Сегізінші баласын босанғанына 10 күннен енді асқан Өркен көшесінің тұрғыны Фатима Мамедова бүгінгі нөсерлі жауынның бұл отбасыға едәуір шығын алып келгенін айтады. «Аулаға толып қалған суды көргенде бала-шағамызбен жыладық. Көршілерді көмекке шақырдық. Балаларды киіндіріп жатқанда құдайға шүкір жаңбыр да тоқтады» дейді ол. Жұмыртқа басып жатқан 80 үндік пен қаздар, шөжелері сумен ағып кетіпті. Әсіресе есіктің алдында батпақта өліп жатқан бірнеше шөжені көргенде көңіліміз құлазып қалды. «Мемлекеттен ешқандай да жәрдем алмаймыз. Балаларға берілетін жәрдемақы мен осы құстарды өсіріп нәпақа табатын едік. Мұндай жағдай жыл сайын нөсерлі жауында болып тұрады. Үйіміз әбден ескірген, құлаудың сәл алдында. Қабырғалары ылғалданып, намданып тұрады. Әкімшілікке өтінішпен шыққанымен көмек ала алмаймыз. Карантин кезінде дым болмаса азық-түліктен көмек бермеді» дейді көпбалалы ана.
Тосыннан келген табиғат апатына не дейміз? Дегенмен, бұл зардаптарға «Ленгерка» өзенінің үнемі құл-қоқыстан арылмай жатуы да бірден бір себеп болатыны рас.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі әкімдік тарапынан шығындарды анықтау тобы құрылғанын айтады. Ол тізімге көпбалалы отбасы Мамедовалар ене ме, енбей ме, ол әзірге белгісіз…
P.S.: Төлеби аудандық баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жедел штаб аталған өзен бойындағы Жамбыл көшесіндегі 2 үйге су кіргенін анықтаған. Сонымен қатар Жамбыл, Сейфуллин, Төлеби, Сәулембаев, Таскешу көшелеріндегі 6 сарай мен 16 ауланы, 1 гараж, монша және 1 жазғы асхананы да су шайып өткен.
Одан бөлек, аталған өзен бойындағы Жаңаұйым елді мекеніндегі Бекбауов, Ленгір қаласындағы Қырықбаев, Энергетика, Күмістөбе көшелеріндегі газ құбырына зақым келуіне байланысты 121 тұрғын үй газ жүйесінен уақытша ажыратылған.
«Көктерек» су жинау имаратының жұмысы тоқтатылуы себебінен Ленгір қаласының шығыс бөлігіндегі 3200 абонент «Александровка» су жинау имаратындағы №1, 3 скважиналар арқылы уақытша ауыз сумен қамтамасыз етілуде.
Назгүл НАЗАРБЕК