Премьер өңір активінің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. 2019 жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша өңірде өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 943,6 миллиард теңгені құрады. Негізгі капиталға 121,8 миллиард теңге инвестиция салынған. Жалпы алғанда, биыл өңірдің инвестициялық қоржыны 1,6 триллион теңгеге бағаланған 44 инвестициялық жобадан тұрады. Олардың 67 миллиард теңгелік 22 жобасы биыл қолға алынбақ.
Кеңес барысында Ұлттық экономика вице-министрі Е.Алпысов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Б.Қамалиев, энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру, өңірде көлік инфрақұрылымын және мұнай-газ кешенін дамыту туралы баяндады.
– Елбасы Маңғыстау облысының дамуына ерекше көңіл бөледі. Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бірқатар стратегиялық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылды. Қазіргі кезде ол жобалар еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін дамытуға елеулі түрде ықпал етуде, – деді Асқар Мамин.
Ел Президентінің тапсырмаларын орындау аясында өңірде Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру жұмыстары басталды. 67 іс-шара жоспарланған, соның нәтижесінде, 16,3 мың жұмыс орны ашылады.
Кеңесті қорытындылаған Асқар Мамин Маңғыстау облысы Қазақстанның батыс қақпасы екеніне тоқталып, өнеркәсіп және көлік-логистика салаларын, туризмді одан ары дамыту қажетін атап өтті.
Премьер-министр Каспий теңізі жағалауында жаңа жоба салынатын жерде тас қалау рәсіміне қатысты. Аквапарк, спорт алаңдары мен конгресс-холы болатын, 2 000 орынға шақталған 600 нөмірі бар туристік кешенді 2020 жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жобаны іске асыру облыста туризмнің дамуына серпін беруге тиіс. Мұнда 2 000-ға жуық жұмыс орнын ашу көзделген.
Арнайы әзірленген туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Каспий теңізі жағалауы Қазақстанның басымдықты туристік аумақтарының үздік ондығына кіреді. Өңірде жаңа 45 қонақүй кешенін салу үшін жеке инвестициялар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар жұмыс сапары барысында Үкімет жетекшісіне «Ақтау теңіз порты» АЭА аймағында инвестицияларының көлемі 1,8 миллиард доллардан асатын метанол мен олефин өндіру зауытын салу жоспарлары таныстырылды. Жоба импортты алмастыруға бағытталған. Зауытта газ метанолға және басқа да құрауыштарға өңделеді. Осылайша, 40-тан астам өнім шығарылады деп күтілуде.
Елдос СЕНБАЙ