Тек су жаңа әрі заманауи құрал-жабдықтар мен технологиялық желілер ғана шетел­ден жеткізіліп, орна­тыл­ған. Осылайша, 1 мамыр мере­ке­сі күні Алматы облысы орта­лы­ғында тәулігіне 500 тонна майлы дақыл­дарды өңдейтін, жалпы құны 4,4 млрд теңге бо­ла­тын аса ірі жоба іске қосыл­ды. Бұл жетісулықтар үшін баға жетпес тарту болғаны анық. Инвестициялық қаржыға са­лын­ған зауыттың ашылу салта­на­т­ына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, осы жо­ба­ның инвесторлары, бір кез­дегі пре­мьер-министр, қа­зір­­гі кезде есі­мі елге белгілі кә­сіп­кер Сергей Те­рещенко мен жұрт жақсы біле­тін бизнесмен Те­мірхан Дос­мұ­хам­бетов қатыс­ты. – Осы индустриалды ай­мақ­­­тың жұрт игілігі үшін же­місті жұмыс істеуіне жергі­лік­­ті билік барлық қажетті жағ­дай­ды жасап, барынша қол­дау көрсетті. Жарық жеткі­зіл­­ген, суы, газы, қажетті инфра­құ­ры­­лымдары тартылған. Енді тек қана кәсіпорындарды тұр­ғы­зып, іске қос та, елге қа­жет­­­ті өнімдерді шығара бер. Бүгін жобаның алғашқы кезегін қос­­тық. Алдағы кезде қоспа жем өндірісін, жеміс сүрлеу за­уыт­­­т­арын пай­да­­лануға беру­ді жос­парлап отыр­мыз. Ал бірін­ші кезеңінде күн­бағыс пен рапс­­тан өсімдік ма­йын шы­ға­ра­тын зауыт аштық. Кә­сіп­­кер­лер­ді индустриалды ай­мақ­қа ел сұранысына ие да­йын өнім­­дер шығаратын зауыттар са­луға шақырамын, жаңа жұ­мыс орындарын бірге құрып, отандық өнімдерді өндіруге бір кісідей атса­лысайық, – деген С.Те­ре­щен­ко облыс бас­шы­лы­­ғына, серік­тестеріне, құры­лыс­­шыларға және осы жо­баны жү­зеге асыруға атса­лыс­­­қан жан­дардың бәріне алғысын жет­кіз­ді. Облыс әкімі Амандық Баталов: – Бүгін елімізде ерекше ме­ре­­ке – Қазақстан халқының бір­­лігі күні. Біз бүгінге дейін жет­­­кен жетістіктеріміздің бар­лы­­ғына береке-бірлігіміздің, тату­­­лы­ғымыздың арқасында қол жет­кіз­дік. Алматы облы­сын­­­да тұратын түрлі этнос өкіл­дерінің әрқайсысы өңірдің әлеу­меттік-экономикалық да­муы­на өзіндік үлесін қо­суда. Олардың ара­сын­да жер­гі­лікті кәсіпкерлер мен ин­вес­торлар да бар. Көріп отырғандарыңыздай, бірлескен қарекеттің арқасында «Талдықорған» индустриалды ай­мағында майлы дақылдар өң­деп, өсімдік майын шығаратын за­уытты іске қостық. Отандық ин­­вес­торларға бізге сенім ар­тып, халықтың қамын ойла­ғаны үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өз тарапымыздан индус­триал­ды аймақ құрып, оны қа­жетті инфра­құры­лыммен толық қам­тамасыз еттік. Мемлекет қолдауының және эко­номикалық бағытта қабыл­дан­ған шаралардың арқасында өткен жылы Алматы облысында өнер­кәсіп өнімінің жалпы кө­лемі 1 триллион теңгеге жуық­та­ды. Мемлекет басшысы жүк­те­ген міндеттерді орындау мақ­­сатында өңірге инвестиция тарту, жаңа технологиямен жұ­мыс істейтін заманауи өндіріс орын­дарын ашу, жаңа жұмыс орын­дарын құру бағытында нақ­ты жұмыстар атқа­рудамыз. Бүгінгі ашылып отыр­ған зауыт – соның айқын айғағы, – деді облыс әкімі. Бизнесмен, Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек сіңір­ген қайраткері Темірхан Досмұхам­бе­тов өңірдің әлеуметтік-эко­но­­микалық дамуындағы жетіс­тік­тер­ге көңілі толатынын айтты. Алматы облысының жедел да­мып келе жатқанын, бизнеске қа­жетті инфрақұрылымның жақ­­сар­ғанын, облыс бас­шы­лы­­ғы тарапынан инвестор­лар­ға қо­лай­лы климат қалыптас­ты­рыл­ғанын атап өтіп, соған сай өңірге инвестиция тартылып, өндіріс өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын мәлімдеді. Жетісулықтарды жаңа зауыттың ашылуымен құт­­тықтап, зауыттың табысты жұ­мыс істеуі үшін келесі жылы 500 гектарға рапс өсіріп, одан әрі алқабын кеңейтіп, жан-жақ­ты қолдау жасайтынын мә­­лім­­деді. Кәсіпорынның лентасы қиыл­­ғаннан кейін қонақтар зауыт ішін аралап, «Жетісу-МаЖиКо» агро­­кешені» ЖШС пре­зиденті Сер­гей Симоновтың бас­тауымен кәсіп­орын жұ­мы­сы­­мен танысты. Жобаның жалпы құны – 4,4, млрд теңге, бірінші кезеңде 50 жұ­мыс орны ашылды, алдағы уа­қытта кәсіпорын толық қуа­ты­­на шаққанда және зауыт іргесін кеңейту барысында 500-ге тарта жұмыс орны құрылады деп жос­пар­­ланған. Жаңа зауыт ыстықтай сы­ғым­­­дау тәсілімен тәулігіне 500 тонна рапс және 400 тонна күн­бағыс өңдеп өсімдік майы мен жом өндіреді. Қазіргі кезде кәсіп­орын шикізатпен толық қам­тылған, германиялық құ­рал-жабдықтар орна­тылған, сол арқылы алына­тын өнім сапа­сын жақсарту үшін майлы дақыл тұқымдарын экс­тру­зионды технологиямен өңдеу тәсілі қолданылады. Дайын өнім жергілікті нарыққа шы­ға­­рылады, сонымен қатар таяу болашақта шетелдерге экс­порт­та­лады. Облыс әкімі баспасөз қыз­ме­­тінің хабарлауынша, жақын арада Талдықорғанда 528 жаңа жұмыс орны болатын, жалпы құны 22,9 млрд тең­ге­ні құрай­тын тағы 3 ірі ин­вес­­ти­ция­лық жоба жүзеге асыры­ла­ды және олар­дың екеуі «Талдықорған» ин­дус­триалды аймағына орна­лас­­ты­рылады.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы