7 мың гектар егіндікті су басты
7 мың гектар егіндікті су басты
207
оқылды
Төтенше жағдай болған Мақтаарал ауданындағы жағ­дайға қатысты БАҚ-та, әсіре­се әлеуметтік желілерде елді дүрліктіретін жалған ақпа­рат­тар таралып жатыр. Бұл ту­ра­лы аудан әкімі Бақыт Асанов айтты. Аудан басшысы жалған ақпарат таратқандар әкімші­лік және қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылаты­нын ескертті. Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдайға байланысты құрылған арнайы комиссия тас­қын­нан келген шығын көлемін есептеуде. Түркістан облысы әкімі бас­па­сөз қызметінің мәліметін­ше, жергілікті билік басшылары тас­қын су басқан ауылдардың хал­қы­мен кездесіп, түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізуде. Түркіс­тан об­лы­сындағы тасқынға байла­ныс­ты құрылған мемлекеттік комиссияға тасқын судан келген шығынды есептеп, ауылдарды қал­пына келтіру, инженерлік же­лілерді жөндеу және зардап шек­кен халыққа әлеуметтік көмек көр­­сету жүктелген. Сонымен қа­тар зардап шеккен ауыл аза­мат­та­ры­ның әрқайсысына өтемақы төле­неді. Өзбекстанмен шекаралас орна­ласқан Мақтаарал ауданын­дағы 5 ауылдың 845 үйін су басты. Жеңіс, Өргебас, Достық, Жаңатұрмыс, Фирдоуси ауылдарындағы апатты жоюға мыңға жуық құтқарушы мен 200-дей техника тартылған. Сондай-ақ су астында қалған ауылдардың кіреберісіне блок-бекеттер қойылып, жосып кеткен жұрттың дүние-мүлкін тәртіп сақшылары күзетуде. Аудандағы 7639 гектар егіндік қызыл судың астында қалған. Бұл алқаптың басым бөлігіне мақта егілген. Мамандар нақты шығын көлемін анықтау үстінде. Су алған ауылдардың іргесінде орналасқан тағы 5 елдімекенді облыс әкімдігі, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, ҚазСУШар және ауыл тұрғындарынан құралған волонтерлардың көмегімен су басу қаупінен шығарылды. Соның ішінде атап өтетін стратегиялық маңызы зор 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент елдімекені қызыл су басудан аман қалды. Жерлестерімен жүздескен Мақтаарал ауданының әкімі әлеу­меттік желі, мессенджерлер мен БАҚ арқылы тарап жатқан су тасқыны жөніндегі қате ақпарат­тарға қатысты өз пікірін білдірді. «Халық дұрыс, яғни ресми, шынайы ақпарат алуы керек. БАҚ-та, әсіресе әлеуметтік желі­лерде аумақтағы жағдайға қатыс­ты елді дүрліктіретін жалған ақпарат­тар таралып жатыр. Ең бастысы, адам шығынынан аманбыз. Ал шы­ғындар есептеліп, толық өте­леді. Жан-жақтан көмек көрсетіп жатқан жерлестерімізге рақмет айтамын. Орын алған жағдайда жалпы жауапкершілік болуы қа­жет. Соның ішінде журналистер де өз жұмысына жауапкершілікпен қараса екен»,–деді аудан басшысы. Мақтаарал ауданындағы 24 эвакуация орындарындағы 3500-ге жуық тұрғынның бүгінгі жай-күйі бірқалыпты. Барлығы дер­лік медициналық тексерістен өт­кі­зіліп, жатын орын мен көр­пе-төсекпен тегіс қамтылған. Олар­ға күніне үш мезгіл тамақ үлестірілуде. Азық-түлік пен жеке бас гиг­иенасын сақтауға қажетті керек-жарақтың бәрі беріліп жа­тыр. Ал өзге де қажетті заттар мен азық-түлік түрлері әрбір эва­куа­ция орындарына төтенше жағ­дай­ға байланысты жасақталған орталық қоймадан тізім арқылы үлестірілуде. Эвакуация орындары болып бекітілген мектептер мен колледж, мешіттерде орналасқан тұрғындар осындай қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созып жатқан мемлекет басшылығына, Үкіметке, облыс, аудан басшылықтарына және қазақстандықтарға алғыс біл­дірді.  

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы