СУ САЯСАТЫНДА ШУ КӨП
– Қазақта «Сыр – Алаштың анасы» деген сөз бар. Бүгінде дарияның бойын жайлаған Түркістан облысы мен Қызылорда облысының халқы егіні мен бақшасын суарып, балығын аулап күн көреді. Сондай-ақ Сырдария өзенінің суын біздің ел ғана емес, Орталық Азиядағы түбі бір туыс төрт мемлекет пайдаланып отыр. Сондықтан трансшекаралық маңызға ие өзеннің суына қатысты құрылыс осы елдердің түгелдей мақұлдауымен жүргізілуі тиіс,– дейді белгілі гидротехник, Мемлекеттік су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы қазақстандық филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев. Сырдария өзенінің бойында Кеңес кезеңінде салынған 5 бірдей су қоймасы бар. Олар: Қырғыз Республикасындағы Тоқтағұл су қоймасы, Тәжікстандағы – «Қайраққұм» (2016 жылдан бастап Бахри Точик), Өзбекстандағы – «Әндижан» және «Шарбақ», Қазақстандағы – Шардара су қоймалары. Иә, Орталық Азиядағы республикалар арасында су тақырыбындағы дау-дамайдың шыққанына біраз уақыт өтті. 1982 жылы шығарылған шешім бойынша, Қырғыз Республикасы Тоқтағұл су қоймасына қыс мезгілінде 18 млрд текше метр су жинауға міндеттеліп, жазда жиналған суды өзге республикаларға жіберуі тиіс болды. Есесіне, қыста қажетті жылу мен энергияны Қазақстанның көмірі мен Өзбекстанның газынан алатын. Одақ тараған соң көмір мен газ экспорттық негізгі тауарға айналып, қырғыздар көршілерінен келетін жеңілдіктен қағылды. «Қырғыздың газы мен көмірі жоқ, қолындағы жалғыз ресурс – су. Сосын «Тоқтағұлдың» суын қысы-жазы айналдырып, содан қуат алды, судың күшімен жылынды. Аяғында бұрынғыдай жинақталған артық су жоқ, жазда сусыз қалатын жағдайға жеттік», – дейді Нариман Қыпшақбаев. Айтқандай соңғы күндері әлеуметтік желіде «Қазақстан Көксарай су қоймасын салғаннан кейін өзбектер оған қарсы Сардобаның құрылысын қолға алды. Негізгі мәселе осыдан туындаған» деген сыңайдағы пікірлер де жазылды. Айта кетейік, 2008 жылдары Көксарай су қоймасының құрылысын қолға алған кезде Үкімет бұл жоба оңтүстік тұрғындарын көктемгі қызыл су тасқынынан қорғайды деп түсіндірген болатын. Бұл пікірді гидротехник Н.Қыпшақбаев та қуаттайды. Оның пікрінше, Қырғыз Республикасы Тоқтағұл су қоймасының суын қыста да ағызып жіберетіндіктен, Сырдария суының үстінен қызыл су жүріп кетіп, дарияның бойындағы халықты әбігерге салатын болды. «Әсіресе, Қызылорда облысының тұрғындары қызыл судан жапа шекті. Екіншіден, бұл Қазақстанға тиесілі су көлемі болғандықтан, қыста бекерге ағызып жібермей, жазға сақтау керек еді. Сол себепті Көксарай салынды. Бірақ біз сол кезде Өзбекстанды толық хабардар еттік. Ол жоба өзбектің жеріне де, суына да бір тиын залал келтірмейтінін дәлелдеп көрсеттік», – дейді ол. Дегенмен ғалымның ойынша, егер Орталық Азиядағы республикалар 1992 жылы Үкімет деңгейінде бекітілген ережені сақтаса, Көксарайдың да, Сардобаның да қажеті болмас еді. Осылайша, су саясаты ұстанымында бір тәртіпке көнбегендіктен қазіргідей ахуал қалыптасып отыр.ШЫҒЫНДЫ КІМ ӨТЕЙДІ?
«Сор құдықтың басына сорға бола қонды атам» дегендей, Өзбекстан жерінде салынған Сардоба су қоймасы қазақ пен өзбекті сорға болмаса да, орға итеріп тұрғандай. Әрине, Қазақстан мен Өзбекстан діні бір – мұсылман, түбі бір – түркітілдес туысқан ел. Орталық Азия аймағында арқа сүйер ағайын, бөгде біреу көз алартса бірігіп қарсы тұрар бауырлас жұрт. Бірақ бір мемлекет тарапынан екінші мемлекетке келген шығынның өтемі болуы керек. Бізге әзірге мәлім болғандай, су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан кейінгі апат салдарын қос мемлекет бірлесе анықтайтыны мәлім болды. Мұндай кезде көрші елдің территориясындағы нысаннан келген зардаптың сұрауын қалай талап еткен жөн? Ең алдымен, Сардоба су қоймасының орналасқан жеріне қатысты және соған сай қауіпсіздік алғашқы орында болуы маңызды. Өйткені біздің елдің келісімінсіз салынды деген Сардоба Қазақстанмен шекараға таяу, Мақтаарал ауданының дәл өкпе тұсына орналасқан. Ең терең жері 30 метрге жететін су қоймасының сыйымдылығы – 920 млн шаршы метр. Бұл іргелес отырған аймақтың халқы үшін едәуір үлкен көлем. Екіншіден, Сырдария өзенінің суын Қазақстан мен Өзбекстан қанша көлемде және қалай пайдаланып отырғаны туралы нақты мәлімет алынуы тиіс. Су маманы Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, осы сәтті пайдаланып, есеміз кетіп жатқан жұмыстарды тиімді реттеп алуымыз керек. «Қазақ пен өзбек бірдей пайдаланып отырған «Достық» деген канал бар. Алдымен осының жұмысына бақылау орнату қажет. Үшіншіден, біз Шардара су қоймасына негізгі көлемді беретін Шыршық өзенінің суына бақылау жасай алмай қалдық. Біз бұл тұрғыда көп ұтылып жатырмыз. Үкіметаралық комиссия осы мәселені реттеуі тиіс»,– дейді маман. ТҮЙІН:Мамандар биыл Сырдария бассейнінде су тапшы болуы мүмкін деген болжамды алға тартып отыр. Егер ол болжам расқа айналса, дарияның бойынан дәм-тұзын айырып жүрген жұрттың апаттан кейінгі жағдайы қалай боларын тап басып айту қиын. Сондықтан үкіметаралық комиссия су апатынан келген шығынды толық тексеріп әрі ашық түрде есебін жариялағаны жөн. Қазақтан қоғамы үшін айдың, күннің аманында баспанасы мен баққан малы, салған егіні мен бау-бақшасынан айырылған тұрғындардың жоғалтқаны орнына келгені керек.
Бауыржан БАЗАР