Көктеммен келген тілсіз жау
Көктеммен келген тілсіз жау
154
оқылды
Өткен жылдарға қарағанда биыл көктем ерте келді. Біраз аймақта су басу қаупі болғаны рас. Бірақ қауіп сейілгендей бол­ғанда, өзбек жерінен оңтүстікке су лап берді. Ерте келген көк­тем­мен бірге тағы да бір тілсіз жау – өрт жағадан алуда. Жыл басынан бері елімізде орманды алқаптарда 117 рет өрт шығып, соның кесірінен 16 мың гектардан астам жерді жалын шарпыған. Жалпы шығын көлемі – 33,3 млн теңге.  

Орман өрті өршіп тұр

Жалпы, жыл сайын көктемде орман мен далалық алқаптарда өрт шығу қаупі артады. Кейін түрлі өрттің шығып жат­қа­нына етіміз үйреніп қала ма, жазда бұл мәселеге назар аудара қоймай­тынымыз бар. Биыл да наурыз, сәуір айларында орман өрті еліміздің әр өңірінде тіркелді. Мысалы, Ақмола облысында жыл басынан бері екі орман өрті болған. Өрт қауіпсіздігі сала­сын­дағы нормалар мен талаптарды бұзға­ны үшін 6 адам әкім­шілік жауап­кер­шілікке тартылыпты. – Елімізде жарияланған төтенше жағ­дайға қарамай далаға шығып, са­уық-сай­ран жасаушылар бар. Арттарын сөндірмей кеткен оттан өрт шыққаны белгілі болды. Пандемия кезінде таби­ғатқа шығуға ты­йым салынады, ал егер сіз шығып, от жа­ғып кетсеңіз, бірінші рет ескерту жария­ланады. Екінші рет өрт қауіпсіздігі ере­желерін сақтамаған жағ­дайда әкімшілік айыппұл салына­ды, – дейді Ақмола об­лы­сы ТЖД Аза­мат­тық қорғау саласындағы бақылау және апат тәуекелдерін төмендету бас­қармасының бастығы Денис Шел­коплясов. Орман, тоғай өрті шығысты да әуре­ге салған болатын. Мысалы, бір ғана Шығыс Қазақстан облысында бір тәу­лікте 31 өрт болды, оның жартысы қо­қыс өртеуден болған. Тілсіз жау облыс­қа қарайтын барлық аудандарда дерлік бұрқ ете қалды. Оның ең көбі Үржарда тіркелген. Мұнда отты абай­сыз пайдаланғаны үшін түрлі ауылдарда шаруа құрылыстары, шөп және ауыл­шаруашылық техникасы да өртенген. Жарма ауданындағы Жаңғызтөбеде үй жанындағы қоқыс жанған. Желдің қатты соғуынан өрт әп-сәтте ағаш қораға, шөп пен жақын маңдағы шаруа қожалығына тарап кеткен. Осы өрттен қорадағы жа­нуарлар – қой, ешкі-лағымен, бұзау мен қозы жанып кетті. Өрт екі көрші үйді бір­шама материалдық шығынға батырды. «Семей орманы» резерватының ау­ма­ғындағы өрттің ауданы түн ішінде 6 есе ұлғайып, 2 мың гектарға жуық жерді шар­пыды. Бұл – 24 сәуірдегі мәлімет. – 24 сәуір сағат 07.40-тағы жағдай бойынша өрт ауданы шамамен 2 000 гектар болды. Қатты түтін салдарынан орманның өртенген аудан көлемін анық­тау мүмкін емес. Өртті сөндіруге 88 техника мен 293 адам жұмылған. Со­нымен бірге Көкше­таудан дүниежү­зіндегі ең үлкен тікұшақ МИ-26Т өртті сөндіруге жіберілді. Борт бір сәтте 10 тонна су төге алады. Одан бөлек, бортта өртті сөндіруге атсалысатын Көкшетау гарнизонының 30 мүшесі бар,– деді Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігінің Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет. Бұл өрт сөндірілді. Жақында Орал қаласы маңында да құрғақ шөп пен орман өртенді. Оқиға 30 сәуір күні Зачаган кентіндегі «Яик-1» бау-бақша серіктестігі ауданында басталған. – Алдымен 7 гектар жердің құрғақ шө­бі жанып, ол орман өртіне ұласты. Мұнда 2 гектардай жерді қамтыды. Тіл­сіз жауды ауыздықтауға 64 қызметкер, 15 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ Зачаган мен Круглоозерный кенттері­нен алдағы уа­қытта өрттің алдын алу үшін жер жыртатын техникалар тар­тылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілердің жедел қимыл­дауы нәтижесінде елді мекендерге қауіп төнген жоқ, – дейді Батыс Қазақстан об­лысы ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев.  

Қызылордадағы қызыл жалын

Қызылорда қаласына кіреберістегі блок-бекет маңында далалы алқап та өртке оранды. Өрт Тұңғыш Президент паркіне қарсы алқапта тұтанған. Маңа­йында тұр­ғын үйлер орналасқан. Жер­гілікті «112» құт­қару қызметіне хабар­лама сағат 20.25 шамасында түскен. Оқиға орнына №1, 2 және 6 өрт сөндіру бөлімдерінің, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жетті. «Жалынмен күреске бар­лығы 25 адам жұмылдырылды. Төтенше жағдай орнында арнайы штаб құрылды. Штаб мүшелерінің мәліметі бойынша, 2 гек­тарға жуық алқаптағы жыңғыл, тораң­ғыл, жиде ағаштарына залал келген. Өрт салдарынан адам шығыны болған жоқ. Сондай-ақ сол маңдағы тұрғын үй­лерге зиян келген жоқ. Қазіргі таңда оның шығу себебі мен шығыны анықта­луда» деп мә­лім етті Қызылорда облыс­тық Төтенше жағ­дайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызме­тінен. Айта кетейік, Қызылорда облысында жыл басынан бері далалық жерде 23 өрт шықты. Салдарынан 91 гектарға жуық алқап жарамсыз күйге түсті.  

Павлодарда жанған от

Павлодарда алапат өрт болды. 1 сә­уірде Ертіс өзенінің алқабындағы өрт бау-бақ­шаға тарап, Павлодардағы сая­жай учас­келерін жойып жіберді. «Ха­лықтың отты абайсыз қолдануына бай­­ланысты өзен жағасында өрт шық­ты. Қатты желдің сал­дарынан от «Яблонь­ка» бау-бақшасының саяжай учаскелеріне көшті. Нәтижесінде, 19 саяжай учаскесі, бір саяжай үйі мен екі шаруашылық құрылыстары жойылды» деп хабарлады өңірлік ТЖД-де. Маман­дардың мәліметі бойынша, барлығы қамыс пен құрғақ шөптің кесірінен бол­ған. Өртенген алаң шамамен 3 гек­тар. Залал анықталып жатыр. Өрт сөн­діруді күшті жел де қиын­датты. «Бүгін барлық қалада күйік пен түтін иісі бол­ды, аспанда күл ұшты» деп жазды павлодарлықтар әлеуметтік желіде. Желі қолданушыларының көпшілігі алаңды әдейі өртеді деп ойлайды. «Жыл сайын сол бір нәрсе. Шөптерді өртейді, жануарларды өлтіреді, ағаштар өледі. Басқаларда мұндай ой туындамас үшін қашан біреуге нақты айыппұл салып, түрмеге отырғызады», – дейді олар.  

Қарағанды облысында 19 дала өрті

Даладағы құрғақ шөптің жануы Абай, Қарқаралы, Ақтоғай, Бұқар жы­рау және Нұра аудандарында тіркелген. Да­ла жа­нуының ауданы 1,5-тен 30 га дейін. Бұқар жырау ауданында дала өрті­нің екі оқиғасы: Заречное ауылынан 5 шақы­рым жерде 1,5 га жерде жанса, Құрылыс ауылынан 6 шақырым жерде өрт 5 га жерді күл қылды. Нұра ауда­нында Ахмет ауы­лынан 10 шақырым жерде ауданы 4 га болатын дала жануы ерікті өртке қарсы құрылымдардың күшімен өшірілді.   ТҮЙІН:

Жазып, айта берсек мысал жеткілікті. Иә, біз бұл өртті табиғи апат деп таби­ғаттың мойнына арта саламыз. Сөйтіп, өз кінәмізді мойындағымыз келмейді. Айтар болсақ, осы дала өртінің көбі өзі­міздің салғыртты­ғы­мыздан орын алады. Темекі шегіп сөндірмей тастай салу, сіріңке жағып отпен ойнайтын ойын баласы да өртке басты себеп. Таза ауаға шығып, далаға барып демалып, от жағып, тамақ пісіріп, артынан ошақтағы отты сөндірмей кететін де өзіміз. Кейде қатты желдің кесірінен бағана бойындағы ток сымдары бір-біріне тиіп, тұйықталып, өрт шығу қаупін тудырады. Дегенмен мұндай оқиға аз тіркелген.

Айтар болсақ, демалыс орнынан кетерде міндетті түрде өртті сөндіріп, күн сәулесі түсіп тұрған жерге бөтелке не­месе шыны сынығын тастамай жинап алсақ, қарапайым ғана нәрсе, темекімізді өшіріп тастасақ болды емес пе?! Мұндай алапат өрт болмас еді. Дала өртіне өзіміз себепші екенімізді түсінетін уақыт жеткен сияқты!

 

   width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ