Осы ұрыста Мәмиев жараланғанына қарамастан, жауған оқтың астында жүріп, гранат жарықшасынан жарақат алған өзінің командирі Григорий Ландышевті алып шығады. Ландышев тұтқынға түсуден қорқып, өзін атып тастауды сұрайды. Бірақ Мәмиев одан бас тартады. Көрер жарығы бар екен. Жараланса да аман қалған Ландышев кейін ұзақ өмір сүріп, 1984 жылы дүниеден өтті. Ол өзінің естеліктерінде болған жайтты былай сипаттайды:
«...фашистер бізді ұстап тұра алмады, жауынгерлер ерлікпен күресті. Немістерді жақындатпадық. Себебі гранаталар жеткілікті еді. Алайда қалаға жақындағанда қоян-қолтық ұрысқа көштік. Кейін «Отан үшін!» деп ұрандатып, қалаға лап бердік. Қалада қозғалу жеңіл болды. Немістердің алдыңғы шебіндегі күштер қалада тұрақтамады, тыл әскері әлі келіп үлгермеді. Көшелерді мотоциклшілер патрульдеп жүр еді. Біз оларды айналып өттік....»
Соғыстың алғашқы күні осылай жүріп жатты. Жауынгерлерге қамалдан шығып, Песчаная төбешігіне жету тапсырылды. Ол жерге сарбаздардың тек жартысы жете алды. Осы ұрыста жараланған Мәмиев мыңдаған Кеңес сарбаздарымен бірге тұтқынға түсіп, Польшадағы «Белоподлязка» (Stalag 07) неміс концлагеріне айдалды. Ол сан жылдар өткен соң лагерьдегі күндерін былай еске алады. «...фашистер кеңес сарбаздарын себепсіз өлтіре берді. Лагерьде жалғыз құдық бар еді. Ол жерден белгілі уақытта ғана су тартуға рұқсат берді. Үлгере алмағандарды атып тастап отырды. Арнайы орға күніне 100-ге жуық мәйіт көмді». Әбдіразақ Мәмиев концлагерьде жылға жуық болады. Бірде тұтқындарды отын әкелу үшін орманға жібереді. Қарауылдап тұрған неміс әскеріне поляк партизандары шабуыл жасап, азаттығынан айырылған жандарды босатады. Осылайша, Мәмиев поляк партизандарының көмегімен бостандыққа шығып, олармен бірге бір жылдай фашистерге қарсы күреседі.
Қазақ жерінен аттанған сарбаз 1943 жылы Қызыл Армия қатарына қайта қосылады. Кейін ол 3-ші майданның әскерлер құрамында Украинаны азат етуге қатысты. 1944 жылдың қазан айында Одесса үшін болған ұрыста ауыр жарақат алады. Тбилиси қаласындағы әскери госпитальда оның қатты зақымдалған оң аяғы емделеді. Алайда дәрігерлер аяғын кесуге мәжбүр болады. 1944 жылғы қараша айында Әбдіразақ Мәмиев Алматы облысындағы туған ауылына оралады.
Соғыстан кейін ол өзінің педагогикалық қызметін қайта жалғастырды. 1951 жылдан бастап Алматы облысындағы Қызыләскер бастауыш мектебінің директоры болып еңбек етті. Бүгінде бұл білім ордасы Әбдіразақ Мәмиев атындағы негізгі орта мектеп деп аталады. Ардагердің еңбегі еленіп, бірнеше марапатқа ие болды. Украинаны азат етуге қатысқаны үшін 1975 жылы 30 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қызыл Жұлдыз» ордені тапсырылды. Сондай-ақ «КСРО Қарулы Күшіне 50 жыл», «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне жиырма жыл», «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне отыз жыл», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» медальдарымен марапатталды. Қан майданды өткерген ардагер 1977 жылы өмірден өтті.
Бүгінде от кешкен ардагерлер туралы түрлі туындылар шығуда. Оларды ғаламтордан табу қиын емес. Тарихшы Ләйла Ахметованың пікірінше, қолына қару алған аталарымызды ұлықтаймыз деп талай тарихи фактілер бұрмаланып, қолдан аңыз жасау ісі жиі байқалады екен. Бұл салада маңыздысы – архив, құжат, естелік, сол кездегі газет мақалаларымен сауатты жұмыс істей білу. Тіпті, Кеңес кезеңіндегі мақалаларға да сақ болған жөн. Себебі олардың көпшілігі сол уақытта үгіт-насихат мақсатында жазылған. Шындыққа сай келмеуі мүмкін. Яғни, нақты деректерді табу аса маңызды.
Мәскеуде Брест қамалы музейінде Әбдіразақ Мәмиевтің суреті сақталған. Онда «Ерекше көз түскен, командирді құтқарған» деген жазу бар. Осындай ерлік көрсетсе де, соғыстан кейін ол туралы тіс жармай өткен оғландар аз емес еді. Сұрапыл соғысты еске алу қиын. Оған қоса, өздері оны ерлік деп санамады. Сын сәтінде жауынгерлік міндетті атқардым деп ойлады. Алайда соғыста қан кешкен жауынгерлердің батырлығы кейінгі ұрпақтың мәңгілік ісінде. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды...
Әлихан ИСМАН