Мамыражай мамыр мерекеге толы ай. Алда мемлекеттік мейрам 7-мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9-мамыр – Жеңістің 75 жылдығын атап өтеміз. Айтулы дата қарсаңында Қазақстан Қарулы Күштері Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты оркестрінің музыканты Айдын Калилановпен сұхбаттасудың сәті түсті.– Айдын Болатұлы, биылғы мерекеге дайындық барысы қалай? Көпшілік карантиндегі концерттік бағдарламаны тамашалай ала ма?
– Мамыр айындағы мемлекеттік мерекелер республикамыздың әскери азаматтарына тікелей қатысты болғандықтан, біз оған ерекше көңіл бөлеміз. Жыл сайын институт қабырғасында өнерпаз курсанттар мен әскери қызметшілер оркестр құрамымен бірігіп түрлі мерекелік концерттер ұйымдастырады. Осы жылы әлемде болып жатқан қауіпті індеттің алдын алу мақсатында елдегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты жылдағыдай ашық алаңда, көпшіліктің тамашалауымен концерттік бағдарлама қойылмайды. Дегенмен Қазақстан Қарулы Күштері Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының басшысы генерал-майор Асқар Мұстабековтың рұқсатымен, сондай-ақ институт басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары – басқарма басшысы, подполковник Дархан Үмбетовпен ақылдасып, онлайн түрде кеш өткізбекшіміз. Сол кезде оркестрдің сүйемелдеуімен сазгер, әскери әндердің авторы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, запастағы полковник Қайрат Жүнісов ағамыздың «Сарбаздар әнін» ұжымымыздың білікті мамандары, вокалистері орындайды. Концерттік бағдарламада ҚР мәдениет қайраткері Сәуле Ағыбаева, эстрада жұлдызы Есет Сәдуақасов, бірнеше конкурстардың лауреаты Исмайл Саниям және болашақ офицер, институтымыздың курсанттары Азамат Садықбеков, Әлихан Садықов сынды жезтаңдай әншілеріміз өнер көрсетеді. Қазіргі кезде шараға қызу дайындық жүріп жатыр. Бірер күнде өнерпаздардың өнерін интернет желісінен тамашалай аласыздар. Карантин кезінде үйде отырған халыққа рух беріп, мерекеде тыңдармандарды әсем саздың сиқыры мен сырына куә қылмақшымыз.
– Оқырмандар үшін осы оркестрдің қалай құрылғаны қызық. Оркестрдің қысқаша құрылу тарихын айтып берсеңіз. Өзге әскери оркестрлермен тәжірибе алмасып, басқа да байланыс орнатып тұрасыздар ма?
– Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының әскери оркестрі 1999 жылы 1 маусымда Әуе қорғаныс күштерінің Бас қолбасшысының бұйрығымен құрылды. Сол кезден бастап оркестр республикамыздағы барлық әскери шеруге тұрақты түрде қатысып келеді. Мерекелік іс-шараларда да төбе көрсетіп, барынша белсенділік танытып жүрміз. Жергілікті әкімдіктермен де тығыз байланыс орнаттық. Сондықтан маңызды шаралар кезінде олардан жиі шақырту аламыз.
1999-2017 жылдар аралығында оркестрді әскери дирижер, запастағы подполковник Андрей Синявский, 2018-2019 жылдары запастағы майор Жанат Әбілқасымов басқарды. Бүгінгі күні оркестрге білікті маман, музыкант, офицер, аға лейтенант Арман Исалиев басшылық етуде. 21 жыл ішінде ұжымның өнер саласында қол жеткізген жетістіктері де мақтануға тұрарлық. Әскери оркестр – халықаралық үрмелі аспаптар әскери оркестрлер фестивальдарының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2001 жылы оркестрлер арасында Лисаковск қаласында өткен жаз фестивалінің лауреаты атандық. 2006 жылы Бүкілармиялық әскери әндер фестивалінде, 2012 жылы ІІМ қолбасшысы жүлдесі байқауында ІІ орынды иелендік. Оркестр құрамында ҚР еңбек сіңірген артисі Жайнап Мамбеков; ҚР еңбек сіңірген артисі Вениамин Ли сынды елге елеулі тұлғалар болды. Бүгінгі таңда аталған ұжым ҚР мәдениет қайраткерлері Жәмила Серкебаева, Қанат Ахметов, Александр Беляков, Жеңіс Ысқақова және өзге де өнер майталмандарымен бірлесе жұмыс істеуде.
Тағы бір айта кетерлігі, біз Қорғаныс министрлігінің жоғарғы кәсіби оркестрінің эстрадалық, джаз және ретро музыкаларын орындап жүрген ұжымның қатарындамыз. Еліміздегі барлық өңірлік оркестрлермен байланысымыз жақсы. Музыкалық қабілетімізді арттырып, кәсіби білімімізді жетілдіріп, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып тұрамыз. Жыл сайын елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әскери шерулерде барлық оркестрмен жолығып, ұйымдасқан түрде бірге өнер көрсетеміз.
– Енді өнерлі жастар туралы айтайық. Кейінгі кездері елімізде фольклорлық аспаптарда ойнайтын жастар саны едәуір артып келеді. Көне сазсырнай, шаңқобыз, жетіген, дауылпаз, шертер сынды музыкалық аспаптарымыздың трендке айналуының сыры неде?
– Иә, расымен дәстүрлі музыкалық аспаптарымызға қызығушылық күн өткен сайын арта түсуде. Жаңа заман жастарының бойында терең генетикалық деңгейдегі жадының қайта оянуы, төл аспаптарымызда ойнауға деген қызығушылықтың артуы халқымыз үшін қуанышты жаңалық. Бүгінгі таңда біздің әскери оркестрдің де құрамына бірнеше талантты жастар топтасқан. Олардың қатарында өзім де бармын. Сондай-ақ институт қабырғасында курсанттардан құралған фольклорлық ансамбль бар. Оған оркестріміздің концертмейстері Эльмира Қарсыбаева жетекшілік етеді. Ол кісінің жетекшілігімен фольклорлық ансамбль қобызбен халық аспаптар орындаушыларының бірнеше композициясын орындайды. Үздіксіз дайындықтың арқасында әріптестеріміз өнер сайыстарында да жоғары жетістіктерге жетіп, институттың атын шығарып жүр.
– Сұхбатымыздың соңын мерекелік тілекпен жалғасақ.
– Қанша қиын нәубетті бастан кешірген халықпыз ғой. Еліміз бұл кезеңнен де сүрінбей өтер. Бастысы, сабыр таныту керек. Карантин мерзімі біткен соң ұжымымыз да жаңа тыныспен білек сыбана алдағы жұмысқа кірісуге дайын. Жақсы жаңалығымызды сіздермен бөлісіп отырамыз. Барша қазақстандықтарды алдағы 7-мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9-мамыр – Жеңістің 75 жылдығымен құттықтаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!