Мамандық таңдауда назар аударатын трендтер
Мамандық таңдауда назар аударатын трендтер
584
оқылды

– Көп ұзамай мектеп оқушылары мен ата-аналары сандық дәуірде табысты болуы үшін университетті дұрыс таңдауға қадам жасайды. Қазіргі таңда жаһандық жоғары білім беру жүйесінде қандай өзгерістер орын алуда және біз нендей трендтерді көреміз?

 – Қазіргі білім беру философиясы мүлдем басқа бағытқа бет бұрды. Бенджамин Франклиннің сөзімен айтсам, білім беруге салынған инвестиция – жоғары дивиденд алудың кепілі. Оның үш негізгі бағытын, трендін атап өткім келеді.

Бірінші тренд – ХХІ ғасырдың 4.0 экономикасына негізделген білім жүейсі еңбек нарығы сұранысына сәйкес технологиялық жағынан дайын жастарды талап етуі. ХІХ-ХХ ғасырдағы жоғары білім гуманизм идеясына негізделіп, азамат ретінде қоғам дамуын қолдайтын көпқырлы мамандарды даярласа, ХХІ ғасырда адамның жеке тұлғалық қасиеті дамып, креативті және тиімді болуына мүмкіндік беретін дағдылар қалыптаса бастады. «Apple» компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс айтқандай, «білім берудегі ең маңызды фактор – креативті «ізденуші адам».

Екінші тренд – еңбек нарығының трансформациялануы. Біз оны disruptive innovations (қиратқыш инновация) деп атаймыз. Бұл нені білдіреді? Олар (қиратқыш инновациялар) еңбек нарығының концепциясын түбегейлі өзгертеді. Қазірдің өзінде ХХ ғасырда сұранысқа ие болған көптеген мамандықтардың аты да аталмайды. Жақында танымал «Forbes» журналы алдағы онжылдықта жойылуы мүмкін 20 мамандықтың тізімін жариялады. Таяу уақытта «қиратқыш инновация» еңбек нарығын «жарады». «Harvard Business Review» журналы атап өткендей, біз «іргелі цифрлық трансформация» дәуіріне қадам бастық. Яғни, өндірістік қоғамнан бас тартып,  тұтыну мен виртуалды әлемге негізделен қызмет көрсету қоғамына ауысып келеміз.  Бүгінгі таңда инженер маманына білім-білігі жетіп тұрса да жұмыс табу қиын. Себебі, Еуразияның көптеген елдерінде өндірістік сектор 1990-1991 жылдармен салыстырғанда 50%-ға азайған. Енді біз тағы бір құбылысқа куә болып отырмыз, ол – жасанды интеллект. Болашақта робототехника дамып, еңбек нарығындағы жағдайды тағы да өзгертеді.  

Үшінші тренд – виртуалды экономика. Интернет, планшет, смартфон және компьютерлер – бұл қазіргі уақытта тек IT-технологияның ғана емес, әр жұмыстың экономикалық құралы. Және бұл экономика мамандардан түрлі технологиялық дағдыларды білуді талап етеді.

Демек, мәселе мынада: мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары «дұрыс» универиситетті ғана таңдап қоймай, «дұрыс» мамандықты да таңдай білуі керек! Ол заманауи, сандық технологияға негізделсе, ешқашан ұтылмайды. Жоғары оқу орны қазақстандық немесе америкалық болсын, мәселе онда емес,  ең маңыздысы – мамандықты адаспай таңдау!