Кәсіподақтар атынан президент сайлауына түсіп жатқан Аманкелді Таспиховтың аймақтық қоғамдық штабының өкілдері Шымкент қаласындағы Саз колледжі еңбек ұжымымен кездесті. Білім ордасында 446 студент оқиды. Оларға 153 оқытушы және оқыту-шеберлері білім береді.
Мұнда әнші, музыкант сияқты өнер саласының 11 мамандығы бойынша мамандар даярланады. 150 адам қатысқан жиында колледж «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі
төрағасының орынбасары, штаб төрағасының орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Серік Әуесханов үміткердің сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, сайлауға қатысуға және кәсіподақтан ұсынылған үміткерге дауыс беруге шақырды. Кандидат Таспиховтың еңбек жолы мен халық үшін жасаған қамқор істерін баяндап берді.
Кәсіподақтың «Келешек» жастар қанатының мүшелері халыққа насихат парақшалары мен кандидаттың сайлауалды бағдарламасы бар кітапшаларын таратты. Шымшаһардағы орталық саябақ, алаңдар мен аллеяларды аралап, темір жол вокзалы, сауда орталықтары сияқты халық көп шоғырланған орындарда азаматтарды сайлауалды материалдармен таныстырды.
Үміткер Аманкелді Сатыбалдыұлының Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық қоғамдық штабының ұйымдастыруымен тігін цехында сайлауалды кездесу өтті. Жеке кәсіпкер Сапарбек Әбдиевтің киім тігу цехында өткен жиынға 88 адам қатысты. Жүз шақты адамға екі қолға бір күрек ұсынып отырған кәсіпорын түрлі ерлер, әйелдер, балалар киім үлгілерін тігіп, жергілікті нарыққа және еліміздің өзге де аймақтарына тауар жөнелтуде. Кездесуді мекеме басшысы Сапарбек Абдиев ашып, елімізде өтетін сайлаудың маңызын түсіндіріп, әріптестерін дауыс беру құқын тиімді пайдалануға шақырды.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, штаб төрағасының орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Серік Әуесханов үміткердің өмірбаянымен, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Қауіпсіз еңбек жағдайы, жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша үміткер ұсыныстарын ортаға салды.
Айдана БЕГІМ