Қазақстанда патриотизмді ұлықтайтын қос мереке жылда қатар келеді. Бұл – ақ самал ескен ұлы даласын, ақ сақалды абыз данасын, ақ жаулықты анасын, күміс күлкілі баласын қорғаған азаматтардың мейрамы. Ұлы Отан соғысында ардагерлеріміз ер намысы болып атылды, ел дауысы болып шақырды. Олардың бүгінгі мұрагерлері қасиетті парызды қапысыз атқарып келеді.
Қазақ елі киелі жеріміздің иесі бола білген ерлер арқасында шарық тастай шыр айналған дүниенің небір шырғалаңынан аман шыққан, елдігін сақтады. Ерлік қазақтың қанында бар, мұны мақтан тұта білуіміз керек. Ата-бабамыз сан ғасыр бойы кең-байтақ даланы бүтін сақтау үшін аттың белін қайыстырып, найзаның ұшын майыстырып жауға шапты, ғұмырын алысумен өткізді. Бертінде, ХХ ғасырдың 40-жылдарындағы Екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандарымыз адамзатты аяусыз қырған түнек күшке қарсы тұрып, басын бәйгеге тікті. Олардың ерен ерлігі мен асқақ өрлігі бүгінгі ұрпаққа өнеге.
9 мамырда – Ұлы Жеңіс күні осы батырларымыздың ерлігіне тағзым етіп, тұлғасына құрмет көрсетеміз.
Ата-бабаның мызғымас та мұқалмас ерлік дәстүрі бүгінде әр қазақтың кеудесінде от болып маздап тұр. Біздің мақсатымыз – осы оттың келешекте де сөнбей, жаңа жеңіске жігерлендірер жалынға айналуына ықпал ету.
Отанды қорғау соғысуды ғана білдірмейді. Әр іске ұлттық мүдде тұрғысынан қарау, кез келген жаһандық бәсекеде намысты қолдан бермеу, ел басына қиындық түскенде халыққа қол ұшын созып, қорған болу – тәуелсіздікті тұғырлы, мемлекеттілігімізді мәңгілік етеді.
Ендеше 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні тек әскерилер емес, келешек жүгін, ел сенімін арқалаған, халық тұрмысы жақсаруы, мемлекетміз озық дамуы үшін өз саласында жан сала еңбек еткен барша ер-азаматтың ортақ мейрамы.
Отанды қорғау – өзектілігін жоғалтпайтын іс. Әсіресе, Үшінші дүниежүзілік соғыстың баламасындай болған коронавирус пандемиясымен әлемнің жаппай арпалысы кезеңінде мұның мән-маңызы одан сайын арта түсті. Бүгінде елді қорғаудың басты мәнісі – шетелдік кеселдің кең жайылуына, қазақтың шығын болуына жол бермеу, жұртымыздың қалыпты өміріне оралуына қол жеткізу болмақ.
Қазақстандықтардың отаншылдығы, еңбекқорлығы, қайырымдылығы арқасында бұл қиындықтан да абыроймен өтеріміз сөзсіз.
Отаншыл азаматтардың ортақ мерекесі – Ұлы Жеңіс күні және Отан қорғаушылар күні құтты болсын, ағайын! Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Әрдайым туымыз жығылмасын, қазақтың көк байрағы биікте желбіресін, бірлігіміз бен берекеміз арта берсін!
ЖЕҢІС КҮНІЖұмыр жердің дүрсілдетіп жүрегін,Қара аспанның ыдыратып түнегін.Жеңіс көктем, алып келді гүл өмір,Жасын арман, шашу етіп тілегін.Аналардың жасқа толса жанары,Артта қалды, қаралы күн налалы.Адамзаттың жырға айналып алабы,Жеңіс күні, ән тербетті даланы.Жеңіс-жеңіс, батырларым байлығым,Жеңіс-жеңіс, ардагерлер айбыным.Ұмытпайды бүкіл әлем Жеңісті,Жеңіс-жеңіс, соңғы күні қайғының.Нар иығын селкілдетіп ерлердің,Қос жанарын жәутеңдетіп жеңгемнің.Жеңіс көктем қарттарымды қажытып,Кәрі иегін кемсеңдетіп сен келдің.Қанша уақыт өтсе дағы арадан,Жазылмаған соғыс салған жаралар.Ұрпағымен мәңгі бірге жасайды,Қан майданнан қайтпай қалған бабалар.Ер есімі, ел есінде сақталар,Жас ұрпақтың жүрегінде жатталар.Бейбіт күннің бесігінде тербеліп,Ардагерлер ақ арманы ақталар.Адам өтер, заман өтер, көнеріп,Ұрпақтары, өсіп-өнер көгеріп.Жас сәбидің иісіндей әр үйдің,Қариясы құт-береке, теберік.Жеңіс-жеңіс, желбіретіп байрағын,Жеңіс-жеңіс, ар-намысты қайрадың.Жеңіс күннің жетелеген төріне,Арда туған, Ардагерлер айбарым!
Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты,Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы