Ономастикалық атауларды латын әліпбиінде жазуда қиындатпау керек
Ономастикалық атауларды латын әліпбиінде жазуда қиындатпау керек
410
оқылды

Қазақстан тәуелсіздік алған ал­ғашқы жылдардан бері қазақ хал­қының есімдер, фамилия жасау жүйе­сі ұлттық үрдіске бет бұрды. Ұлты қазақ азаматтардың есім-фа­милиялары қазақ тілінде, ұлттық дәс­түрге сай жазыла бастады. Оған Ел­басының «Ұлты қазақ азамат­тар­дың тегі мен әкесінің атын жазу­ға байланысты мәселелерді ше­шу тәртібі туралы» 1996 жылғы 2 ақпандағы Жарлығы мұрындық бол­ды. Алайда республикадағы құ­жаттаушы орындар көптеген қиын­дықтарға тап болып, азамат­тары­мыздың аты-жөндері туу туралы куә­лік, жеке куәліктерде көптеген жағ­дайда бұрмаланып жазылып ке­леді. Латын графикасына көш­кен­нен кейін осы сынды қате­лер­ден арылатын боламыз.

Ономастикалық ережелер жа­сау­ға жауапты маман ретінде бізді алаң­дататын бір жайтқа назар аудар­ғымыз келген еді. Жаңа ереже ма­құлданды, оның кейбір тұстарын тіл­ші мамандар талқылап, пы­сық­тауда. Ереже баптары бойынша ли­н­гвистер негізінен ортақ ше­шім­ге келгенімен, бірқатар маман тара­пынан келісе алмай отырған бір­шама тұсы бар. Әсіресе, «и» мен «у»-дың жазылуына қатысты. Мұ­ның кісі есімдерін, тек атауларын, гео­графиялық атауларды жазуға ті­келей қатысы бар. Баспасөз бет­терінде, әлеуметтік желіде, ғылыми бас­қосуларда бұл жөнінде екіұдайы пі­кір айтылып келеді. Жаңа емле ере­желерінде айтылудағы уі (й), iı (ý) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында «ı» әрпімен жазылады: ıgilik, ıman т.б. делінген.

Фонетист ғалымдар мен қатар гра­м­матология, морфология, сөз­жа­саммен айналысып келе жатқан ға­лымдардың пікірін қысқаша тұ­жырымдасақ. Емле ережесін жа­сау­шылардың байламды көзқарасы жаңа ереже оқуға, жазуға қолайлы, тілді үйренуге жеңіл болуы керек, яғни морфологияға немесе таза фо­нетикаға сүйеніп, сөзді ұзартып, емле ережесін күрделендіре берудің қажеті жоқ дегенге саяды. Ал кейбір ғалымдар тіліміздің жазуын айтылым табиғатына сай, яғни сөз қалай айтылса, солай жазылуы ке­рек деген ұстанымда. Басты уәж­дері – қазақ сөзі орыс жазуының ықпалынан шыға алмай, санада мық­тап орныққан, яғни жазу өз та­биғатына оралуы тиіс. Бұл ұста­ным бойынша киім - кийім [kıyim], су - сұу [suw], ине - ийне [ıyne] деп айтылым бойынша жазылады. Сондай-ақ «ю» әрпі йұу, йүу тіркестерінің таңбасы болады және былай жазылады: аю/айұу - aıuý, ою/ойұу - oıuý, үю/үйүу - úıúý, түю/түйүу - túıúý. Бұл жазуды тілші ма­мандар өзара шартты түрде «та­ра­тып жазу» деп те айтып жүр.

Таразы басындағы екі жақтың да уәждері салмақты, өзіндік ғы­лыми негіз-дәйектері бар. Сонда айтылуы бойынша тіліміздің төл табиғатын сақтап, таратып жазу дұ­рыс па, жоқ оқу, жазу, қабылдау, үй­рену процесін жеңілдететін, уа­қытты үнемдейтін ықшамдалған ор­фографиялық жазу дұрыс па?

Беделді отандық және шетелдік мамандардың пікірінше, жазу «таза орфографиялық» та, «таза фоне­ти­ка­лық» та болмауы керек. Яғни, тек айтылым бойынша ауыздан шық­қан сөз айнытпай жазылса, ол қа­ра­пайым фонетизмді (наивный фонетизм) ұстану болып шығады. Дыбыстарды айтылуы бойынша фонемалар таңбалайды, мысалы, ит­мұрын сөзі – йітмұрұн. Бұл жер­де буын қуалау, яғни дауыссыз/дауысты принципіне сүйенеді. Сон­­да таратып жазу алгоритмі бойын­ша қалай айтылады (ес­тіле­ді), солай жазылады. Орфоэпиялық жа­зуды қуаласақ, онда орфог­ра­фияға орын жоқ болады, яғни ем­ленің қажеті не? Осы жайтқа бай­л­анысты қазақ тіл білімінің ал­ғаш­қы теоретиктерінің бірі Елдес Омарұлы 1929 жылы шыққан «Емле мәселесі» кітабында былай дей­ді: «Қазақша жазудың жолы ды­быс жүйесінше дейміз. Бірақ та­за дыбыс жүйесінше болып шы­ғатын емле ешбір тілде де болған емес. Ондай емленің болуы мүмкін де емес. Біз өз елімізді дыбыс жүйе­сінше дегенде, оны басқа тілдердің ем­лесімен салыстырып, басқа ем­лелерге қарағанда дыбыс жүйесінің жо­лына анағұрлым жуық болған соң, сонымен ғана дыбыс жүйесін­ше дейміз... Емле дегеннің өзі жа­зудың ережесі деген сөз ғой. Ем­ле болған соң-ақ онда ереже болмай қалмайды. Жазу таза дыбыс жүйесінше болса, онда іш ереже де бол­мақ емес. Олай болған күнде «ем­ле» деген сөздің өзінің де бол­мауы керек. Бірақ біздің жазуымыз дәл дыбыс жүйесінше болмағанмен, дыбыс жүйесіне жуық болған соң, біздің ережелеріміз аз болу керек».