TURAR Healthcare – уақытша атау
Бізді ә дегеннен жаңа компанияның атауы елең еткізді. Себебі былтыр қазан айында Ашық үкімет порталында «Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы» акционерлік қоғамын TURAR Healthcare акционерлік қоғамы деп қайта атау туралы қаулы жобасы жарияланған болатын. Олай болса, жаңадан компания неге TURAR Healthcare деп аталады? Бұл сұрақты, әлбетте Денсаулық министрлігіне жолдадық. Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, TURAR Healthcare компаниясын Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы негізінде қайта құру қарастырылғаны рас, бірақ кейінірек бұл нұсқа қабылданбапты. Биыл құрылатын компанияның TURAR Healthcare аталуы кездейсоқ көрінеді. Оның үстіне, жаңадан құрылатын компания атауы әзірге мемлекеттік органдармен келісілмеген. Сондықтан алдағы уақытта компания атауы өзгеруі әбден мүмкін көрінеді. Екіншіден, әдетте Ашық үкімет порталына қаулы жобалары талқылау үшін, яғни қоғам пікірін зерттеп-зерделеу үшін жарияланады. Үкіметтің талқылаудағы сын-ескертпені қаншалықты ескеретіні белгісіз, өйткені сала министрлігі бұл компанияның қалайда құрылатынын айтып отыр. Ал жоба туралы талқылауда жазылған пікірлер өзекті емес дей алмаймыз. Мысалы, Ашық үкімет порталына пікір жазғандардың бірі жаңа компанияның Жарғысын жариялауды талап етіпті. «Жарғы арқылы компанияның қызметі туралы толық ақпарат алар едік» дейді. Енді бірі бүгінгі дағдарыс кезінде компания құрмай-ақ, оның міндетін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры», «СҚ Фармация» сияқты жұмыс істеп тұрған медициналық компанияларға беруді ұсынған. Жалпы, жаңа компания құруды 32 адам қолдаса, 33 адам қарсы болған. Мемлекет басшысының былтыр квазимемлекеттік компаниялар құруға тыйым салғанын еске салғандар да жоқ емес. Бірақ олар Президент жариялаған мораторийдің әлеуметтік маңызы бар компанияларға қатысы жоғын білмеген сияқты. Оның үстіне, Мемлекет басшысы медициналық компания құру туралы бастаманы сәуір айында мақұлдаған.Бағдарламадан бас тартпайды
Қысқасы, жаңа компанияны құруға еш кедергі жоқ, ал ол компания не үшін құрылады? Енді сол туралы айтсақ. Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында алдағы жылдары елімізде заманауи 16 аурухана салынатыны айтылған. «Алдағы 6 жылдың ішінде ауруханалық мемлекеттік-жекеше әріптестігі (МЖЭ) бағдарламасы шеңберінде Ақтөбе, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Тараз, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Петропавл, Алматы, Түркістан, Нұр-Сұлтан қалаларында кемінде 14 МЖӘ концессия ірі жобасын, оның ішінде еліміздің жетекші медицина университеттерінің жанынан төрт университеттік клиниканы іске асыру бойынша шаралар қабылдау жоспарланып отыр» делінген бағдарламада. Сонымен қатар осы құжатта денсаулық сақтаудағы МЖӘ-ні, концессияны дамытудың ірі инвестициялық жобаларын тиімді іске асыру үшін денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту операторы тұлғасында жұмыс органы құрылатыны айтылған. TURAR Healthcare сол оператордың міндетін атқарады. Егер 16 аурухана салу арқылы өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға, пациенттерді емдеуде сапалы және мультидисциплинарлық тәсілді қамтамасыз етуге, пациенттердің шетелге кетуін азайтуға және көшпелі медициналық туризмді қамтамасыз етуге, медициналық жоғары оқу орындары үшін клиникалық база құруға қол жеткізеді екенбіз. Бұл ғылымның, білімнің және клиникалық қызметтің үш тұғырлығының перспективалы моделін құруға, клиникалық зерттеулердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деген үміт бар. Себебі 16 аурухана еліміздегі ескірген 40 нысанның орнына салынады. Министрлік осылайша 5-6 жылдың көлемінде Joint Commission International (JCI) халықаралық стандартына сай келетін 8 мыңнан астам төсек-орынға шақталған алдыңғы қатарлы жоғары технологиялық аурухана желісін құрамыз деп отыр. Бұл жобаға отандық, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі ауруханалар құрылысында тәжірибесі бар шетелдік компаниялар мердігер болады.Бюджетке салмақ салмай ма?
Еліміздегі ірі медицина орталықтарының барлығы дерлік бүгіндері бюджеттен қаржы алады. Оған жаңа компания қосылса, бюджетке салмақ салмай ма? Бұл сұраққа министрліктен «Серіктестіктің жарғылық капиталын қалыптастыру үшін республикалық бюджеттен бір тиын бөлінбейді» деген жауап алдық. Онда компания қандай қаржыға «күн көреді»? «Бүгінгі күні оператор қызметкерлерінің қажетті штат санын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ операторды ұстау нұсқалары пысықталады. Бұл ретте, жаңа көпбейінді ауруханалардың жұмыс істеуі кезеңінде операторды ұстауды қызметті жүзеге асырудан, оның ішінде бюджетке жүктемесіз медициналық көмек көрсетуден түскен табыстар есебінен жүзеге асыру жоспарланып отыр», – дейді министрліктің баспасөз қызметі. Солай болсын делік, бірақ үйлестіруші оператор – TURAR Healthcare 16 аурухана салынбай тұрып құрылады. Ал 16 аурухана пайдалануға беріліп, табыс тапқанша арада 4-5 жыл уақыт кетеді емес пе? Ал 16 аурухананың құрылысына қаржы мемлекеттік бағдарламада 2022 жылдан бастап бөліне бастайды. Мысалы, республикалық бюджеттен 2022 жылы – 12 млрд, 2023 жылы – 60 млрд, 2024 жылы – 103 млрд, 2025 жылы 161 млрд теңге қарастырылған. Бұл мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы, оған МЖӘ шеңберінде жеке сектордың да қаржысы қосылады. Аурухана құрылысын бастағанға дейін техникалық-экономикалық негіздеме сияқты маңызды құжаттарды дайындау басталады. Ол жұмыстың барлығын TURAR Healthcare атқарады. Сонда бұл компания қандай қаржымен өмір сүретіні бізге белгісіз күйі қалып тұр. Бастысы, коронавирус әбігерге салып жатқанда жаңа компания құруға не себеп болғанын анықтауға тырыстық. Яғни, тозығы жеткен 40 нысанның орнына заман талабына сай келетін 16 аурухана салу бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Ол ауруханалардың құрылысы басталғанға дейін елдің есін алып тұрған коронавирус инфекциясы да ауыздықталар деген үміт бар. Тек бюджеттен бөлінетін қаржыны тиімді әрі мақсатты жұмсау назарға алынса дейсің. Себебі 2000 жылдардың басында қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының нәтижесі көңілден шықпады. 2011 жылы аяқталуы тиіс жап-жақсы бағдарламаны жүзеге асырушылар ел қазынасына 1,5 млрд теңге шығын келтірді, кезінде осы бағдарламаға қатысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Сондықтан алдағы жылдары салына бастайтын 16 аурухананың құрылысы 100 аурухана құрылысының аяғын құшпаса екен...Халима БҰҚАРҚЫЗЫ