Орман өрті өршіп тұр
Жалпы, жыл сайын көктемде орман мен далалық алқаптарда өрт шығу қаупі артады. Кейін түрлі өрттің шығып жатқанына етіміз үйреніп қала ма, жазда бұл мәселеге назар аудара қоймайтынымыз бар. Биыл да наурыз, сәуір айларында орман өрті еліміздің әр өңірінде тіркелді. Мысалы, Ақмола облысында жыл басынан бері екі орман өрті болған. Өрт қауіпсіздігі саласындағы нормалар мен талаптарды бұзғаны үшін 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. – Елімізде жарияланған төтенше жағдайға қарамай далаға шығып, сауық-сайран жасаушылар бар. Арттарын сөндірмей кеткен оттан өрт шыққаны белгілі болды. Пандемия кезінде табиғатқа шығуға тыйым салынады, ал егер сіз шығып, от жағып кетсеңіз, бірінші рет ескерту жарияланады. Екінші рет өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады, – дейді Ақмола облысы ТЖД Азаматтық қорғау саласындағы бақылау және апат тәуекелдерін төмендету басқармасының бастығы Денис Шелкоплясов. Орман, тоғай өрті шығысты да әуреге салған болатын. Мысалы, бір ғана Шығыс Қазақстан облысында бір тәулікте 31 өрт болды, оның жартысы қоқыс өртеуден болған. Тілсіз жау облысқа қарайтын барлық аудандарда дерлік бұрқ ете қалды. Оның ең көбі Үржарда тіркелген. Мұнда отты абайсыз пайдаланғаны үшін түрлі ауылдарда шаруа құрылыстары, шөп және ауылшаруашылық техникасы да өртенген. Жарма ауданындағы Жаңғызтөбеде үй жанындағы қоқыс жанған. Желдің қатты соғуынан өрт әп-сәтте ағаш қораға, шөп пен жақын маңдағы шаруа қожалығына тарап кеткен. Осы өрттен қорадағы жануарлар – қой, ешкі-лағымен, бұзау мен қозы жанып кетті. Өрт екі көрші үйді біршама материалдық шығынға батырды. «Семей орманы» резерватының аумағындағы өрттің ауданы түн ішінде 6 есе ұлғайып, 2 мың гектарға жуық жерді шарпыды. Бұл – 24 сәуірдегі мәлімет. – 24 сәуір сағат 07.40-тағы жағдай бойынша өрт ауданы шамамен 2 000 гектар болды. Қатты түтін салдарынан орманның өртенген аудан көлемін анықтау мүмкін емес. Өртті сөндіруге 88 техника мен 293 адам жұмылған. Сонымен бірге Көкшетаудан дүниежүзіндегі ең үлкен тікұшақ МИ-26Т өртті сөндіруге жіберілді. Борт бір сәтте 10 тонна су төге алады. Одан бөлек, бортта өртті сөндіруге атсалысатын Көкшетау гарнизонының 30 мүшесі бар,– деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет. Бұл өрт сөндірілді. Жақында Орал қаласы маңында да құрғақ шөп пен орман өртенді. Оқиға 30 сәуір күні Зачаган кентіндегі «Яик-1» бау-бақша серіктестігі ауданында басталған. – Алдымен 7 гектар жердің құрғақ шөбі жанып, ол орман өртіне ұласты. Мұнда 2 гектардай жерді қамтыды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 64 қызметкер, 15 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ Зачаган мен Круглоозерный кенттерінен алдағы уақытта өрттің алдын алу үшін жер жыртатын техникалар тартылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілердің жедел қимылдауы нәтижесінде елді мекендерге қауіп төнген жоқ, – дейді Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев.Қызылордадағы қызыл жалын
Қызылорда қаласына кіреберістегі блок-бекет маңында далалы алқап та өртке оранды. Өрт Тұңғыш Президент паркіне қарсы алқапта тұтанған. Маңайында тұрғын үйлер орналасқан. Жергілікті «112» құтқару қызметіне хабарлама сағат 20.25 шамасында түскен. Оқиға орнына №1, 2 және 6 өрт сөндіру бөлімдерінің, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жетті. «Жалынмен күреске барлығы 25 адам жұмылдырылды. Төтенше жағдай орнында арнайы штаб құрылды. Штаб мүшелерінің мәліметі бойынша, 2 гектарға жуық алқаптағы жыңғыл, тораңғыл, жиде ағаштарына залал келген. Өрт салдарынан адам шығыны болған жоқ. Сондай-ақ сол маңдағы тұрғын үйлерге зиян келген жоқ. Қазіргі таңда оның шығу себебі мен шығыны анықталуда» деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен. Айта кетейік, Қызылорда облысында жыл басынан бері далалық жерде 23 өрт шықты. Салдарынан 91 гектарға жуық алқап жарамсыз күйге түсті.Павлодарда жанған от
Павлодарда алапат өрт болды. 1 сәуірде Ертіс өзенінің алқабындағы өрт бау-бақшаға тарап, Павлодардағы саяжай учаскелерін жойып жіберді. «Халықтың отты абайсыз қолдануына байланысты өзен жағасында өрт шықты. Қатты желдің салдарынан от «Яблонька» бау-бақшасының саяжай учаскелеріне көшті. Нәтижесінде, 19 саяжай учаскесі, бір саяжай үйі мен екі шаруашылық құрылыстары жойылды» деп хабарлады өңірлік ТЖД-де. Мамандардың мәліметі бойынша, барлығы қамыс пен құрғақ шөптің кесірінен болған. Өртенген алаң шамамен 3 гектар. Залал анықталып жатыр. Өрт сөндіруді күшті жел де қиындатты. «Бүгін барлық қалада күйік пен түтін иісі болды, аспанда күл ұшты» деп жазды павлодарлықтар әлеуметтік желіде. Желі қолданушыларының көпшілігі алаңды әдейі өртеді деп ойлайды. «Жыл сайын сол бір нәрсе. Шөптерді өртейді, жануарларды өлтіреді, ағаштар өледі. Басқаларда мұндай ой туындамас үшін қашан біреуге нақты айыппұл салып, түрмеге отырғызады», – дейді олар.Қарағанды облысында 19 дала өрті
Даладағы құрғақ шөптің жануы Абай, Қарқаралы, Ақтоғай, Бұқар жырау және Нұра аудандарында тіркелген. Дала жануының ауданы 1,5-тен 30 га дейін. Бұқар жырау ауданында дала өртінің екі оқиғасы: Заречное ауылынан 5 шақырым жерде 1,5 га жерде жанса, Құрылыс ауылынан 6 шақырым жерде өрт 5 га жерді күл қылды. Нұра ауданында Ахмет ауылынан 10 шақырым жерде ауданы 4 га болатын дала жануы ерікті өртке қарсы құрылымдардың күшімен өшірілді. ТҮЙІН:Жазып, айта берсек мысал жеткілікті. Иә, біз бұл өртті табиғи апат деп табиғаттың мойнына арта саламыз. Сөйтіп, өз кінәмізді мойындағымыз келмейді. Айтар болсақ, осы дала өртінің көбі өзіміздің салғырттығымыздан орын алады. Темекі шегіп сөндірмей тастай салу, сіріңке жағып отпен ойнайтын ойын баласы да өртке басты себеп. Таза ауаға шығып, далаға барып демалып, от жағып, тамақ пісіріп, артынан ошақтағы отты сөндірмей кететін де өзіміз. Кейде қатты желдің кесірінен бағана бойындағы ток сымдары бір-біріне тиіп, тұйықталып, өрт шығу қаупін тудырады. Дегенмен мұндай оқиға аз тіркелген.
Айтар болсақ, демалыс орнынан кетерде міндетті түрде өртті сөндіріп, күн сәулесі түсіп тұрған жерге бөтелке немесе шыны сынығын тастамай жинап алсақ, қарапайым ғана нәрсе, темекімізді өшіріп тастасақ болды емес пе?! Мұндай алапат өрт болмас еді. Дала өртіне өзіміз себепші екенімізді түсінетін уақыт жеткен сияқты!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ