Қазақстан президентіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық штабының мүшелері Алматы облысында халықпен тығыз жұмыс істейтін сала мамандарымен, қоғам белсенділерімен кездесті.
Республикалық штаб мүшелері жиналғандарды кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Құжаттағы басымдықтар халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Тұғырнамадағы сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидалары туралы толыққанды ақпарат берді.
– Осында келе жатып, Бикен Римова атындағы драма театрының әсем ғимаратын, өзге де нысандарды тамашаладым. Мұның бәрі Елбасының дана саясаты арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз. Әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат жыл санап еселеніп келеді, – дейді Мәжіліс депутаты Артур Платонов.
Республикалық қоғамдық штаб мүшелері қатарында Сенат депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов болды. Облыстық қоғамдық штаб басшысы, Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев кандидаттың тұғырнамасына тоқталды. Ал Қарасай аудандық ауруханасының басшысы Максим Стадников кандидаттың алдағы сайлауда көпшіліктің қолдауына ие болатынына сенім білдірді.
Бұл бастамалар талдықорғандық тұрғындар тарапынан қызу қолдау тапты. Жиынға келген 500-дей қатысушы ұстанымдарын «Сабақтастық», «Әділдік», «Өрлеу», «Тоқаев! Nur Оtan! Қазақстан!» ұрандары аясында білдірді.
Айдана БЕГІМ