Таразда 530 түрлі киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары тегін таратылуда
Таразда 530 түрлі киім-кешек пен төсек-орын жабдықтары тегін таратылуда
257
оқылды
Жамбыл облысында тың бастама көтерілуде. Облыстық экономикалық тергеу департаменті контрабандашылардан тәркілеген тауарларды тұрғындарға таратып талайды таңқалдыруда. Жұртшылықтың басына жай түскендей болған мұндай жомарттыққа көпшілік сенер емес. Жалпы таратылып жатқан тауарлардың құны 546 миллион теңгені құрайды. Онда 530 түрлі киім-кешек, төсек-орын жабдықтары және басқа да қажеттілік тауарлары бар. Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың айтуынша, тауарларды тарату үшін адамдардың санаты мұқият зерделенген екен. – Ең алдымен балалар, қарттар үйлері, психоневрологиялық және өзге де аурулармен ауыратындарға арналған интернат үйлеріндегі қызмет алушылар қамтылды. Одан бөлек, бұл тізімге облыстағы аз қамтылған азаматтар мен атаулы көмек алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғындар да енгізіліп отыр, – дейді басқарма басшысы. Халық арасында тауарлардың бөлінуін бақылау тікелей жергілікті билікке жүктелген. Олар бұл істе ағайын-туыстысққа жол бермеуге жауапты болады. Бұл ретте тауарлардың дәл мекенжай бойынша жетуі үшін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы да жұмылдырылуда. Салалық басқарма тауарларды Тараз қаласы мен аудандарда жұмыс істейтін әлеуметтік дүкендері арқылы таратуға ниетті. Жастар басқармасы қазірдің өзінде 109 мың дана тауарға өтінім берген. Айта кету керек, тәркіленген тауарлардың бір бөлігі, яғни 10 мың жаңа тауар 3 мамыр күні азық-түліктермен бірге су тасқынынан зардап шеккен көршілес Түркістан облысына жіберілген екен.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы