Жақында ғана Еуропа лигасын жеңіп алған лондондық «Челсидің» бас бапкері Маурицио Сарридің өмір жолына қарап отырсақ, қызық деректерге кез боламыз. Оның футболшылық ғұмыры тым ұзақ болмаған. Тек бірнеше жыл ғана D сериясындағы «Фильине» атты командада жартылай кәсіпқой деңгейде доп тебеді.
15 жасында команданың бапкері басшылықпен ренжісіп, матчқа келмей қалады. Осы кезде Сарри бәрін өз қолына алып, команданың құрамы мен ойнау тактикасын бекітіп, команданы жарысқа бастап барады және 2:1 есебімен жеңеді. Қайтадан жұмысына оралған бас бапкер бұл нәтижені естіп таң қалады. Сарри небәрі 19 жасында карьерасын аяқтайды. Жалақысы тоқтап, қарапайым жұмысшы отбасы әлеуметтік қиындыққа ұшырайды. Ақыры ол жергілікті колледжге оқуға түсіп, экономика және банк ісі мамандығымен білім ала бастайды. 1980 жылы оқу біткен соң Италияның ескі Montepaschi банкіне кеңсе қызметкері болып жұмысқа тұрады.
Сарри жаңа жұмысына да бірден үйренісіп, банк шаруасын лезде дөңгелетіп алып кетеді. Біраз жылдан соң Мауриционың қызметі өсіп, орталық офиске ауысады. Сонда жүріп бірнеше елге іссапарға шығады. Тіпті банк аралық келісімшарттарды реттеу үшін жарты жылдай Англияда өмір сүреді. Кейін ол «бірнеше жыл жәй ғана сауық құрыппын» деп еске алады.

1990/91 жылғы маусымды «Стиа» сәтсіз бастап, 8 ойыннан кейін бас бапкерін жұмыстан қуады. Команда басшылығы жаңа бапкер іздестіре бастаған кезде капитан Вани Бергамски президентке Сарридің кандидатурасын ұсынады. Бұған Сарри де келісім береді. Осылайша, 33 жасында Сарридің бапкерлік мансабы басталады.
Бапкерлікке кіріскен кезден бастап жұмыс күні өте тығыз болады. Таңнан кешке дейін банкте жұмыс істеп, одан кейін жаттығуға барып жүрген. Бос уақытының бәрін футболға арнайды. Жолай кетіп бара жатып Чарльз Буковски, Джон Фанте, Марио Льос атты сүйікті авторларын оқып тұратын. Сондай-ақ әр сейсенбі сайын La Repubblica газетін сатып алып аналитик Джанни Брераның мақалаларын үзбей оқитын. Онда сарапшы Италия құрамасының бас бапкері Арриго Саккидің жаңа тактикалық жаңалықтары туралы жазатын.

2015 жылы «Наполи» президенті Аурелио Де Лаурентис Сарриді бас бапкер ретінде таңдап, мүмкіндік береді. Президент бапкердің банкте жұмыс істегенін, сол себепті тез шешім қабылдай алатын қабілетін де ескереді.
