Үміткер С.Түгелдің сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі – демографияға ерекше көңіл бөлу. Ол еліміздегі ана мен балаға берілетін жәрдемақыны көбейту, көпбалалы аналарды тегін баспанамен қамтамасыз ету, жас отбасыларға жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе деп санайды.
«Отан отбасынан басталады, сіздер отбасыларыңызға ғана емес, еліміздің демографиясына үлес қостыңыздар. Сәбилеріңізді қолға алып, үйге шыққалы тұрған сіздерді осы үлкен қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Балаларыңыз бейбітшілік бесігінде тербеліп, елін сүйетін азамат болып өссін», – деді Сәдібек Түгел.
Аурухананың акушерлік-физиологиялық бөлімінің меңгерушісі Жанар Жарованың айтуынша, 10 жылдан астам облыстың барлық шалғай ауданы мен қаласынан мұнда босанар алдында бұрыннан созылмалы сырқаттары бар аналардың денсаулығын қадағалап, оларға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Бұл перзентхана бөлімінде жылына екі мыңдай бала өмірге келеді әрі бұл көрсеткіш жыл өткен сайын көбейіп келеді.
Кандидат пен оның сенімді өкілдері перзентханада өткен іс-шарадан соң, арнайы қала орталығындағы XX ғасырдағы жазықсыз жаза құрбандарына арналған ескерткішке барып, гүл шоғын қойды.
«Сайлауалды бағдарламамда атап көрсеткен Алашорда идеясының бастауында тұрған алаш ардақтылары Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтар – осы Қарағанды өңірінің перзенттері. Еліміздің азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен талай ұлт зиялылары Карлаг-та отырып, жазықсыз жапа шекті. Болашақ ұрпақ мұндай қайғы-қасірет көрмесін, еліміз алға дамып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен ұрпақ аға буынның ел тәуелсіздігі жолындағы күресі мен қажырлы еңбегін естерінен шығармайды деп сенемін», – деді кандидат.
Айдана БЕГІМ