Елордада 30 күнге созылған дезинсекциялық жұмыстардың алғашқы кезеңі аяқталды. Аталған жұмыстарға екі ауысымда 150-ден астам маман қатысып, ондаған техника күші жұмылдырылды. «Астаналық дезинфекция» ЖШС директорының орынбасары Бекболат Талғарбеков Нұр-Сұлтан қаласында масалар, мүк және басқа да жәндіктерге қарсы жүргізілген кең ауқымды дезинсекция жұмыстарының барысы туралы баяндап берді.
Оның айтуынша, бірнеше бағытты қамтыған атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы аумағы 10 мың га жер болатын алалық саябақтар мен Есіл өзенінің жағалауы және 14 қонақүй кешені мен адамдар көп жүретін 19 аумақ тегістей өңделді.
– 10 сәуірден бастап шағын су қоймаларында зерттеу, барлау жұмыстары басталды. 15-20 сәуір аралығында қала бойынша дезинсекция жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жұмыстың 50 пайыздан астамы толық аяқталды, – дейді Бекболат Талғарбеков.
Департамент қызметкерлерінің айтуынша, дезинсекциялық жұмыстарды жүргізуге тиімді уақыт – сәуір-қыркүйек айлары. Сонымен қатар елордалық тұрғындар мен қала қонақтарына қолайсыздық тудырмас үшін өңдеу жұмыстары түнгі уақытта өткізіледі. Жұмыстың жөнімен атқарылуы үшін алдымен масалар көбейетін жерлер анықталады, содан кейін өңделеді және қорғаныс тосқауылы орнатылады. Бұдан бөлек, қаладағы тұрғын алаптарына шыбын-шіркейлердің тарауын болдырмау мақсатында тұрғын үй секторларында дезинсекция жұмыстары қолға алынды. 4 дана арнайы техника мен дезкөліктер, 10-нан астам арнайы техникалар күші жұмылдырылды.
– Ортамыздағы 8 биологтің қатысуымен жұмыстар бірнеше бағытта атқарылды. Маса көп шығатын жерлерді дезинсекциялауға аса көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл масалар мен мүк санын азайтуға мүмкіндік береді. Дезинсекция жұмыстары көшелер мен адам көп жиналатын орындарда басталды. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін дезинсекциялық жұмыстар қаланың орамішілік аумақтарында, саябақтарда, тынымбақтарда, көшелерде жүргізіледі, – дейді Бекболат Талғарбеков.
Су қоймаларын, қаланың кварталішілік аумақтарын және жалпы қолданыстағы аумақтарды (көшелер, саябақтар, скверлер) өңдеуге ерекше көңіл бөлінген. Масалармен күрес тиімді болуы үшін тұрғын үйдің жертөлелерін, мектеп пен балабақша аумақтарын, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын, базарларды, сауда үйлерін және т.б. зарарсыздандыру маңызды. Оның үстіне биылғы қалың жауған қар да дезинсекция жұмысын қиындатқан көрінеді.
– Биыл қар көп болды. Сондықтан су қоймаларында су мөлшері көп. Біз сол жақтарда жұмысты жүргізіп болдық, мақсатымыз – дернәсіл кезеңінде масалардың санын азайту. Қардың көп түсуінен масалардан аумақты өңдеу жоспары жылдағыдан 20%-ға, су қоймаларын өңдеу 25%-ға артып отыр, – деді «Астаналық дезинфекция» ЖШС директорының орынбасары Бекболат Талғарбеков.
Масалардың жұмыртқаларын жою елорданың барлық су тоғандарында және қаладан 3-5 шақырым радиуста жүргізілуде. Нұр-Сұлтанда маусымына 5-6 рет медициналық мақсаттағы инсектицидтермен өңдеу шаралары жүргізіліп тұрады.
Ал Гүлмира Нұғыманова 12 жылдан бері «Астаналық дезинфекция» ЖШС қатарында дезинфектор болып жұмыс істеп келе жатыр. Оның айтуынша, дезинсекциялық жұмыстарға арнайы оқудан және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өткен, осы қызметке медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ тұлғалар жіберіледі.
– Биыл да кезекті жұмысты ойдағыдай атқарып шықтық. Жалпы ауысыммен 12 бригада жұмыс істейді. Бір бригадада 15 адам жұмыс істейміз. Аумақты өңдеу роторлы бүріккіштермен де, машиналармен де жүргізіледі. Барлық аудандарды қамтып жатырмыз. Бірінші кезекте су қоймалары, жертөле жайлары өңделді. Қала ішін өңдеуге кірістік. Жұмыстар күн сайын жүргізіледі», – дейді «Астаналық дезинфекция» ЖШС дезинфекторы Гүлмира Нұғыманова.
Дезинфектордың айтуынша, зиянкестер мен жәндіктерді жою жүргізілетін үй-жай жұмыс жүргізгенге дейін мұқият жиналып, үй-жайды өнімдер мен сусындардан, шикізаттан және судан босату қажет.Сондай-ақ үй-жайларда дезинсекция жүргізу кезінде залалсыздандыру жұмыстарына тікелей қатысы жоқ адамдар болмауы тиіс.
Жәндіктердің ересек түрлерін жою мақсатында қала басшылығы ландшафттық және табиғи-климаттық жағдайды ескере отырып, 3,5 шақырым радиуста масалардың күндік орындарын өңдеу шараларын ұйымдастырды. Өңдеу жұмыстарының мерзімі мен мерзімділігі энтомологиялық көрсеткіштердің негізінде – жәндіктердің жаппай ұшып шығуына дейін 2-4 күн бұрын анықталады. Масаларды жою ультра-кіші көлемді себізгілер, термо және жел генераторлардың көмегімен жүргізілуде.