Тараптар екіжақты ықпалдастықтың, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Мәжіліс төрағасы Чехия – Қазақстанның Еуропадағы маңызды әріптесі екеніне екпін түсіре келе, екі ел арасында барлық деңгейде белсенді байланыс жолға қойылған атап өтті. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар қарқынды өрістеуде.
Нұрлан Зайроллаұлы мұның барлығы, ең алдымен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Чехия президенті Милош Земанның өзара түсіністікке негізделген бірлескен жұмысының нәтижесі екеніне назар аудартты.
Өз кезегінде елші қазақстандық-чехиялық ынтымақтастықтың барлық бағытта үдемелі түрде артып келе жатқанын тілге тиек етті. Еліміздің даму қарқынына жоғары баға берген Рудолф Гиклдің байламынша, Қазақстан халықаралық қоғамдастыққа өзінің әлеуеті зор екенін паш етті.
Мемлекеттеріміз арасындағы байланыстардың маңызды құрамдас бөлігі ретінде парламентаралық өзара іс-қимыл жайына тоқталған Н.Нығматулин қазақстандық депутаттардың чехиялық әріптестерімен диалогты нығайтуға, соның ішінде заң шығарушылық тәжірибемен алмасу үшін палатаның бейінді комитеттері мен ынтымақтастық жөніндегі топтары деңгейінде қатысуға мүдделі екенін жеткізді.
Бұл ретте Мәжіліс спикерінің байламынша, аграрлық және өнеркәсіптік секторларын, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін реформалау, туристік саланы дамыту тетіктерін зерделеу практикалық ынта-ықылас тудырады.
Бұған қоса, серіктестікті дамытудың перспективті бағыттары қатарында жаңғыратын қуат көздері және «жасыл технологиялар» аталды. EXPO – 2017 көрме кешені негізінде құрылған Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, сонымен қатар ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі – инновация саласындағы қазақ-чех ынтымақтастығын әртараптандыруға арналған алаң қызметін атқара алады.
Нұрлан Нығматулин мен Рудолф Гикл 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында, «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында өтетін Еуропа мен Азия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне чехиялық парламентшілердің қатысуы мәселелерін де талқыға салды.
Мәжіліс төрағасы екі ел депутаттарының бірлескен жұмысы қазақстандық-чехиялық қатынастардың бар қырынан дамуына септесетінін нықтады.